Екінші толқын есігімізден еніп тұр. Сақтанайық!.. Избранное

Среда, 21 Октябрь 2020 04:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 208 раз

Қазақпарат агентігінің мәлімдеуінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 38 млн. адамға жетіпті. 1,1 млн. науқас осы індеттен көз жұмған. 70 мың науқастың халі ауыр күйде. Оның себебін сарапшылар пандемияның күзгі толқынымен байланыстырады. Ал аурудың өршуіне сол бұрынғыдай адамдардың санитарлық талаптарға немқұрайлы қарауы түрткі болған. Халық індет саябырсығанға босаңсып, қауіп-қатердің барын ұмытып кетті. Баяғыша түрлі жиын-басқосулар өткізіп, әлеуметтік арақашықтық сақтау дегенді естен шығарды дейді мамандар.

713

 

Жағдайдың ушығып бара жатқанына байланысты әлем елдерінің Үкіметі экономикалық тұрғыда тиімсіздікке қарамастан карантиндік режимді қайта күшейтуге мәжбүр болып отыр. Егер санитарлық талап қатаң сақталмаса, адамдар автобуста, қоғамдық орындарда бетперде тағып жүруді қойса, жасырын той-томалақ, көңілді басқосулар өткізе берсе, түннің бір уағына шейін дүкендер, көңіл көтеру орындары жасырын түрде жұмыс істеуін тоқтатпаса, біздің елде де қатаң карантиндік режим қайта орын алуы мүмкін. Сондықтан эпидемиолог мамандар көктемгі карантинде үйреншікті әдетке айналған қарапайым санитарлық нормаларды сақтап жүруге кеңес береді.
Ковид-19 ауруына қарсы бүгінгі таңда нақты ем жоқ. Ол сонымен бірге бір рет ауырған адамның организмде қайтадан ауру тудыруы мүмкін. Яғни, осы аурудан емделіп шыққан адамның бойында коронаривуске қарсы тұрақты иммунитет қалыптаспайды. Мәселен, lancet журналында жарияланған мақалада АҚШ-тың Невада штатында бір тұрғын ковид-19 ауруымен көктемде және жазда екі рет ауырып шыққаны туралы айтылады. Иә, қазіргі таңда оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен мамандар осы мысалға қарап коронавирустен организмде иммунитет пайда болады деген болжамдарға күдік келтіріп отыр. Өйткені екінші ретінде ауру өте ауыр жағдайда өткен. Тіпті өкпеге ауа жетіспегендіктен науқасты шұғыл түрде аурухана жатқызуға тура келген. Әйтпесе мұның алдында оның дені сау болған, ешқандай қосымша ауруы, созылмалы дерті болмаған. Ол осы белгілеріне қарай ковидке шалдығуға бейім келетін адамдар тобына кірмеген. Бірақ белгісіз себептермен екінші мәрте тағы ауырып қалды.
Вирустар кодының гендік анализдерін салыстыру арқылы алынған мәліметтерге қарағанда бұл жағдайда науқаста коронавирус індеті қайта қозбаған, керісінше екінші мәрте қайтадан жұқтыру оқиғасы орын алған.
–Осы жағдайдан кейінгі зерттеулерден анық болғандай коронавируспен ауырып шыққан адам екінші мәрте ауруды жұқтырып алмайды дегенге ешқандай кепіл жоқ, – дейді Невада штаты университетінің докторы Марк Пандори.
Індетті екінші толқынға жеткізбеу мақсатында қазіргі таңда Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жұмыс қарқынын күшейткен. Аталмыш мекеменің бөлім басшысы Майра Қарақұлованың мәлімдеуінше, қазіргі таңда СЭС мамандары қалалық полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, 16 мобильді топ құрған. Олар өз кезегінде қаулыға сәйкес жұмысын қайта бастаған сауда, білім беру, қоғамдық тамақтану, халыққа қызмет көрсету секілді ұйымдардың қызметтеріне бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізуде. М.Қарақұлованың айтуынша, заң талаптарына қарамастан адамдар көзден таса жерде той-тоймалақ өткізуді жалғастырып жатыр. Аурудың өршіп кетуіне себеп болып отырған жағдайлардың ішіндегі ең қауіптісі осындай көпшілік орындардағы басқосулар екен. Сондықтан әлі кеш болмай тұрғанда халық әрекетін ақылға жеңдіріп, індет қашан толық қайтқанша ешқандай той-жиынға қатыспай сақтана тұруы керек. Мобильді топтар анықтаған заңбұзушылықтар қалада көп деуге болады. Ол жоғарыда айтылған жасырын той-томалақтар мен карантиндік талаптарды сақтамаған мекемелердің іс-әрекеттері. Құқық қорғау өкілдерінің көмегімен оларға қатысты алынған айғақтар сотқа жолданып, сот шешімімен заң бұзғандар тиісті жауапкершілікке тартылуда.
–Күз келді деген сөз, жедел респираторлы жұқпалы аурулардың мезгілі басталады. Бұл шақта коронавирусқа шалдығып қалу денсаулыққа үлкен қауіп әкелуі мүмкін. Сол үшін адамдар арақашықтықты сақтап бетперде тағып жүруі тиіс. Әрі дұрыс тамақтанып, уақытылы ұйықтап, жеке бас гигиенасын сақтауы керек. Әсіресе жасы алпыстан асқан егде жастағы кісілердің сыртқа шықпай, үйде отырғандары абзал. Базарлар мен сауда орындарында, көпшілік тамақтанатын жерлерде, халыққа қызмет көрсету мекемелерінде санитайзерлер, дезинфекциялық төсеніштер мен бүркеу қондырғылары болуы шарт, – дейді Майра Сүйерқұлқызы.