ЦИРК ТУРАЛЫ ТЕҢДЕССІЗ ТЕЛЕСЕРИАЛ Избранное

Среда, 14 Октябрь 2020 03:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 716 раз

«Манеж» Бұл – Цирк туралы сериал. 1 серия, 1 кадр, 1 дубль!

...Циркте қызық болыпты. Ондағы сахна сыртынан тыс кадрлар да күлкіге қарқ қылып жатады. Жұмыс күнінің бірінде сағат 9:00-дегі жиналысқа кешікпеу үшін жылан жаттықтыратын кісі асығып, такси ұстайды. Бар ойы жиналыстан кешікпеу болған ол жыланын чемоданымен бірге таксиде ұмытып кетеді. Ол таксиге отырған келесі бір адам «Мынау не?» деп чемоданды ашып көрсе, ішінен жылан шығады. Таксист те, әлгі жолаушы да жалма-жан тұра қашады. Ал цирк маманының қаперінде ештеңе жоқ, кешікпей келгеніне мәз болып, ғимаратқа кірсе, кассадағы әйелдің «осы билеті жоқтар жылан құсап сусылдап кіріп кетеді» деген сөзін естігенде барып «Жыланы-ы-ым!» деп далаға атып шығады. Содан ақыры «жыланымды жоғалтып алдым» деп радио-телеарнаға да хабарлама берген ғой... Бұл – «Манежде» көрсетілетін бір эпизод қана.

500

 

«Номад», «Ертұғырыл», «Мулан» фильмдерінде қазақтың жігіттері аттың құлағында ойнап, Голливудты таңғалдырған. «Шымкент-Цирктегі» шабандоз өнері бөлімінің жетекшісі Қалқаман
Дүйсеқұлов – әлемдік кинотуындыларда каскадерлік өнерімен тәнті етіп жүрген азамат. Ал Қазақстанда әйел аң үйретуші болмады емес, болды. Бірақ, қазақтан шыққан аң жаттықтыратын тұңғыш бұрымды Жанат Қалметованың ақырған арыстандарды өзіне бағындырып, оларды цирктің сүйкімді кейіпкеріне айналдырып жүргені де баса назар аударып айтуға тұрарлық. Жалпы, «бізде кәсіби цирк жоқ» дегендер қатты қателеседі. Әлемдік цирк ұжымдарымен иық тірестіріп, таңғажайып нөмірлер қойып жүрген «Шымкент-Цирк» мекемесі әр жаңа бағдарламасымен көрерменін таң-тамаша етіп келеді. Әсілі, Ұлы дала елінде цирк өнерін насихаттау кенжелеу қалып жүргені жасырын емес. Көп адамдарда цирк балалар көретін жанр деген немқұрайлылық бар. Цирк десе, мектеп пен балабақшаларды аралап, көркемдік деңгейі төмен, 2-3 адам біріккен ұсақ фокус көрсететін топ елестейді. Ал кәсіби цирктің деңгейі тіпті бөлек. Бұл – отбасымен бірге тамашалайтын өнер.

501


Міне, осыны нысанаға алған «Шымкент-Цирк» МКҚК мен «САҚ» киностудиясы керемет шығармашылық тандем құрыпты. Қос шығармашылық ұжым республикада алғаш болып цирктің күнделікті тыныс-тіршілігін көрсететін ірі танымдық көркем фильм жобасын қолға алған. 25 минуттан тұратын 10 сериялы бұл туындыда әртістердің төккен тері, ғажайыптар құпиясы және ерекше нөмірлер көрсетіледі. Көрермен республикадағы үшінші кәсіби цирктің құрылуын, қалыптасуын, өсіп-дамуын, сондай-ақ, жастарды цирк өнеріне тартып, баулуды, аңдармен жұмыс істеу өнерін, жыртқыш аңдарға, мысалы, арыстандарға кімдердің ет беретінін, техникалық жұмысшылардың ішкі ойлары, олардың аттарға шөп салып, тәлімбағын тазалап жүргені, т.б. қызық оқиғаларды тамашалайды. Экранның бер жағынан көретіндердің сұранысына да осы ішті пыстырмайтын туындылар сай келсе керек. Әйтпесе, сәкінің үстінде отырып-ақ телесериал түсіре беретіндер бар ғой.

502


Иә, таңдаулы туынды «Манеждің» мәнін келтіріп жүрген «Сақ» киностудиясының режиссері, идея генераторы, сценарист, бас кеңесші
Батырхан Дәуренбеков манеждегі қиындықтарға қарамай, кейбір кемшін тұстарды елемей, әрдайым көрерменге көтеріңкі көңіл сыйлайтын цирк әртістері туралы «Менің атым Клоун» деген кино түсіруді бұрыннан ойлап жүрген екен. Ал бұл – «Шымкент-Цирк» директоры Арман Әлиевтің де көптен бергі арманы. Екеуі ақылдаса келе көрерменнің цирк өнеріне деген танымын тереңдететін, әр нөмірдің қызығы мен қиыншылығының арақатынасын ажырата алатын, жастардың бойында циркке деген мақтаныш сезімін орнататын «Манежді» түсіруге бел байлапты.
– Түсірілімдер «Шымкент-Циркте» және қаланың көрікті жерлерінде ұйымдастырылып, әртістердің өнерін көрсететін кадрлар пайдаланылады. Бүгінде күнгейде кино түсіру қатты дамып келеді. Киногерлер Алматыдан арнайы келіп, фильм түсіруде. Себебі, біздің қаламыз кино түсіруге өте ыңғайлы жер. Табиғатымыз, өзен-көліміз бар, бар жағынан әдемі. 9 ай жаз. Жадыраған жазымыз да, әппақ қысымыз да, алтын күзіміз де керемет. Көктемде қызғалдақтар құлпырып кетеді. Бір сөзбен, локацияға таптырмайтын жер,- дейді Б.Дәуренбеков.
Жобаның ерекшелігі фильм түсіруші авторлар мен қатысушылардың жалаң энтузиазміне құрылғанында.
– Әзірге пилоттық жоба. Өз қаржымызбен түсіріп жатырмыз. «Шымкент-Цирктің» насихаты осы фильм арқылы күшейеді деп ойлаймыз. Егер көрермен тарапынан сұраныс болып жатса, ары қарай 80 серияға дейін түсіру жоспарда бар. Бірінші «Сақ» киностудиясы мен «Шымкент-Цирктің» ютуб арналарынан көрсетіледі. Одан кейін республикалық, халықаралық телеарналардың үлкен экранынан көрсететін боламыз, - дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нүриддин Паттеев.
Дегенмен, кинокартинаны түсіру барысында көптеген техникалық қиындықтар да орын алып жатқан көрінеді. «Алғашқы екі сериясын Жаңа жылға дейін түсірсек пе деп жатырмыз. Өйткені, техникалық қиындықтар көп. Бір ғана арыстанның жәй дайындық жұмысын түсірудің өзіне екі күн уақыт кетті. Оператор тордың ішіне кіре алмайды. Камераны төбесіне қойсақ, аң патшасының ойы бөлініп кетеді. Ілініп түсіріп көрді. Жануарлар аспанға қарап, «ет екен» деп секіріп, үркіп жатыр. Сондай қиындықтар бар. Бірақ, шығармашылық топ пен әртістер «Манеждің» түсірілімдеріне асқан қызығушылықпен кіріскен», - дейді Арман Әлиев.

503


Қос шығармашылық ұжымның өзара ынтымақтастығын айқындайтын жоба қазақ мемлекеттік циркіне – 50 жыл, «Шымкент-Цирк» мекемесіне 10 жыл толуына орайластырылған. Фильмге 100-ге жуық актер қатысуда. Қазақ кино өнерінің тарихында бұрын-соңды болмаған цирк туралы түсіріліп жатқан «Манежді» біз де асыға күтеміз!

Последнее изменение Среда, 14 Октябрь 2020 03:52
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.