Смартфон мектептің орнын алмастыра ала ма? Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1689 раз

Жыл өткен сайын адамзат цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Бүгінде сауда-саттық жасау, тапсырыс беру, есеп айырысу, тіпті мемлекеттік қызметтерді де ғаламтор кеңістігінде онлайн түрде оңай әрі жылдам алудың жолдары қарастырылған. Бұл үрдістен бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемлекеттердің ешбірі бас тартпайды. Елімізде цифрлық жүйеге ауысуда жыл санап ілгерілеушілік байқалады. Ал білім саласын цифрландыру қай деңгейде жүріп жатыр?

710

 

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» екені сөз болған-ды. Президент адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс екенін айтқан еді. Елімізде 2018-2022 жылдар аралығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске асырылады деп жоспарланған. Аталмыш бағдарлама аясында бүгінде денсаулық сақтау, білім беру салалары мен бірқатар мемлекеттік қызметтер цифрлық жүйеге көшіп үлгерді. Бұл республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы деп алайық. Ал үшінші мегаполисте білім саласын цифрландыруда өзге өңірлермен салыстырғанда көш ілгері келеді. Хош, Шымшаһарда қандай ілкімді істер бар?
Шымкенттің бас ұстазы Жанат Тәжиеваның айтуынша, жаңа оқу жылында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты және кластері болып табылатын 5 IT мектеп-лицейі қайта құру арқылы ашылды. Одан бөлек, «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім береді. Қазіргі таңдағы орта білім беру ұйымдары оқушыларына таратылған компьютер саны 33 840 дана. Қашықтан оқытуда да шымкенттік оқушылар үздік үштіктің қатарына еніп отыр. Олардың сабаққа қатысу үлесі мен берілген тапсырманы орындау бойынша өткізген дәрістерінің саны жағынан да жоғары көрсеткішке ие. Мәселен, қазірдің өзінде «Күнделік» ақпараттық жүйесінде миллиондаған дәрістер ұйымдастырылған.
Ақпараттық жүйе демекші, Шымшаһарда биыл алғаш рет педагогтар мен білім ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» жүйесі енгізілді. 1-тамыздан бастап білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы 313 маман жұмысқа орналасқан. Солардың бірі – Нұрлан Артығалин. Алғашқы ұстаздық еңбек жолын Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастаған ол қазір аталған бағдарлама аясында ашық конкурс арқылы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясына ауысқан.
– Қала мектептерінде қызмет етіп жүрген әріптестеріммен тәжірибе алмасу және де өз тәжірибемді дамыту мақсатында осы жылдың тамыз айында жұмыс орнымды ауыстыруға шешім қабылдадым. Жаңа жұмыс орнын іздеп жүргенімде әріптестерім жақында ғана іске қосылған «hr-process» жобасына тіркелуіме кеңес берді. Жобаның ғаламтордағы сайтына кіріп тіркелдім. Өз мамандығыма сәйкес қаламыздағы бірнеше мектептерде бос орындар бар екен. Таңдауым №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясына түсті. Аталмыш мектепке жұмысқа орналасуға өтініш білдірдім. Сайтта өтініш білдіру үшін үміткердің түйіндемесі, жоғары оқу орындарын аяқтағандығын растайтын дипломдары, соттылығы болмағандығы туралы анықтама, жеке куәлік көшірмесі талап етіледі екен. Бұл жобаның маған ұнаған тағы бір тиімді тұсы – іріктеу конкурсында үміткердің үздік дипломы, біліктілік арттыру курстарын аяқтағандығы жөніндегі мұғалім сертификаттары ескеріледі. Білдірген өтінішім негізінде 20-тамыз күні байқауға шақырту алдым. Іріктеуді қабылдау комиссиясы жүргізді. Қабылдау комиссиясы құрамында психолог маман, қала мектептерінің үздік мұғалімдері болды. Әрбір комиссия мүшесі кезегімен сұрақтар қойып, тәуелсіз жеке бағалап отырды. Нәтижесінде мен іріктеуден өтіп, өзім қалаған мектепке жұмысқа орналастым, - дейді жас маман.
Нұрлан Асанәліұлы заманауи педагогтың оқыту үрдісіндегі рөлі «ұйымдастырушы» болуы керек деп санайды. Оның айтуынша, мұғалім оқушылардың пәнді өздігінен меңгеруін ұйымдастыра отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларын дамыту мақсатында жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
– Қазір ақпараттың шамадан тыс көптігі ақпараттарды талдау, жинақтау, өңдеу дағдыларын дамыту сұранысын тудырып отыр. Рас, оқушыларға әр нәрсені қажетіне қарай қолдануды үйреткеніміз абзал. Жастардың заман көшінен қалмай, жақсыны, өмір сүруді жеңілдететін дүниелерді игеруі, ғылым-білім, техника тілін ертерек ұғынып, дамуы үшін жағдай жасауға тиіспіз. Ал қазіргі таңда мемлекет тарапынан білім саласындағы ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Білім саласын дамыту бағытында жасалынып жатқан сапалы жұмыстардың куәсі болып отырмыз. Бұл өз кезегінде оң нәтижесін береді деп сеніммен айта аламыз, – деді
Н.Артығалин.
Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі секілді шымкенттік білім беру ұйымдары қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Бұл ретте ата-аналардың пікірі қақ жарылды. Бірі сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек десе, енді бірі онлайн оқудың тиімді екенін алға тартып отыр. Ал көпбалалы ана Махаббат Оразымбетова бір үйде бес ұл-қыз өсіріп жатса да, қазір олар бір-бірімен көп сөйлеспейді деген ойда. Оның айтуынша, қазіргі жастардың қызығушылығы, талғамы да өзгерген.
– Қазір бір ғана оқушы емес, жалпы барлық адамдар смартфонға үңіліп қалған. Көшеде, үйде қайда көрсең, телефоннан бас алмайды. Балаларымыз пандемия кезінде таңнан кешке дейін сабақты онлайн оқиды. Әрине, бірінші байлық денсаулық екенін ұмытпаған дұрыс. Бірақ оқушылардың орыны мектепте. Мектептің орнын, мұғалімдердің сабағын ешқандай онлайн дәріс алмастыра алмайды. Бұл уақытша қажеттілік деп қараған дұрыс. Ал сайып келгенде эпидемиялық ахуал тұрақталса, қауіптің беті қайтса, оқушыларды мектепке жіберу керек секілді. Әйтпесе қолдарына бір-бір смартфон ұстатып, ғаламторға байлап беріп, сүзгіден өтпеген, талғамсыз, тіпті зиянды ақпаратпен санасын улап, өз балаларымызға өз қолымызбен қастандық жасап жатқан сияқтымыз. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау керек, - дейді қала тұрғыны.
Әлемді жаулап жатқан індет білім саласына көп өзгерістер алып келді. Сәйкесінше онлайн оқытуда қолданылатын құрал-жабдықтар, бағдарламалар мен қосымшалар, онлайн платформалардың түрлері де әп-сәтте арта түсті. Алайда, психологтар мәлімдемесе де, дәрігерлер дабыл қақпаса да, мұғалімдер балалардың сабаққа деген зейіні төмендеп бара жатқанын айтып шырылдамаса да, өскелең ұрпаққа бағалы телефон мен смартфондардың қалай кері әсерін тигізіп жатқанын көріп, түсінетін жағдайға жеттік. Әрине, біз смартфонды балаларға бермеу керек деген ойдан аулақпыз. Дегенмен, баланы жасынан дұрыс бағытта тәрбиелемесек, жаман әдеттерге әуес болып, ерте жастан қатыгездікке бой алдырмасына кім кепіл?