ЖАСЫЛ ҚАЛА ЖАСАРУДА саябақтар мен гүлзарлар жаңа кейіпке енді Избранное

Пятница, 04 Сентябрь 2020 04:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 207 раз

Карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін қала тұрғындары қайта жаңарған саябақтар мен гүлзарларда еркін серуендеуде. Жағымды жаңалықты Шымкент қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының мамандары хабарлады.

300

 

Қазіргі таңда бірқатар демалыс орнының құрылысы аяқталып, тұрғындар таза да жинақы, жап-жасыл, жаңарған аймақтарда мезгілдің кереметін тамашалауға мүмкіндік алды.
– Қала аумағындағы биылға жоспарланған саябақтар мен гүлзарларды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Осы аптада Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Іляев көшесінің қиылысындағы және Д.Қонаев даңғылы мен Түркістан көшесінің қиылысындағы гүлзарлар жаңа кейіпке енді. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов аллеясын жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Қазір сахна жанындағы үлкен субұрқақты қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүріп, барлығы 12 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы, ескі тас төсеніштер ауыстырылуда. Аллеядағы құбырлардың ескіруіне байланысты 3500 метрге дейін су құбыры қайта жаңартылуда. Саябаққа заманауи үлгідегі жарықшамдар мен орындықтар қойылып, композициялық мүсіндер жөнделеді. Жаңа ұңғымалар қазылып, ағаш-бұта саны көбейеді. Демалушылардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар аяқталуға таяу. Қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған, – дейді қалалық энергетика және тұрғын үй, коммуналды шаруашылық басқармасының маманы Ерубай Құралбаев.
Дәл қазіргі таңда Әл Фараби алаңындағы орыс драма театрының алдында орналасқан гүлзарды көркейту мен көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Мұнда жаңадан үш субұрқақ орнатылады. Олардың екеуі басты кіреберіс жақта, біреуі Асқаров көшесі бетінде болады. Сонымен қатар мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, алаңның өзі гранит тастармен қоршалады (3 мың шаршы метрге жуық). Аумаққа 639 түп ағаш отырғызылады, оның 534-і – қылқанды, 105-і – жапырақты. Қалалықтар отбасымен жайлы демалуы үшін 40 орындық қойылады және осынша қоқыс жәшігі мен жарықшам орнатылып, жасыл желек арнайы су құбырының көмегімен суарылады. Нысандағы жұмыс күздің алғашқы айында аяқталмақ.

301


Тағы бір нысан – орталық стадиондағы балаларға арналған теміржол станциясына апаратын жолдағы аумақта абаттандыру мамыр айынан бері жүргізіліп келеді. Мұнда тасжол төселіп, аймақты көгалдандыру мақсатында 545 түп ағаш егілу жоспарланған. Қазір аймақ жасыл желекке айналды. Жобада орындық, қоқыс жәшігі, көгал, жарық шамдары мен 46 тренажер орнату жоспарланған. Бұл салауатты өмір салтын ұстанатын қалалықтарға өте ыңғайлы аймақ болады. Өйткені онда жаяу жүргіншілер үшін жол түсіп, балаларға арналған демалыс орындары салынады. Ол да қыркүйек айында ел игілігіне берілмек.

302


Аталған нысандардағы ауқымды жұмысты қалалық энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылық басқармасының тапсырысымен
«ШымкентСпецКомплекс» компаниясы жүзеге асыруда. Ал қосалқы мердігер – «Шымкент жасыл қала».
Осылайша жасыл қала жасарып, саябақтар мен гүлзарлар жаңа кейіпке енуде.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.