АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУЫ Избранное

Среда, 02 Сентябрь 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2079 раз

Биылғы білім күнін Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы өте қуанышты нотада қарсы алды. Себебі, аталған мектепке тамыз айында мамандандырылған мектеп-гимназиясы мәртебесі берілсе, екінші басты жаңалық – білім ошағына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі беріліп отыр.

701

 

Иә, биылғы алғашқы қоңырау, алғашқы қадамдар адамзат тарихында ерекше жазылары сөзсіз. Абай мектебін тұңғыш аттаған 350-ден астам бірінші сынып оқушысы алғашқы қоңырау сыңғырын естіді. Олар оқу жылын ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай А.Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңімен бастады.
Елімізде қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай 16 кезекші сынып арақашықтық пен сақтық шараларын жасай отырып, өздерінің алғашқы сынып сағатын өткізді.
Білім күні мерекесінде сөз алған мектеп директоры Арман Орынбеков оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, оқу-білім жолына сәт-сапар тіледі.
– №90 мектеп-гимназиясы ұлы ақынның есімін иеленбей тұрған кезде де бұрыннан қалыптасқан үрдіс бар. Мектебізде 500 оқушы аптасына бір рет, бейсенбі күні бір мезетте Абайдың қара сөздерін талдайды. Одан бөлек сахналық көрініс көрсетіледі. Біздің мектептің әрбір оқушысы Абайдың қара сөзін жетік біледі, мән-мағынасын ұққан деп сеніммен айта аламын. Биыл үйірме жетекшілері мұндай іс-шараның барлығын қашықтан ұйымдастыратын болады, – дейді Арман Шымбайұлы.
Мектеп-гимназияда қазіргі таңда 3 мыңнан аса оқушы білім алуда. Бұл мектептің бір ерекшелігі – бұрыннан мектепалды даярлық сыныптары өздеріне белгіленген дәптерлерімен бірге әліппені оқып келеді. Биыл да солай болмақ.

702


Ал аталған білім ошағына Абай есімі тектен-тек берілмеген сыңайлы.
– Сегіз жылдың ішінде қала көлемінде ҰБТ-дан орта балл көрсеткіші бойынша бес рет бірінші орын, екі рет екінші орын алдық. Оқушыларымыз грантқа түсу жөнінен де алғашқы үштіктеміз. Былтыр 107,7 орта балмен алғашқы орынға шықтық. 88 оқушының 81-і грантқа түсті. Биыл 70-тен астам оқушы грантқа түсті. Ғылыми-техникалық мүмкіндіктерімізден бөлек, материалдық-техникалық базамызбен де мақтансақ, артықтық етпес. Қала бойынша шөп үстінде хоккей ойнайтын алаңша мен үлкен воллейбол, теннис алаңдары біздің мектебізде ғана бар. Одан бөлек, үлкен спорт алаңының құрылысы аяқталып жатыр, – дейді мектептің жетістіктерімен бөліскен басшы.
Байқағанымыздай, №90 мектеп-гимназиясы еңбек және технология пәнінен де қаладағы білім ұяларының ішінде оқ бойы озық көрініп жүр. Ондағы ұстаздар және оқушылардың қолымен жасалған алып глобус пен географиялық карта, сонымен қатар ағаштан жасалған тайқазан ерекше дүниелер. Мәселен, әлгі глобус таяуда Гиннестің рекордтар кітабына еніпті.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.