Жол белгілері бір түнде қалай өзгереді? Избранное

Среда, 01 Июль 2020 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 379 раз

IMG 20200629 234437

Жол белгілері бір түнде қалай өзгереді?

Ал бұл жұмысты тұтас бір бригада түні бойы атқарады. «Южный конкурент» компаниясы – Шымкенттегі жол белгілерін жаңартумен айналысатын мекемелердің бірі. Бұл салада бірнеше жылдан бері жүр. Жуырда осы компанияның бір бригадасының жұмысымен түнделетіп танысып келдік.
Шымкент – жол қозғалысы қым-қуыт қаланың бірі. Үшінші мегаполистегі көлік нөпірі жыл сайын артып келеді. Көбейген көлік саны – жолға қосымша салмақ, яғни, түрлі жол белгілері тозады. Асфальт бетіне сызылған қос жолақ, бөлу жолағы, жолаушылар жолағы секілді белгілер уақыт өте келе көмескіленеді. Міне, біз жұмысымен танысқан бригада мамандары дәл осы сызықтарды қала тұрғындары байқай бермейтін уақытта жаңартып, таңертеңге дейін дайындап отырады.
Мен хабарласқан бригада бұл түні Тәуке хан даңғылы мен Сайрам көшесінің қиылысынан бастап жұмысқа кіріседі екен. Келісілген уақытта уағдаласқан орынға жеттім. Бригада тамақтанып алып, жұмысқа кіріскелі тұр.
Жолақ жаңартып, қайта сызу жұмыстары негізінен түнгі сағат 00:00-ден кейін, көлік қозғалысы барынша азайғанда басталады. Себебі, дәлдік пен ұқыптылықты қажет ететін жұмысқа ешқандай кедергі болмауы тиіс. Дегенмен, ірі қалалардағы қозғалыс толық тоқтамайтынын ескерсек, бригада мамандары көшенің жолақ сызылатын бөлігін ғана жауып, іске кіріседі. Жұмыс аймағы «фишка» аталып кеткен пластик конустармен қоршалып, жүргізушілер көретін жерге арнайы жол белгілері қойылады. Осы тұста айта кету керек, бригададағы жұмысшының кез келгені көліктерге бағыттаушы қызметін де атқара береді. Бұл жолы да Тәуке хан даңғылының басындағы 4 жолақты бөлігінің бір жолағы ғана уақытша жабылып, қиылыстан бұрылған көліктерге бір жолаққа жол сілтенді.
Жалпы, көліктерге арналған жолақты сызу жұмыстары негізінен «Контур» арнайы техникасы арқылы атқарылады. Оны бригада мүшелері өзара трактор деп атайды. Сонымен, жұмыс басталып, «трактор» жолақты сызуға аттанғанда соңынан бір топ жұмысшы ілесіп, жаяу жүріп отырды. Олардың міндеті – жаңа түсіп жатқан жолақтың басына бір-бір фишкадан қойып тұру. Бұл жұмысты ептілікпен әрі жылдамдықпен, тоқтамай жүріп отыратын техникаға ілесе отыру атқару керек. Осылайша бір басталған жұмыс «Контурдың» бөшкесіндегі арнайы бояу таусылып, көзден ұзап кеткенше, келесі ірі көшемен қиылысқа жеткенше жалғасты.
Біраздан кейін қиылыстан бері бұрылған «Трактор» ендігі бағытын кері жалғастырды. Ал көшенің екі басында бұл кезде екі «Газель» көлігі жол қозғалысын жауып тұрады. Себебі, әлі кеппеген жолақтарды көліктер басып өтпеуі тиіс. Бұл уақытта «Контурға» ерген жұмысшылар саны да азая берді. Олар бір-бірлеп жолақ сызылып жатқан үлкен көшенің бойындағы шағын жолдармен қиылыста «күзетке» қала береді. Соңында «трактордың» жүргізушісі мен аппарат операторы ғана қалды.
Жолақ сызуда осы екі азаматқа артылар жауапкершілік мол. Жүргізуші арнайы техниканың тұмсығындағы ұзын темірді төмен түсіріп, ұшындағы «мұртшасы» арқылы ескі жолақтан ауытқымай жүріп тұрса, оператордың негізгі міндеті – қолындағы батырманы дер кезінде басып, арнайы бояуды бұрынғы жолақтың үстіне дәл түсіріп отыру. Бұл жұмыс компрессор арқылы атқарылады. Оңай емес, асқан дәлдік қажет. Әріптестері «Сәке» деп құрметпен атап кеткен маман бұл мамандықты елордадан үйреніп келгенін айтады.
– Бұл салада жүргеніме биыл 13 жыл толыпты. Осыдан он жыл бұрын «Қазавтожолда» істеп жүрген кезімде сол кездегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына жинады барлығымызды. Еліміздің әр өңірінен келген мамандар арнайы техниканың қыр-сырын меңгеріп, жолақ сызуды үйрендік. Содан кейін Шымкентке қайтып келіп, бірер жылда осы мекемеге жұмысқа тұрдым. Мұндай «Контур» техникасы жол белгілерін сызатын мекемелердің екеуінің бірінде жоқ, - дейді Серғали Тоқтамұратұлы.
Айтқандай, арнайы техника қымбат тұрады. 2013 жылы бағасы 76 000 АҚШ доллары тұрған екен. Арнайы бояуды өзі араластырып, өзі шашады. Жұмысын тек мамандар қадағалап отырса болғаны. Оператор мен жүргізуші жолақ сызбас бұрын бояуды әбден тексеріп, үлкен ыдысқа бірнеше рет шашып, жалпағынан түсуін тексеріп алады.
Осы тұста жолақ сызылатын бояуға аздап тоқталсақ. Ол біз ойлағандай аяқ бояу емес. Арнайы екі құрылымды термопластик. Арзан тұрмайды. Араласқанда қоймалжың тартып, бояуға ұқсайды. Жолға жақсы жағылатыны содан. Дегенмен, сәлден кейін қатып, пластикке айналады. Ол үшін құрамына қатырғыш құрылым қосылады. Асфальт бетіне түскен жолақ алдымен резіңке сияқты болып, кейіннен пластикке айналады. Кебу уақыты – ауа райына байланысты 20-30 минут. Сол уақыт аралығында үстінен ештеңе баспауы тиіс. Өкінішке қарай, жұмысшылардың айтуынша, кейбір көлік иелері қойылған белгілерге қарамай, жолақты баса жөнелетін жағдай кейде кездесіп тұрады екен.
Жұмыс оңай емес. Қиындықтың бірі – түнде істелуінде. Түн қараңғысында бекітілген учаскені аяқтап үлгеруі тиіс. Үйлеріне таңертең қайтып, демалады.
– Бірақ, қанша дегенмен, күндізгі ұйқы ұйқы болып жарытпайды, - дейді Серғали Тоқтамұратұлы. – Ал қалаға лауазымды қонақтар келер кезде немесе мерекелер қарсаңында жұмыс көбейіп кетеді. Жолдарды ертерек аяқтау қажет болып жатады. Ондай кезде күндіз кеңседегі арнайы кабинетте 2 сағат демалып алып, қайта жұмысқа шығамыз.
Бізге, қала тұрғындарына көшедегі жолақтың барлығы бірдей көрінетіні рас. Ал жұмысшылардың айтуынша, жолдың бір бағытын 2-3 жолаққа бөліп тұратын контур сызықтарды көлік жиі басатындықтан, олар тез тозады. Өшіп кетеді. Сондықтан, ол жолақтарды әлгі екі компонентті пластикпен жүріп өту керек. Жай бояу тез-ақ жоғалып кетеді екен. Алдымен осы жұмыстар атқарылады. Ал жолдың ортасын бөліп тұратын қос жолақты сирек басылатындықтан, ол ұзаққа жарайды екен. Бұл жолақ жұмыстың ең соңында жаңартылып, «Шмель» аталатын арнайы «Газель» көлігіндегі құрылғы арқылы үстінен жай ғана жарық шағылыстырғыш араластырған ақ бояу жағылып шығады.
Бұл туралы жолақ бір рет жағылып келіп, «Контур» «демалып» тұрған аз уақытта айтылып үлгерді. Бөшкедегі бояу таусылған соң, алдыңғы жағылғандары кеуіп, фишкалар жиналғанша аз уақыт бар. Техниканың жанында үшеуіміз ғанамыз. Қалғандарының барлығы ұзыннан-ұзақ созылған жолақты «күзетіп», әр жерде тұр.
...Аяғымыздың астында – бетіне қылау түспеген қардай әппақ жолақ жатыр. Үстінен басып өтуге де қимайсың. Велосипедімді көтеріп, жолдың арғы бетіне өттім де бригадамен қоштасып, үйге қайттым. Бұл уақытта түнгі сағат 2-ге таяған еді. Таңертең көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді жаңа жолақ күтіп тұрады. Оны шаруамызға асыққан кейбіріміз байқамауымыз да мүмкін...

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.