ҚОРҒАНУ КИІМІ, 15 КЕЛІ МОТОР, АУЫР ЕРІТІНДІ арқалаған жігіттер тұрғындар қауіпсіздігі үшін еңбек етуде

Вторник, 14 Июль 2020 18:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2616 раз

vlcsnap-2020-04-22-17h55m13s694

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізілгеннен бері қала көшелерінде арнайы киімде тұрғын үйлерді, қоғамдық көліктер мен аялдамаларды залалсыздандырып жүрген қызметкерлерді жиі көреміз.

Бет-аузы тұмшаланған, арқасына арнайы ерітінді құйылған үлкен «сөмке» арқалағандардың кім екенін көрмегенімізбен жасаған жұмыстары көзге түсіп тұрады. Содан-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жүргенін сезесің. Абай ауданы әкімдігінің бір топ қызметкерімен санитарлық тазалық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанының куәсі болдық.
Жұмыс уақытының басталуына ыңғайлап Абай ауданы әкімдігінің ғимаратына жақындадық. Бізді халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Данайұлы бастаған жауапты мамандар қарсы алды. Бөлім басшысы қаладағы залалсыздандыру жұмыстары туралы жан-жақты әңгімелеп тұрғанда ғимарат алдына екі арнайы техника тоқтады. Кейін бекітілген көп қабатты тұрғын үйдің ауласына жол тарттық. Келген бойда уақыт жоғалтпай бірден іске кірісіп кетті. Бірі дезинфекциялық сұйықтықты арнайы аппаратқа құйып дайындаса, арнайы қорғаныш киімін киген екіншісі ерітінді құйылған ыдыстан дихлормен үйлердің кіреберістерін залалсыздандыруға кірісті.
Бір қызығы арнайы қорғану киімін киіп, 15 келі моторды арқалаған жігіттің бірі заңгер болып шықты. Таңғалдық, таңырқадық. Кім екенін білгіміз келіп, тезірек танысуға асықтық. Өзін Нұрсұлтан Қыдырмын деп таныстырған жігіт «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жолдамамен аудан әкімдігіне тап болыпты. Ол наурыз айынан бері коронавирусқа қарсы дезинфекциялау жұмыстарына атсалысып келеді.
– Былтыр қолыма диплом алып, маман атандым. Бірақ өз салам бойынша жұмысқа орналасудың реті келмеді. Бір жылдай Сайрам ауданындағы бір фирмада жұмыс істедім. Ақпан айында қалалық Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар қатарына тіркеліп, араға екі апта салып жолдама арқылы Абай ауданына келдім. Айлық жалақым – 66 мың теңге. Барға қанағат етемін, – дейді жас маман.
Нұрсұлтанның айтуынша, басында қала тұрғындары олардың жұмысын дұрыс түсінбеген. Түсінбегеннен бұрын қабылдай алмаған. Көбісінде үрей, қорқыныш басым болыпты. «Бізді улап жатыр» деп қорыққан көрінеді. Түрлерін көріп, «Не үшін мұндай киім киіп алған?» деп шошыпты. Сонда олар ерінбей бәріне жағдайды түсіндірген. Кейін келе халықтың көздері үйрене бастаған. Ал бүгінде аула мен тұрғын үйдің алдын залалсыздандырып кетерде алғыс естіп жатады екен. Заңгер жігіт өзінің әсерімен де бөлісті.
– Арнайы қорғаныш киімдерін киіп, барынша сақтық шараларын ұстанамыз. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп болған соң, үнемі айран ішеміз. Ал қорғаныш киіміне тоқталып өтсем, ыңғайсыз. Ішіне мүлдем ауа кірмейді. Екі өкпеңді қысып, қара терге түсіреді. Өзіңді қораптың ішіндегі балық секілді сезінесің. Аквариум болса, бір жөн. Мынау ауа өткізбейтін, артық қимыл жасауға келмейтін қорап сияқты. Дегенмен күнделікті киген соң етіміз үйреніп кеткендей. Ал мынау сөмке етіп арқалаған аппараттың салмағы ауыр. Мотордың өзі 15 кг болса, сұйықтық дәрісі тағы осынша келі шығады. Осылайша, бүкіл әлемді алаңдатқан қауіпті індетпен күрес бір минутқа толастамайды. Коронавирустан ертерек құтылып, бұрынғы өмірге оралсақ деп жүрміз. Замандастарымыздың денінің саулығын тілеймін, - дейді ол.
Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Данайұлы ауданда жалпы 453 көпқабатты тұрғын үй мен 258 аула бар екенін айтты. Екі-екіден бөлінген он бригада аудан аумағына дезинфекция жасайды екен.

 

33


– Біз наурыз айында бастадық. Алғашында әскери қызметкерлер мен жасұландықтар жұмылдырылды. Олар аудан аумағына төрт рет дезинфекция жасады. Ал «Шымкент жасыл қала» тарапынан екі рет санитарлық тазалық жүргізілсе, аудан әкімдігінің қызметкерлерімен бесінші рет залалсыздандыру жұмыстарына шығып отырмыз. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы дезинфекциялық сұйықтықты күнделікті беріп отырады. Күніне шамамен 2,5 тонна дайын дәрі алып себеміз, - дейді Бауыржан Қалмұратов.
Ал Абай ауданы әкімідігінің Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Қанат Керімбеков дезинфекциялық тазалау жұмыстарына кіріспес бұрын үш күн қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында арнайы мамандардан аппараттардың қалай жұмыс істеуін, дәрілерді өз мөлшерінде қосуды үйренгенін айтады. Оның айтуынша дезинфекция құрылғысын бұрын-соңды қолына алып көрген емес.
– Сұйық дәрі адамдардың бет-жүзіне түспеуі керек. Ауладағы ойын алаңшалары мен қоқыс жәшіктеріне, орындықтарға себіледі. Тұрғындарға кепкен соң ғана отыруға кеңес беріледі, - дейді Қанат Шалдарбекұлы.
Біз күнде көріп, кейбіріміз елемей жүрген залалсыздандырушылардың жұмысы ауыр екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Олар да дәрігерлер секілді күні-түні коронавирустық инфекциямен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Қауіпті індеттің алдын алып, тіпті, дерт анықталған ошақты қорықпай залалсыздандырып жүрген мамандардың еңбегін де бағалап, мақтан тұтуымыз керек.