«ЖҰЛДЫЗ» – ШЫМКЕНТТІҢ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАРҚЫРАТАТЫН ЖОБА Избранное

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2039 раз

жулдыз

Миллион халқы бар мегаполиске айналған Шымкент бүгінде республикадағы ірі өндірістік орталықтардың  бірі.

Өнеркәсіптің дамуына шаһар маңында орналасқан индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар ерекше ықпал етіп отыр. Өйткені, осы аймақтардан кәсіпорын ашқысы келетін инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, жер телімі тегін беріліп, электр қуаты, газ, су, жол мен темір жол тұйығы секілді инженерлік-инфрақұрылымдық желілер де бюджет есебінен жеткізіледі. Бұл, әрине, кәсіпкерлер үшін зор көмек.
Бүгінде шаһарда «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ондаған кәсіпорындар табысты жұмыс істеп тұр. Осы аймақтарда «Hill» матор майы мен «Бал текстиль» кілемдері сияқты отандық брендтердің қалыптасуы — бұл жобалардың өзін-өзі ақтағанының дәлелі.
Алайда, бұл қос аймақ қаншалықты табысты болғанымен, олардың әлеуеті мегаполис өнеркәсібін одан әрі дамытуға жеткіліксіз. Өйткені, онда жаңа кәсіпорындар саларлық бос жер жоқ. Электр қуаты жетпейді. Газ қысымы төмен. Бұл проблемалар өндірісті дамытуға кедергі келтіреді.

Шымкент қаласының әкімдігі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы 3 жылда жаңадан тағы 2 индустриалды аймақ ашуды қолға алды. Соның бірі — «Жұлдыз» индустриалды аймағы.
Әкімдіктің жоспары ойдағыдай жүзеге асса, бұл өз алдына тұтас бір өндірістік қалашыққа айналатын түрі бар. Индустриалды аймақтың жер көлемінің өзі көп жәйттен хабар береді. Келер 2021 жылдың соңына дейін 110 гектар аумақ игерілсе, 2022 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 230 гектарға дейін ұлғаяды.
«Жұлдыздан» жер алып, кәсіпорын ашқысы келетін ынталы кәсіпкерлер аз емес. Қазірдің өзінде 60 инвестор өз жобасын ұсынған. Олар жалпы соммасы 105 миллиард теңге инвестиция құюға әзір екендіктерін білдіріп отыр. Жобалардың бағыты да саналуан. Жаңа индустриалды аймақта фармацевтика, құрылыс материалдары және жиһаз өндірісімен айналысатын зауыт-фабрикалар көптеп ашылмақ.
Жаңа кәсіпорындардың болашағы мемлекетке салық төлері талассыз. Дегенмен, бұл жобаның елге, халыққа тигізетін ең үлкен пайдасы — жаңа, тұрақты жұмыс орындары. «Жұлдыз» индустриалды аймағында анау-мынау емес, 8 мың жұмыс орны ашылады. Демек, 8 мың отбасының табысы молайып, төлем қабілеті мен тұрмысы түзеледі. Біліктілігі жоғары кәсіби мамандардың үлкен шоғыры қалыптасады. Сөйтіп, Шымкент, Елбасы айтқан, Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай бір қадам жақындай түседі.
Өнеркәсіп — ел экономикасының өзегі десек, «Жұлдыз» индустриалды аймағы Шымкенттің жұлдызын жарқырататын ғажайып жобаға айналары шүбәсіз.