Версия для печати

Нарықты билеген «Shymkent Bus» енді үлесімен бөліседі Избранное

Среда, 14 Октябрь 2020 03:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1540 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету,
халық үніне құлақ асатын мемлекет құру ісін жеделдету туралы тапсырма берген еді.

508

 

Осыған орай мемлекеттік басқару ісінде қағазбастылық азайып, халыққа қажет ақпараттар ұсыну бағытында ашықтық қалыптасып келеді. Мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, деңгейін көтеру мақсатында Президент тапсырмасына сай бүгінде тиісті реформалар жүзеге асуда. Соның бір айғағы ретінде Шымкент қаласы бойынша монополияға қарсы департаментінің қолға алған игі бастамасын атап өтуге болады. Бұдан былай шағын және орта кәсіпкерліктің нарықтағы құқығын қорғайтын, монополиямен күресетін мекеме әр жұма сайын «OpenSpace» тәртібінде жиын өткізіп тұрмақ. Онда жергілікті атқарушы биліктің, мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ, тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен онлайн режимде басқосулар ұйымдастырылады, тараптар бәсекелестікті қорғау тақырыбында пікір алмасады.
Таяуда, монополияға қарсы департамент ұйымдастырған «OpenSpace», яғни «ашық алаң» шеңберіндегі алғашқы басқосуы өтті. Жиынның күн тәртібінде қоғамдық көлік нарығындағы бәсекелестікті қорғау және автобус парктерін техникалық тұрғыдан жаңарту мәселесі көтерілді.
Департамент мамандарының айтуынша, қаланың қоғамдық көлік саласында да өзіндік проблемалар баршылық. Мұнда да шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тежеу болатын тұстар көп. Айталық, бүгінде қоғамдық көлік нарығында «Shymkent Bus» компаниясы тұрғындарды автобустармен тасымалдау үлесінің 44 пайызын иемденіп отыр. Сарапшылар монополияға қарсы заң талаптары бойынша бұл үлесті көп дейді. Акциясының 42 пайызы «Shymkent» ӘКК АҚ-ға тиесілі аталмыш кәсіпкерлік нысанына қаладағы қоғамдық көлік тасымалының 6 бағыты берілген. Алайда, бұл тасымал нарығында әділ бәсекелестіктің дамуына нұқсан келтіріп, соның салдарынан көптеген жекеменшік шағын тасымалдаушы компаниялар шығынға ұшырап, жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Департамент мамандарының сөзінше, қазіргі таңда қоғамдық тасымал нарығында әділ бәсекелестікті қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Соның бірі – шағын жолаушы тасымалдаушы компаниялардың бизнесін жүргізу, рентабельдігін асыру. Осы мақсатқа орай Шымкент қалалық әкімдігімен бірлесіп, жекеменшік фирмаларға жаңа автобустар сатып алуға ыңғайлы жағдай туғызу жағы қарастырылуда. Ол, мәселен, жаңа автобустарға қол жеткізу үшін арнайы бөлінген пайыздық үстемесі төмен несие болуы мүмкін. Қалай болғанда да департамент жолаушы тасымалдау нарығында үлестің теңдей бөлінуіне, бір ғана монополистің нарықты билеп-төстеуіне жол бермеуге күш салмақ.
Нарықта қандай да бір кәсіпкерлік нысанын жалғыз монополист ретінде алға шығару – нарық заңдылығына қайшы. Сондықтан Президент биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытудың бір шарты есебінде нарықты монополистік үстемдіктен арылту жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма жүктеді. Онда Мемлекет басшысы: «Бәсекелестік саясаттың маңызы артып келеді. Бәсекелестік ортаны шынайы түрлендіру қажет, әр кәсіпкерге шын мәнісінде теңдей мүмкіндіктер туғызып, нарықты монополияландыруды қою керек. Жасыратын несі бар, көптеген нарық сұраныстары нарықтық емес тәсілдермен жаулап алынған. Кәсіпкерлер нарыққа бас сұға алмайды, кірген күннің өзінде жеке монополистерге бағынуға мәжбүр. Мемлекеттік, жеке монополистік ойыншылардың мәселесін шешіп алу керек. Нақты ережелер қабылдау қажет: олар қандай жағдайда, қай мазмұнда құрылуы тиіс. Тапқан табыс қалай жұмсалады. Мұнда қатаң қоғамдық бақылау болуы керек» деді.
Қоғамдық көлік жағдайын талқылауға арналған жиын барысында, жоғарыда айтылғандай, кәсіпкерлік субъектілерін субсидиялаудағы теңсіздіктер, қоғамдық көліктердің қозғалу бағытын реттеу, автобус парктерінің иелеріне жаңа қоғамдық көліктерді тиімді шарттармен сатып әперу, жаңа бағыттар енгізу жайлы жоспарлар түзіліп, мәселелер қозғалды.
Қорыта келгенде жолаушыларды қоғамдық көліктермен тасымалдау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу туралы ұсыныстар тиісті органға жолданатын болды. Қабылданған шаралардың ішінде автобустардың жүру бағыттарын бекіту кезінде олардың бір-бірімен қабаттасып қалмауын қадағалау, соған қарамастан, бәсекелестік ортаны сақтау, нарық субъектілері арасында бағыттарды әділ де тиімді бөлу, «Shymkent» ӘКК АҚ сатып алған автобустарды көлік парктерінің иелеріне тиімді шарттармен беру секілді ұсыныс, жоспарлар бар.
Жиын соңында департамент мамандары қала тұрғындарын мемлекеттік маңызды мәселе немесе басқа да қоғамдық проблемалар бойынша мекеменің 53-72-82, 53-42-68 телефон нөмірлеріне хабарласып, пікір білдіруге шақырды. Сондай-ақ, монополияға қарсы департаменттің жиынына Zoom қосымшасы арқылы да қатысуға болады. Алдағы бейнеконференция тақырыптарының кестесі департаменттің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған.