КОНСТИТУЦИЯ Демократияның түп қазығы, заңдардың қайнар бастауы Избранное

Пятница, 28 Август 2020 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1904 раз

Қоғамды бір жүйе ретінде қарастырсақ, оны реттейтін тәртіптің болуы заңдылық. Адам ағзасын ми басқарса, қоғамдағы қарым-қатынасты жүйелеп отыратын заңдар мен ережелер болады.

618

 

Міне осылардың жиынтығын Конституция құрайды. Яғни Конституция елдің негізгі заңы боп саналады және осыған қарай бүкіл заңдар мен құқықтық нормалар түзіледі. Егер қандай да бір тәртіптік норма Конституция ережесіне сай келмесе ол заң болып есептелмейді.
Мәселен, еліміздің Ата заңында ең алдымен адамның өмір сүру еркіндігіне ерекше басымдық берілген. Демек қабылданатын заңдар да осы құндылыққа еш қайшы келмеуі керек. Керісінше барлық құқықтық нормалар мен ережелер қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын жетілдіруге, олардың қарапайым құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс.

Бұл тұрғыдан алғанда еліміздің Ата заңының адамзат құндылықтарын қорғау жағынан артықшылығы басым. Қоғамдағы қалыптасқан демократиялық институттардың жүйелі қызмет атқаруы Конституцияның кепілдігінің арқасы. Елде атқарушы биліктің, заң шығарушы органның, соттың бір тәртіпте жұмыс істеуі Ата заң белгілеген ереже бойынша іске асуда. Мемлекетте болатын саяси толқулар, қоғамдық тәртіпке бағынбау, жаппай ереуілдер басқа да түрлі тәртіпсіздіктер адам құқығының сақталмауынан келіп шығады. Ал ол Конституциялық нормаларды орындамаудың нәтижесінде туындайтын себеп. Сондықтан әр адам қызметтің немесе жүктелген міндеттің қай деңгейінде болса да Ата заңды басшылыққа алып, соның шеңберінен шықпай өмір сүруге дағдылануы тиіс. Өз елін құрметтейтін, азаматтардың құқығын бәрінен биік қоятын, тәртіпке бағынуды басты құндылық санайтын мемлекеттер нағыз демократиясы дамыған, ой еркіндігі, сөз бостандығы бар ел саналады.
Конституцияны қорғау немесе оның үстемдігін әлсірету мемлекетте өмір сүретін азаматтардың өзіне байланысты. Дегенмен оны жүзеге асырудың өзіндік алғышарттары болады. Соның бірі ел тұрғындарының саяси және құқықтық сауаттануы. Өзінің негізгі құқығын білген адам ешқашан өзгенің басынуына жол бермейді. Кез келген мәселеде қоғам болып бірігіп шешуге әрекет етеді. Ондай бірлігі мығым елді іштен де сырттан да жау ала алмайды. Жеке бас құқығын, саяси еркіндігін шектеуге қарсы тұра білетін мемлекеттің адамдары ғана Конституцияны қызғыштай қорғай алады.
– Көпшілік адам Конституцияны тек заңгерлер үшін қажет деп ойлайды,– дейді М.Әуезов атындағы ОҚУ Парасат басқармасының басшысы
Гүлбақыт Дулатова. – Ал негізінде Конституция азаматтардың еркіндігіне, ар-ожданына кепілдік беретін мемлекеттің басты құжаты болып есептеледі. Сондықтан да құқық мәселесінде Ата заңның нормалары адам баласының барлығына бірдей қажет. Конституцияның қарапайым ережелерін білу жаспен немесе мансаппен өлшенбейді. Сол үшін де Бас құжаттың негізгі қағидаттарын оқып үйрену баршаға парыз. Конституция аясында түзілген нормативті-құқықтық актілердің саны мыңнан асады. Осының барлығын жатқа білу керек демеймін. Бірақ конституциялық мәдениеттілікке талпынуымыз керек. Анығы балаларды жас кезінен Конституцияны құрметтеуге үйретуіміз қажет. Сондықтан конституциялық мәдениеттілік деген пән келешекте мектептің оқыту бағдарламасына арнайы енгізілуі тиіс. Өйткені қарап отырсақ, негізінен адамдар заңбұзушылыққа білімсіздіктен емес, құқықтық мәдениетінің төмендігінен барып жатады. Мәселен, парамен ұсталған түрлі лауазымды тұлғаларды білімсіз деп айта алмайсыз. Кемшілігі оларға конституциялық мәдениеттілік жетпеген. Адам алдымен өзін, сосын айналасындағы жақындарын жақсылыққа шақыруы керек. «Осы мен мәдениетті болсам қоғам түзеліп қала ма?!» деген пессимистік ойда болмау қажет. Қылмыстың барлығы осындай бұрыс пікірдің кесірінен жасалады.
Заңгердің айтуынша қоғамдық дамумен бірге Конституция да өзгеріп отырады. Бұл қарапайым жандарға тосындау көрінгенімен заң тәжірибесінде қалыпты жағдай. Тәуелсіздік тарихында Ата заңымызға бес мәрте өзгертулер енгізілді. Соңғысы өткен жылы бұрынғы Астана қаласының атауын ауыстыруға байланысты орын алды.
–Демократияландырудың түп қазығы – Конституцияда жатыр. Кез келген заң, нормативті-құқықтық актінің қайнар бастауы – Конституциядан келіп шығады. Қазақстан Республикасы Конституциясының басқалардан ерекшелігі біздің Ата заңда Президент, Үкімет, Парламент, Конституциялық кеңес, жергілікті мемлекеттік басқару құзыреттері, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, тіл саясаты, сот және сот төрелігі, меншіктік қатынас және өзге де ереже, талаптар нақты әрі айқын көрсетілген. Кейбір шетелдік конституцияларда ол жалпылама сипат алған. Олармен салыстырғанда қазақ елінің Басты құжатында жүйелілік сипат басым,– деді Гүлбақыт Сейсенбекқызы.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.