Мегаполис жолдары жаңарып жатыр Избранное

Пятница, 10 Июль 2020 03:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 492 раз

жол салу 1

Шымкентте карантинге қарамастан құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай саланың бірі – жол салу мен жөндеу.

Үшінші мегаполистегі жол саласын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 418 шақырым жолда, 7 көпірде құрылыс және жөндеу жұмыстары жүруде. Бұл мақсатта 2020 жылға бюджет есебінен 26,9 млрд теңге бағытталған, деп мәлімдеді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері. Оның ішінде 4,8 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінсе, 9,8 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, тағы 12,4 млрд теңге Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында қаралған.

ҚАРЖЫ ТИІМДІ МАҚСАТТА ЖҰМСАЛАДЫ

– Нәтижесінде жыл соңына дейін 240 нысан, 315 шақырым жол, 7 көпір, 1 жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 111 нысандағы құрылыс аяқталған, 116 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Тағы 23 нысанда құрылыс жұмыстары шілде айында басталды, - дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов.
Құрылысы жүріп жатқан нысандардың ішінде 10 нысан қайта құрылады. Олар – 13 шақырым жол мен 3 көпір және 1 оң жақ өткел. Ал 6 нысан күрделі жөнделеді (50 шақырым жол мен 2 көпір). Оның ішінде 2 көпірдің жұмысы Жұмыспен қамту жол картасы арқылы қаржыландырмақ.

 

5555

 

ЖОЛДАР – БАСТЫ НАЗАРДА

Үшінші мегаполисте биыл жалпы ұзындығы 308 шақырым жол салынып, жөнделеді деп жоспарланған. Арасында қала ішіндегі 245 көше де бар. Оған қоса 4 ауданның көшелерін күтіп-ұстау, 112 шақырым топырақ жолға шағал тас төсеу, жол қозғалысын қамтамасыз ету (жол таңбасын сызу, жол қозғалысын реттеу құрылғыларын күтіп-ұстау) жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді.
Жол құрылысы қала әкімінің басты назарында. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов бірнеше рет жол жөндеу және көпірді қайта құру нысандарының басында болып, жұмысты өз қадағалауына алды.
Мердігерлер күзге дейін 414 шақырым жолдың құрылысын толық аяқтайтынын айтады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрхановтың айтуынша, биыл шаһардағы техникалық жағдайы жақсы жолдардың үлесін 60 пайызға жеткізу көзделуде.
– Шымкент қаласы бойынша 414 шақырым жолда құрылыс жүріп, орташа және күрделі жөндеумен қамтылады. Оның ішінде 75 шақырым жол магистральды көшелерге тиесілі екен.
Айта кетейік, қала ішіндегі жолдардың көбісі соңғы рет 2008 жылы жөнделген.

ЖҰМЫСТА – ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАР

Құрылыс жұмыстарындағы биылғы жаңалық – жұмысқа жергілікі тұрғындар көптеп тартылуда. Оның бір себебі – коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантиннің салдарынан шетелден арзан жұмыс күші келмей қалды. Есесіне жергілікті жұмысшылар еңбекке жұмылдырылуда. Аулалардағы балалар алаңшаларын жаңарту болсын, жол салу болсын – барлық жұмысқа жергілікті азаматтар тартылған. Бұл – қуантарлық жағдай.
Мысалы, қаладағы жол жөндеу жұмыстарына Жұмыспен қамту жол картасы аясында 2799 адам жұмылдырылды. Оның ішінде 1399 адам қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған. Бүгінгі таңда осы орталық арқылы 640 адам жұмысқа орналасты.
Қазіргі таңда құрылыс басында 45 мердігер компания жұмыс істеп жүр. Ең бастысы, төселетін асфальттың сапасы жоғары, дейді мамандар.

 

сапаны бақылау 1

 

САПА – БАҚЫЛАУДА

Сапа демекші, салынып жатқан жолдың сапасы үнемі бақылауда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «Жол активтерінің ұлттық сапасы» орталығының қалалық филиалының қатысуымен «Сапалы жол» жобасы қолға алынған. Тексеру жұмыстарына Арнайы мониторинг тобы және «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері де қатысып жүр. Мамандар жол құрылысына мониторинг барысында жылжымалы зертхана арқылы жолдың енін өлшеп, қалыңдығын анықтайды, асфальт-бетон жабынның көлік жүретін бөлігіне сараптама жүргізу үшін сынама алады. Алынған үлгілер арнайы сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде салынып жатқан нысанға тиісті баға беріледі.
«Жол активтерінің ұлттық сапасы» орталығы өкілдерінің айтуынша, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда мердігерлерге олқылықтың орнын толтыру үшін мерзім белгіленеді, содан кейін жол учаскесіне қайта тексеру жүргізіледі.

 

жол салу 2

 

ЖОЛДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкент қаласыдағы ең маңызды құрылыс жүріп жатқан көшелер – Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесі. Республика даңғылының жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болса, ені – 14 метрлік 2 жолақ. Ал Тұрар Рысқұлов көшесінің жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым, ені – 7 метрден екі жолақ.
Республика даңғылын жаңарту жұмыстары барысындағы бір өзгеріс – үлкен даңғылдардың бойындағы суағарларда. Атап айтқанда жолдың шетіндегі жаяу жүргіншілер жолының жанына қосымша веложолақ салынады. Ал оның астындағы алдын ала қазылған терең траншеяға алып құбырлар төселуде. Бұл жаңашылдықты қала әкімі Мұрат Әйтеновке жол құрылысы барысын аралау барысында тағы бір пысықтады.
– Республика даңғылындағы жөндеу жұмысы туралы айтар болсақ, жолдың жүру жолағының бір шетіне су қашырғыш құбырлар, екінші жағына лоток орнатылуда. Құбыр қойған себебіміз, оның үстіне веложол салынады. Ал асфальт жаңбыр суы көбіне лотокқа қарай құйылатын етіп төселеді. Жауын-шашын кезінде су сол арнаға құйылады да, жолды су басу қаупі болмайды. Бұл жүйені Байтұрсынов көшесінде байқап көрдік. Соңғы жауын кезінде жұмысы аяқталмаған екі аумақты қоспағанда жолды су басу жайты болған жоқ,- деді қала әкімі.
Бүгінде Республика даңғылындағы негізгі асфальт төселіп біткен. Қазіргі таңда шағын бригадалар суағар құбырларға асфальттан жиналатын суды бұратын шағын құбырлардың орнын әзірлеп жүр.
– Әр осындай суағар құбыр веложолдың астындағы үлкен құбырға жалғанады. Ал үсті дөңгелектер кіріп кетпейтіндей темір тормен жабылады да асфальттың жоғарғы қабатымен бірдей етіп тегістеледі. Сонда көліктердің жүруіне кедергі болмайды әрі жиналған су төмен қарай құйылады. Жалпы, жауын-шашыннан жиналған су қаладағы өзендерге құйылады, - деді сондай бригаданың жұмысшысы Сәкен аға.
Ал Түркістан көшесінің ені жөндеу жұмыстарының нәтижесінде кеңейеді. Мұндағы құрылыс жалпы ұзындығы 1,8 шақырым жолда жүруде. Нәтижесінде қосымша жауын суы жиналатын құбыр орнатылып, жол бойында жарықтандыру жүйесі, жаяу жүргіншілер жолы және бағдаршам мен аялдама, веложолақтар, арық жүйесі қарастырылған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.