Таза қала таза ауладан басталады Избранное

Пятница, 25 Сентябрь 2020 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2584 раз

 DSC1512

«Астана – бұл, алдымен, адамдар. Астана адамының жан дүниесі ерекше, мәдениеті жоғары, мінсіз білімді әрі тәрбиелі болуы керек.

Бұның бәрі бала кезден тәрбиеленуі қажет. Біз балаларымызды ағашты сындырмауға, көшені ластамауға, өз қаласын мәпелеп-күтуге, тазалықты сақтауға тәрбиелеуіміз керек. Әр тұрғынның өз қаласына деген сыйластық, сүйіспеншілік рухын дәріптеу қажет. Астана өз тұрғындарының ішкі мәдениеті мен асқақ рухының, білімінің, сұлулығының арқасында нағыз елордаға айналады» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Әрине, Ұлт көшбасшысының бұл сөзі тек бас қалаға ғана тиісті айтылған сөз деп түсінбеуіміз керек. Біздің әрбіріміз өзіміздің қаламызды астанадай құрметтеп, бас қаладай бағалай білуіміз керек. Еліміздің үшінші мегаполисіне айналған Шымшаһар да біз үшін ең көркем, ең еңселі, ең шырайлы
Мысар шаһарындай сезіледі. Сондықтан оның табалдырығынан басталатын тазалық пен көркемдіктің келбетіне әрбіріміз жауаптымыз. Өйткені туған қалаға деген сүйіспеншілік ұқыптылыққа да, тәртіп пен мәдениетке де тәрбиелейді. Осы ретте
Республика даңғылындағы №№20 және 20 А үйдің аулаларына енсеңіз, сұлу бір әлемге тап болғандай сезінесіз. Экологиялық баққа бергісіз көгалда раушан, лалагүл, құлқайыр, балқарағай, терек секілді түрлі ағаш пен гүлдің исі аңқып тұрады. Раушан гүлдері маңайға әсемдік сыйласа, альбицияның жұпар исі француз әтіріндей әсер береді.
Көрген адам сүйсінетін орынның өзіндік тарихы да бар. Алғашқыда қараусыз қалған жерге ағаш егу, гүл өсіру оңай болған жоқ. Дегенмен, тұрғындардың белсенділігінің нәтижесінде әдемі әлем, тұрғындар үшін жайлы мекен жасалды. Әсіресе, №20 А үйдің тұрғыны Софья Порхомцеваның еңбегі зор. Ол сирек кездесетін өсімдіктің түр-түрін өсіреді. Бүгінде альбиция бес қабатты үйдің биіктігімен таласады. Артынша гортензия, жұпаргүл, итмұрын, қарағаш екті. Әуесқой бағбан соңғы уақытта қарағаш композициясын жасауға қызығып жүр. Өткен жылдың соңында бұл жерге балалар алаңы салынғанына қарамастан бұл орын қаз-қалпында сақталып қалды.
«Сол кезде біз өзіміз қолдан жасаған баққа зиян келмес үшін кезекші болдық, – дейді С.Порхомцева. - Тек екі ағашымызға зиян келді. Көрші аулада ойын алаңы болғанымен, балалар мұнда жиі келеді. Ойынның қызығына берілген бүлдіршіндердің осы көрікті орыннан кеткісі келмейді. Балақайлардың шат күлкісін көріп, рухани ләззат аламыз».
Софья апайдың экологиялық бақты көркейту жөнінде жоспары көп. Енді ол мәңгілік жасыл немесе қыста да гүлдеп тұратын тал егуді қалайды. Жыл бойы бақтың жасыл күйінде тұрғанын армандайды. Зейнеткер ай сайын көшет сатып алатын көрінеді. Алайда белгісіз біреулер ағашын қазып алып кетеді екен.
«Өкініштісі, көшетті шілдеде ұрлап кетіпті. Талды бойын тіктегенше өсіру оңай емес», – дейді ол.
С.Порхомцеваның сөзін көршісі З.Волкова да қуаттады. Медицина саласының маманы Зинаида Василийқызы экологиялық бақтан көңіліне жайлылық табады. Әжей жасы 80-ге келгеніне қарамастан тың. Ерте тұрып, жасыл желектер мен гүлдерді суарады. Өзінің ұзақ жасау сырын еңбексүйгіштігімен байланыстырады. Семейдің тумасы Шымкенттің жасыл табиғатына ғашық. Егде тартқанымен, идеясы көп. Бірде интернеттен ағаш тамырынан жасалған парк туралы оқиды. Ауланы абаттандыру кезінде жұмысшылар ескі ағаш түбірлерін қалдырып кетеді. Зейнеткердің ойына оқыған ақпарат түседі. Сөйтіп бос жатқан ағаштардың түбірін кәдеге жаратады. Жан-жағын қашап, бояйды. Ол отыруға ыңғайлы орын болып шықты. Мұнан бөлек, ескі көлік доңғалақтарынан гүл салатын ваза мен қауашақ жасайды.
Бір қызығы, Зинаида Василийқызы бақпен шектеліп отырған жоқ. Былтыр үйдің қасбетіне арнайы саздан дельфиннің мүсінін құйды.
Жан қалауымен шұғылданған жандардың бос уақыты жоқ. Саяжайы болмаса да күні бойы еңбек терапиясымен айналысады. Қала тазалығына осылайша үлес қосып, жақсы істің бастамашысы болған жандарды қалай мақтасақ та жарасады. Өйткені таза қала таза ауладан басталады емес пе?!

 
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.