Қаңқасыз жиһаз – жиһаз өндірісіндегі жаңа бағыт Избранное

Среда, 04 Ноябрь 2020 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2689 раз

Жұмсақ жиһаз жасау – бүгінгі жиһаз өндірісіндегі жаңа бағыттардың, жаңа сән үлгісінің бірі. Ол өзінің жұмсақтығымен, жеңілдігімен, қолайлылығымен, денсаулыққа пайдалылығымен, тасымалдауға оңайлығымен әрі экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Мұндай жиһазды күтіп-ұстау да оңай. Жиһаз өндіру бизнесін жүргізу үшін 2 млн теңгеге жуық қаржы қажет. Жобаға қаржыны грант есебінде ұтып алуға болады. Грант қаражаты Jack 630, Jack JK-9100 BP тігін машиналарын, алдын ала көпірткіш техникасын, былғары алмастырғыш материал мен алдын ала көпірткіш шикізатын сатып алуға жұмсалуы тиіс. Жұмсақ жиһаз өндірісінде торлағыш машина да керек.

811

 

Қаңқасыз жиһаздың тарихы өткен ғасырдан басталады. Қап тәріздес алғашқы жиһаз ХХ ғасырдың 60-жылдары сатылымға түсе бастаған екен. Алайда біздің елімізде мұндай жиһаз түрі жақында ғана пайда болды. Қаңқасыз жиһаздың бірнеше түрі бар: диван, кресло және пуфиктер. Бірақ олардың барлығын байланыстыратын нәрсе – ол қаңқасының болмауы. Яғни бұл жиһаздың жасалу технологиясы мынадай: тысы мата немесе былғары, болмаса былғары алмастырғыш материалмен қапталады да іші пенополистиролмен толтырылады. Пенополистирол – майда пластмасса түйіршіктер. Осындай жиһаздардың ішінде нарықта сұранысқа иесі – алмұрт пішіндес кресло-қап, биг-бег. Кресло-қапқа жайғасқан адам бірден жайлылық сезеді, себебі астындағы жұмсақ орындық адамның қимылына қарай пішінін өзгертіп тұрады. Жұмсақ креслодағы адам қалай отырса, кресло-қап сол пішіннің дәл қалыбын береді. Мұндай жиһаз, жоғарыда айтылғандай, өте жеңіл болғандықтан, оны бөлмеден бөлмеге, тіпті, жас баланың өзі де жылжыта алады. Әсіресе, қаңқасыз жиһаздарды саяжай, пәтерде, клубтар мен кафелерде, сұлулық салондары мен балалар мекемелерінде қолданған қолайлы. Тіпті педиатрлар үйге балалар үшін осындай жиһаз алып қоюға кеңес береді. Бір жағынан жиһаз ішіндегі майда түйіршік пенополистирол адамға құдды бір массаж жасағандай әсер қалдырып, денсаулыққа өзіндік пайдасын тигізеді. Әсіресе, егде жастағы кісілерге бұл жиһаз таптырмас дүние. Өйткені оған отырғанда адам күмп етіп ішіне кіріп кетеді, содан керемет әсерге бөленеді әрі қария кісілер тынығумен бірге бір сәт бойларын да жылытып алады. Кресло-қап екі тыспен қапталуы мүмкін. Ал тысына флок, шинил, грета, жасанды былғары, нейлон және тағы басқа маталар пайдаланылады. Кресло-қаптың ішінде алмұрт пішіндесі ең кең таралған түрі саналады.

812


Жоғарыда айтылғандай, қаңқасыз жиһаздың ішін толтыратын материал – көпіршіктелген полистиролдан жиһаз жасаудан бұрын оны қолдануға рұқсат беретін санитарлық-эпидемиологиялық сертификат пен сапа сертификаты болуы керек. Көпіршіктелген полистиролдың жылу сақтағыш қасиеті темір-бетон, кірпіш, ағаштан да жоғары. Ол биологиялық жолмен немесе көптеген химиялық реагенттердің әсерінен ыдырап кетпейді. Сондықтан оның пайдалану мерзімі де шектеусіз. Сондай-ақ ол микроағзалар, жәндіктер мен кеміргіштердің өмір сүруіне қолайлы орта бола алмайды.
Каңқасыз жиһаз өндірісін қолға алу үшін 2 жұмысшы болса жеткілікті. Сонымен бірге орынжай керек. Егер тұрақты орын болмаса, оны жалға алуға болады. Мамандар 1 кресло-қапқа кететін шығынды есептеп беріпті. Ол шамамен 10 мың теңгені құрайды. Ал дайын өнімді сату одан орта есеппен екі еседей жоғары. Табыстан бөлек өндірісті ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды да ұмытпау керек. Олар – цехты жалдау құны, тасымалдау, жарнама, электр энергиясы, жылу, байланыс пен интернет төлемдері және жұмысшысының еңбекақысы. Қалай болғанда да бұл өте табысты кәсіп саналады. Егер маркетинг мәселесі дұрыс жолға қойылса, яғни тұрақты клиенттері табылып, өнімді өткізуде ешқандай проблема болмаса, аталмыш жоба өзін-өзі 8 айда ақтап шығады.