ӘРІ КӨЛІК, ӘРІ СЕРІК Избранное

Среда, 23 Сентябрь 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2201 раз

e46e98d9-0fef-4602-87a0-79c77210a131

Қыркүйектің 22-сі – халықаралық автокөліксіз күн. Көптеген ел тұрғындары бұл күнді атап өтіп, бірі күні бойы автокөліксіз жаяу жүрсе, енді бірі велосипедке ауысады. Велосипед демекші, жыл бойы қажетіне қарай ершіктен түспейтін де адамдар бар. Олар үшін қандай да бір атаулы күннің қажеті жоқ, күнделікті дағдыға айналған.

Себебі, велосипед – қолайлы, ыңғайлы, жай-күй талғамайды. Велосипедке мінсеңіз, көлік кептелісінде қалмайсыз, жанармай мен ақылы тұрақтарға шығындалмайсыз.
Денсаулыққа пайдасы өз алдына бөлек әңгіме. Әлі есімде, әуестене бастаған бала кезде велосипедте ұзақ отыру денсаулыққа, әсіресе, ерлердің денсаулығына зиян деп жиі еститін едік. Дегенмен, соған қарамастан кезінде велосипед айдамаған бала атаулы жоқ шығар. Ол кезде веслоспорттың зияны мен пайдасын түсіндіріп беретін маман қайдан болсын. Ал қазір, интернет дамыған заманда біліп отырмыз, велосипед айдаудың денсаулыққа зиянынан гөрі пайдасы көп екенін. Әсіресе, ер азаматтарға.
Заманауи технология дамып, адам «жалқаулана» бастаған дәуірде белсенді дене қимылы ауадай қажет. Күні бойы кеңседе отырудың зияны көп. Ал осындай отырықшы өмір салтына тап болғандардың барлығында бірдей дене шынықтырып, спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ.
Осындай сәтте ең қолайлысы велосипед деп сенімді айта аламыз. Әрі көлік, әрі шынығу. Велосипед айдаған сәттегі еркін әрі жеңіл сезінуді тіпті автокөлік те бере алмайды.

 

93cae1d8-995d-4d7f-884b-143d148d12d57


Соңғы уақытта қала көшелерінде велосипед айдаушылардың көбейгенін өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Жерлестеріміз, әсіресе, карантин кезінде пайдасын көп көрді. Автобустар мен жеке көліктердің жүруі шектелген шақта велосипедке мініп, өз шаруасымен жүргендер көбейді. Ал шектеу шаралары аяқталып, базарлар мен дүкендер ашылған соң велосипед саудасы күрт өсті. Бір ғана арнайы спорт дүкенінде бағасы 230 мың теңгеден басталатын 8 велосипед бір күнде сатылғанына куә болдық.
Мұның бәрі тұрғындардың велосипедке қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетсе керек. Оның үстіне Шымкентте бірнеше жыл бұрын салынған веложол құрылысы биыл да жалғасуда. Атап айтқанда Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Іляев, Ә.Жангелдин, А.Асқаров, А.Байтұрсынұлы және Түркістан көшелерінің бойындағы веложолақ кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.
Ал қыста жабылып қалған велостанциялар қайта ашылды. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, тұрғындар қыркүйек айының басынан бері осы «Shymkent bike» станцияларынан велосипедті 4 324 рет жалға алған. 100-ге жуық абоненттік карта сатылса, 31 тұрғын өз картасын қайта қалпына келтірген. Ал 39 карта иесі абономент мерзімін ұзартып отыр.
Бұл жоба бойынша мегаполисте жалпы саны 160 велосипеді бар 40 велостанция қарастырылған. Әзірге соның 31-і жұмыс істеп тұр. Қалған 9 станция алдағы уақытта іске қосылады, деп уәде берді жауаптылар.
Қала әкімі алдағы уақытта мегаполистегі веложеліні одан әрі дамыту жоспарланып отырғанын айтты. Осы мақсатта даниялық «Copenhagenize Design Co.» компаниясымен бірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданған. Оған сәйкес, қалада веложеліні толық жетілдіріп, тұрғындардың пайдалануына ыңғайлы ету үшін 1500 велосипеді бар 200 велостанция салу қажеттігі анықталған.
Осы тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылға қарай Шымкентте 110 шақырым веложол болады, деп уәде береді жауаптылар. Қазіргі таңда оның жалпы ұзындығы – 20 шақырым.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.