Аллея абаттандырылса, айып па? Избранное

Среда, 14 Октябрь 2020 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 318 раз

Біраз уақыттан бері әлеуметтік желіде Шымкенттегі Шәмші аллеясы туралы әртүрлі ақпарат кеңінен тарады. Гүлзардағы күрделі жөндеу жұмысы жөнінде қала тұрғындарының пікірі екіге жарылды.

504

 

Кейбір тұрғындар сазгердің 90 жылдық мерейтойына аллеяның жаңарғанын құптаса, енді біреулері «Шымкентте тозығы жетіп, жөндеу көрмеген өзге демалыс орындарын неге ретке келтірмеске?!» деп қарсылық білдірді. Сол-ақ екен, абаттандыру жұмысын жүргізген қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы сынға қалды. Түрлі қауесет пен болжамға көріктендіру бөлімінің де айтатын уәжі бар.
Бөлімнің бас маманы Ерубай Құралбаевтың мәлімдеуінше, 2006 жылы бой көтерген гүлзардың орталық бөлігіне 2011 жылы демеушілердің қолдауымен сахна, жаяу жүргіншілер алаңы мен жұлдыздар аллеясы салынды. Зерделеу нәтижесінде жүргіншілер жолының 80 пайыздан астамы жарамсыз күйге түскені анықталған. Мұнан бөлек, сахна маңындағы субұрқақ жабындары, темір бүріккіштері шіріген. Жасыл желекті суару жүйелері тозған. Түнгі жарық шамдарының жер астындағы кабельдері үзілген. Сол себепті 2019 жылы аллеяны абаттандыру бойынша құжат әзірленген. Жоба құны 207 миллион теңге болып бағаланды. Бұл қаражат «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Ақшаның жоқ кезінде жаңа аллеяны бұзып, қайта салды деген түсінік болмауы тиіс. Бұл қаржыны бөлудегі түпкі мақсат – жергілікті жерде жұмыс орындарын ашу» деген болатын.
Қазіргі таңда «Шәмші әлемі» аллеясын бас мердігер «Шымкент спец комплекс» компаниясы күрделі жөндеуден өткізуде. Жоспар бойынша гүлзардың 11197 шаршы метріне қайтадан тротуар салынған. 1235 м үлкен гранитті, 5067 шаршы метр тротуар жиегіне шағын бордюрлер орнатылған. Ал 16107 шаршы метрге көгал егілген. Мұнан бөлек, 135 дана жарықшам, 63 дана орындық, 63 дана қоқыс жәшігі қойылды. Сондай-ақ, субұрқақ жаңартылып, сырты гранитпен қапталған. Суару жүйелері алмастырылып, көркейту элементтері орнатылған.

505


Дегенмен, қала тұрғыны Жанат Қараманованың қала әкімдігіне өкпесі қара қазандай. «Аллея шымкенттіктерге қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Көзді ашып-жұмғанша қазан айы да өтіп барады. Ал құрылыс жұмысы әлі біткен жоқ. Сонша уақыттан бері бітпейтін не деген көркейту», - дейді ол. Бұл тек оның емес, көптің көкейіндегі сауал екені сөзсіз. Нысанның іске қосылу мерзімінің кешігу себебін Е.Құралбаев түсіндіріп берді: «Себебі жобаға енгізілмеген жұмыстар да атқарылған. Оның барлығы мердігер компанияның есебінен жүргізілді». Қазір аумақтағы абаттандыру жұмысы тоқтап тұр. Алдымен аллеядағы сахна жөнделуі тиіс. Содан соң аллеядағы жұмыс толығымен аяқталмақ. Осы ретте гүлзар жөндеу ескерткіш пен аллея маңына ғана жасалу керек еді. Кейін толығымен абаттандыру жұмыстары жүреді.
– Біз аталған маңайды ғана жасасақ деп ойлағанбыз. Бірақ қалалықтар келетін жолдарды да жөндеу керек болды. Сөйтіп жолдың барлығын жаңартуға тура келді. Құрылыс жұмыстарының сапасымен қала әкімі Мұрат Әйтенов танысып шықты. Жалпы, халық көп пайдаланатын аумақты бітіріп қойдық. Тек аллеяның шығыс бөлігіндегі сахнаның айналасы ғана қалды, - дейді бас маман.
– Гүлзардың салынғанына біраз уақыт болды. 10 жыл аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек еді. Аллея бұрын базар орнында салынғандықтан, көркейту жұмыстарына қиындық тудыратын. Мәселен, қолдан топырақ ауыстырылып, газон егілетін. Бұл жолы кездесетін мәселелердің біразы шешімін тапты, - дейді «Шымкент Жасыл қала» ЖШС директорының орынбасары Назира Ибрагимқызы.
Биыл қалада демалыс орындарының біразы жаңарды. Тоз-тозы шыққан көшелер жөнделуде. Олай болса, ақша жоқта бюджет қаржысын оңды-солды жұмсады дегендерге айтарымыз: Шәмші әлемі қайта жаңарып жатса, несі айып?! Қалалықтар сүйікті орнын жаңа кейіпте қарсы алса, жаман ба?! Жаңалықты жылы қабылдап, жағымды іске қолдау білдірген абзал болар, негізі...

Последнее изменение Среда, 14 Октябрь 2020 09:01
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.