Досан Әлібеков: «Шалғай елдімекендер де интернетпен қамтылады»

Пятница, 21 Август 2020 05:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2398 раз

977f5d5b-1729-4d5e-b497-bfba77349cb4-2

Биыл білім саласы жаңа оқу жылында толық цифрлы жүйеге көшті. Балалардың онлайн режимде білім алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Ол үшін 11 базалық станция орнатылуда. Ол нүктелер қаланың қай бөлігіне қойылады? Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Досан Әлібековпен сұхбаттасып, түйткілді сауалдардың жауабын алдық.

–Досан Биназарұлы, алда мектеп оқушылары мен ұстаздарға жаңа оқу жылы қол бұлғап тұр. Биылғы оқу жылы бұрынғыдан өзгерек болатынын бәріміз де біліп отырмыз. Қашықтан оқу – техника мен технологияға тікелей тәуелді. Онлайн оқу үшін әр үйде интернет байланысы жақсы болуы керек. Осы орайда Шымкент қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?

–Ағымдағы жылдың оқу маусымында балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында қала аумағы бойынша 11 базалық станция орнату орындары айқындалып, қазіргі таңда тиісті жер телімдерінің координаттары белгіленді және мемлекеттік актілері рәсімделді. Сонымен қатар, өзге де құжаттары заңдастырылып, осы аптаның аяғына дейін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі аяқталатын болады. Келесі аптаның соңына дейін байланыс операторлары тарапынан тиісті базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізіліп, нысан толық іске қосылады.

–«Интернетті қайтеді екенбіз?» деп отырған ата-аналар 11 базалық станцияның қай жерлерге орнатылатынын білгісі келеді.

–Қала аумағынан анықталған 11 жер телімі Google maps картасында белгіленген. Олар
Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысы, Қайнарбұлақ шағын ауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда.

–Шалғай елдімекендерде оқитын оқушыларға интернет қаншалықты қолжетімді болмақ?

–Бұл мәселе қала әкімінің қатаң бақылауында. Қаладағы шалғай тұрғын алабтарды қысқа мерзімде сымсыз интернетпен қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Яғни, жеке инвесторларды тарту есебінен антенна-матчталық құрылыстар салынады және ол жерге базалық станциялар орнатылады. Базалық станция орнату мүмкіндігі болмаған жағдайда, қамту аймағын ұлғайту (модернизация) жұмыстары жүргізіледі.
Қала аумағындағы 105 шағынаудан мен тұрғын алаптар интернет желісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде мобильді интернетке – 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына – 49 шағынаудан қол жеткізген.
Бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 90,7 пайызды құрайды. Оның ішінде 98,5 пайызы мобильді кең жолақты байланысқа, ал 21,8 пайызы сымды кең жолақты байланысқа қосылған. Ал, интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80 пайызды, тіркелген интернет абоненттерінің саны 75,5 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, 20 шағынауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алапта мобильді интернет сапасы нашар екенін де атап өтуге тиіспіз.

–Ерте көктемде қала әкімі Мұрат Әйтенов жылдамдығы төмен аймақтарды 100 пайыз жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Шаһардың әрбір тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізуі керек. Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан сапасы төмен елдімекендерге көңіл бөліп, 5G жылдам интернет желісін қолға алуымыз керек» деген еді. Шымкентте ұялы байланыстың нашар аймақтарын, яғни өлі аймақтарды анықтау бойынша министрлікпен жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министірлігінің тиісті мамандарынан құрылған жұмысшы тобының талдауымен шаһардағы интернет сапасы төмен аймақтар анықталып, нәтижесінде қала бойынша қосымша 43 жерге базалық станциялар орнату туралы алдын ала жол картасы әзірленді. Аталған 43 орын бойынша қазіргі таңда Шымкент қаласындағы байланыс операторларымен бірлесіп, нақты жағдайға талдаулар жасалуда.
Байланыс операторларымен келісу тамыз айының аяғына дейін аяқталып, қыркүйек-қазан айларында қосымша базалық станциялар орнатылады немесе белгіленген тәртіптердегі модернизациялау жұмыстары жүргізілетін болады.

– Шымкент қаласы онлайн оқуға қаншалықты дайын?

–Мектептер «Bilim Iand - Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған.
Қала сыртындағы елдімекендерде және білім ұйымдарында интернет жылдамдығын 8 Мб/с – 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту жөнінде арнайы тапсырма беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, мұғалімдер мен оқушыларға заңнамаларда белгіленген тәртіптегі ғаламтор қызметіне қаралған қаржы есебінен «Қазақтелеком» АҚ арқылы интернет желісіне қосылған арнайы «әмбебап-нөмірлер» және қажетті роутерлер берілетін болады.
Қаладағы жалпы 30 колледжде қашықтан оқыту «Smart Nation College» интернет платформасында басталады. Білім беру процесі кезінде педагогикалық, ІТ, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар қашықтан оқытылады.

–Үйге интернет орнатарда қандай байланыс операторының көмегіне жүгінген жөн?

–Шымкент қаласында желілі (кабель арқылы) интернет орнатумен Қазақтелеком, Транстелеком және Картел компаниялары айналысады. Үш оператордың да қызмет көрсету сапасы жақсы.

–Басқарма тарапынан атқарылып жатқан өзге де жобаларға тоқталсаңыз.

–Биыл біз бірнеше жобаның тұсауын кеспекпіз. Оның біріншісі, AR-shymkent – виртуалды шындық. Жобаның мақсаты – қаладағы тарихи жәдігерлер мен маңызды нысандардың, ескерткіштердің жай-күйі, тарихы туралы мағлұматтарды арнайы белгіге смартфон құрылғысын жақындату арқылы көру, танысу.
Одан кейін 2-ГИС жобасы. Бұл жоба бұрыннан бар. Тек толықтырулар енгізіліп, жетілдірілу үстінде. Жобаның мақсаты – қоғамдық көліктер қозғалысын онлайн режимде бақылау. Қазіргі таңда қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан GPS деректері сұратылуда. Аталған деректер дайын болған соң, жоба толық іске қосылады.
Тағы бірі – Тру-Конф жобасы. Онда мемлекеттік қызметшілердің уақытын мейлінше үнемді пайдалану және денсаулығын сақтау үшін оларды жұмыс орнынан қозғалтпай жиналыстар ұйымдастыру көзделген.

–Әңгімеңізге рахмет!

 

unnamed

 

Базалық станцияның орналасатын мекен жайы

1. Нұрсәт-2 шағынауданы Н. Назарбаев даңғылының бойы, мешітке қарама қарсы беттегі көк үйлердің жанындағы автотұрақта;

2. Астана шағынауданы, Арғынбеков көшесінің бойында, Шаяхметов пен Астана даңғылы бойында;

3. Облыстық балалар ауруханасы Айша бибі көшесі, Шахан 2 супер маркетінің ішкі жағы, Балалар ауруханасы мен Назарбеков аллеясының арасында;

4. Тұран шағынауданы. Қайтпас шағын
ауданының жоғарғы жағы Тұран шағын
ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер аралығы;

5. Шымкент сити Шымкент-Алматы тас жолы бойы Асар шағынауданы мен Бозарық айналма жолының аралығында;

6. Шымкент сити, Асар шағынауданы мен Бәйдібек би даңғылының аралығында;

7. Шымкент сити, Шымсити мен Асар шағын ауданының қиылысы;

8. Асар-2 шағынауданы 4-көше, Қайнар бұлақ шағынауданына көтерілген жолдың оң жақ бетінде;

9. Асар шағынауданы, Асар шағын ауданындағы ішкі айналма жолдың жанында;

10. Достық шағынауданы, Шымкент-Алматы тас жолынан Достық шағынауданы бағытына қарай 1 шақырым жерде;

11. Солтүстік-Батыс шағын ауданы, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысы, көпқабатты тұрғын үйлерге қарама-қарсы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.