Версия для печати

Гараждарды стрит–артқа айналдырған суретші Избранное

Пятница, 28 Август 2020 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1764 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте бейнелеу өнерінің стрит-арт жанрында салынған көше суреттері баршылық. Мұндай суреттер Нұрсәт шағынауданы Арғынбеков көшесі бойындағы көшпелі керуеннің картинасынан бастап көпшілік көп жүретін саябақтарда да кездеседі. Әуесқой суретші Вениамин Шульгин гараждарды стрит-артқа айналдырып жүр. Иә, кәдімгі гараждар мен сарайларға, тұрғын үй қабырғаларына акрилл бояуын пайдаланып, қылқаламмен ғажап суреттер салады.

600

 

Вениамин бұл іске пандемия басталған кезде кірісіпті. Оның үстіне осыдан бір жыл бұрын түсінде «10 метрге дейін картина саласың» деген аян беріліпті. 10 метр былай тұрсын, 2 метр ұзындықтағы сурет салуға қорқақтаған кейіпкеріміз ол түсінің мағынасын қазір ұғынғандай. Жалпы, суретшілік оған Құдайдан берілген қасиет. Әйтпесе, ешқандай оқуын оқымаған. Кеңес өкіметінің кезінде Қорғасын зауытында пішіндеуші болып істеген. Кейіннен зауыт жұмысы тоқтағаннан кейін жаңа жұмыс іздеуіне тура келеді. Негізі 12 жасында қолына қылқалам алған ол елу жылдан бері көркемөнерді жанына серік етіп келеді. Тума талант көбіне табиғат пейзаждары мен натюрморт, абстракциялық суреттер салғанды ұнатады.
«Біз бар сана-сезімімізбен коронавирустың уайымына беріліп кеткендейміз. Ұнжырғамыз түсіп, көңілді жүруді ұмытып кеттік. Дүние дүрбелең күйге түсіп, үлкен өзгерістерді бастан кешірудеміз. Көрінбейтін жау әбден қажытты. Алайда, мен осындай қиын жағдайда қала тұрғындарының көңіл-күйін қалай көтерудің жолын таптым», - дейді Шульгин. Иә, оның қабырғалар мен гараждарға салған көше суреттерін өз көзіңізбен көрсеңіз, көңіл сарайыңыз ашылып, жаныңыз жадырап салары сөзсіз.
Ол бізді өзі бейнелеу өнері туындысына айналдырған гараждарға алып барды. Көркемділігі бірінен-бірі өтетін кереметтей картиналар. Бірінде сүп-сүйкімді, топ-томпақ пандалар тымпиып отырса, келесісінде әлемдегі ең қайратты құс колибри қанатын қағып тұр. Үшіншісінде теңіздің жал-жал толқындары көзге елестесе, одан кейін нағыз қазақи ауыл қарсы алғандай күй кештік. Бәрі де жарқын кестеленген көркемөнер туындысы. Ешқайсысы бей-жай қалдырмады.

601


Өзі тұратын аудандағы тұрғын үй аулаларын көркем де көрікті бұрыштарға айналдыруға кез келген адамның пейіл білдірмесі анық. Ал Вениамин олай ойламайды. Оның салған стрит-арттарына жан-жақтан адамдар келіп, арнайы суретке түсіп жатады. Себебі, түрлі-түсті жарқын бояулармен кестеленген картиналар фотоаймаққа ұқсайды.
«Бұл Батыста баяғыда тәжірибеден өтіп қойған. Әрбір шығармашылық адамы өз қаласына, өз ауласына үлес қосуы керек. Әркімнің Абай саябағындағы көрме залына жолы түсе бермеуі мүмкін, ал бұл жерге адамдар күн сайын ешқандай мақсатсыз-ақ, еріксіз топ-тобымен келеді, тамашалайды», – дейді Вениамин.
Шульгиннің көше суреттерінің бояуы ағып кетпейді. Себебі, ол қолданатын акрилл бояуы ондаған жылдарға дейін шыдайды. Кейіпкеріміз бояуларды әбден тәжірибеден өткізіп көріпті. Көктемнің қатты жаңбырларында салған картиналарының мұрты да бұзылмапты.
Ол қылқаламды қолына көтеріңкі көңіл-күйде ғана ұстайды. Басында өз ауласындағы үш гаражды әсемдейді. Кейіннен көршілерінің гараждарын бояп беруге рұқсат сұрайды. Сөйтіп, Шульгиннің шеберлігіне тәнті болған басқа да тұрғындар оған өтінішпен салдыра бастайды. Қазірде бір гаражды 35 мың теңгеге бояйды екен. Карантин кезінде қажетті керек-жарақтары қымбаттап кетіпті. Қол еңбегі тағы бар дегендей. Тапсырыс берушілер өздері қалаған суреттерін салдыратынға ұқсайды.
«Мен кітаптар мен жинақтардан, телефильмдерден, жалпы, жалпақ әлемнен әдемі суреттер көрсем, соны жадыма сақтап жүремін. Кейіннен қылқаламды қолыма алғанда сол картиналардың кейбір сәттерін жұмысыма пайдаланамын», - дейді ол.
Бір гаражды бояуға 4-5 күн уақыт жұмсапты. Шульгинге шабыт келгенде оны тоқтату қиын. Гаражды бейнелеу өнері туындысына айналдыру оңай емес. Себебі, беті біртегіс емес. Одан соң оның айналасын жақсылап тазарту керек.

602


Вениаминнің стрит-арт жұмыстарын сол маңдағы тұрғындардың қолдап, қуаттайтыны көрініп-ақ тұр. Сұхбат барысында жанымыздан өткен әрбір тұрғын оған басын иіп, хал сұрасып жатты. Сурет саларда ауладағы балалардың жаны кіреді екен. Тіпті, кейбір жұмысты көңілді балақайлармен қосылып бірге аяқтапты.
«Карантин кезінде ойымыз бөлініп, бәріміз де бір шаттанып, жасап қалдық. Әсіресе, балаларға жақсы болды» - дейді Гагарин көшесінің тұрғыны Надя Смирнова.
В.Шульгин жәй ғана көше суретшісі. Суретшілер одағына да мүшелікке енбеген. Онысын өзі құп көреді. «Одаққа мүшелікке кіргенімде белгіленген шеңберден шыға алмай, мұндай жетістікке жетпес едім» дейді Вениаминнің өзі әзіл-шыны аралас.
Көше суретшісі осылайша көше суретін салып, карантин кезінде қалалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, екінші жағынан табыс тауып жүр. Қазір коронавирусқа мойын бұруына уақыты жоқ. Себебі, көркем өнерге жаны құштар суретшінің ойында тың идеялар туындап жатыр.
– «Зейнеткерсіз бе?» дедік оның тың да бақуат түр-тұрпатына таңырқай қарап.
– Жасым жүзде. Көңілім жас, - деп жауап берді ол.
Вениамин өзін қазақпын деп есептейді. «Осы жердің ас-суын ішіп өстім, өндім, бұл – менің туған жерім» деп ағынан жарылды. Мәселе ұлтының кім немесе жасының қаншада екендігінде емес, ең бастысы, пандемия кезінде ешкімге қол жаймай, қолынан келетін пайдалы ісімен айналысуында. Тек өзіне емес, қоғамға қозғау салатын осындай азаматтармен көрінбейтін жауды оңай жеңетініміз көңілге сенім ұялатады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.