ШЫМКЕНТТЕ ЖАСАЛҒАН жасанды тыныстандыру аппараттары ауруханаларға жеткізіледі Избранное

Среда, 04 Ноябрь 2020 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1819 раз

Үшінші мегаполисте отандық өнім өндірісі жолға қойылып келеді. Басқа саланы айтпағанда аса маңызды саналатын медициналық жабдықтар өзімізде шығарылуда.

Шымкенттік «Қазмедприбор» компаниясы өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарын шығара бастады.

813

 

Қаладағы медициналық мекемелер осынау отандық өндірушінің басқа да өнімдерін қолданып келген болатын. Алдағы уақытта 100-ден астам жасанды тыныстандыру құралы ауруханаларға жеткізіледі. Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Covid-19 індетінің ықтимал жаңа толқынына дайындық барысын пысықтап, жаңа аппараттардың өндірісімен танысты.
«Қазмедприбор» мекемесінде жасанды тыныстандыру аппаратын құрастыру мәселесі коронавирус індеті өршіп тұрған жазда көтерілген. Сол уақытта қалалық әкімдік пен компания жетекшілері вирус жұқтырып, соның салдарынан өкпесі қабынған науқастарды емдеуге аса қажет жасанды тыныстандыру аппараттарын өзімізде шығару мәселесін талқылаған-ды. Сол келісім нәтижесін беріп, компанияда арнайы аппараттарды құрастыратын желі ашылды. Мұнда 30-ға жуық маман жұмыс істейді. Желінің өндірістік қуаттылығы тәулігіне 20-25 аппарат шығаруға жетеді.

– Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарын құрастыратын мамандарымыз арнайы дайындықтан өткен. Бұл аппарат жабдығының 60 пайызы Қазақстанда жасалған, қалған бөлшектері АҚШ,
Қытай және Германиядан жеткізіледі. Өзімізде шығарылған соң, бағасы басқа баламаларынан 20 пайызға төмен. Алдағы уақытта Шымкент қаласына ғана емес, еліміздің басқа да қалаларына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, Алматы, Қарағанды, Атырау қалаларының әкімдіктерімен келісімшарт жасадық. Жалпы, осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңірлеріне біздің компанияның 50 млрдтан аса медициналық құрал-жабдығы жеткізілген, – дейді «Қазмедприбор» ЖШС директоры
Қаныбек Қанатбекұлы.

819


Шымкенттік өндіруші жыл соңына дейін еліміз бойынша 500 жасанды тыныстандыру аппаратын жеткізуді жоспарлап отыр. Негізгі тұтынушы Шымкент қаласы болмақ. «Үшінші мегаполисте құрастырылған алғашқы жасанды тыныстандыру аппараты №1 ауруханада сынақтан өтті», – дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшілері.
– Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайындық барысында Шымкенттегі медициналық мекемелердің құрылғыларға деген сұранысының негізін осы жергілікті өндіруші қамтамасыз етіп отыр. Осы айдың соңына дейін 126 жасанды тыныстандыру аппараты денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады. Одан бөлек, бізге қажет «Бобров» аппараты, реанимациялық кереуеттер мен жабдықтар да осында шығарылады. Ең бастысы – отандық өнімдердің тиісті лицензиясы бар, – дейді
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Қаланың бас дәрігерінің айтуынша, соңғы уақытта вирус мутацияға ұшырауда. Мұны сынақ өткізген Еуропа зерттеушілері анықтаған. Нәтижесінде бұған дейін Covid-19 вирусы негізінен өкпені зақымдап келсе, қазір науқастардың жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін деген қорытынды жасалыпты. Жауапты мамандар сол үшін тұрғындар сақтық шараларын барынша ұстанып, бетперде тағу, қолды жуу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау секілді қарапайым ережелерді ұмытпағаны жөн деп кеңес береді. Ал қалғаны – дәрігерлердің құзырында. Дәрігер демекші, денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Бүгінде Шымкенттегі эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Қазіргі таңда 60-қа жуық науқас емделуде» деп мәлімдеді.
«Науқастарды емдеуге қажет провизорлық төсек-орын осы эпидемиологиялық ахуалға байланысты әзірленеді. Бұл тұрғыда қалада үш рет арнайы медициналық оқу-жаттығу өтті», – деді қала әкімі.
– Осыдан 3-4 ай бұрын, жаздағы жағдайға байланысты «Қазмедприбор» мекемесінің басшылығымен кездесуде жасанды аппарат шығарамыз деп еді. Міне, сол күнге жетіп отырмыз. Осы аптаның соңына дейін қаладағы медициналық мекемелерге 88 аппарат жеткізіледі. Бұған қоса 200-дей мониторға, басқа да қажет өнімдерге тапсырыс бердік. Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының денсаулық саласын дамытып, арнайы медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін биыл жергілікті бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 2019 жылғы қаржымен салыстырғанда 6 есе көп. Осылайша Мемлекет басшысының тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасын орындап жатырмыз. Жаздағы індет кезінде қалада провизорлық орындарда барлығы 3810 төсек-орынға жеткізіп едік. Ал қазір 5000-нан аса төсек-орынға дайынбыз. Материалдық тұрғыдан дайындалып, қосымша 3 компьютерлік томография аппаратын алдырдық, бүгінде олардың саны 17-ге жетті. Біздің есеп бойынша күніне 1500-2000 адам КТ-дан тексеруден өте алады. Бұған қоса оттегі нүктелерін қарастырып, жансақтау бөлімдерін дайындадық. Қазіргі таңда Шымкент бойынша коронавирус індетімен күреске арналған 1060 төсек-орын бар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, жағдай ушыға түссе, бес сағаттың ішінде 4000 орынға, ал тәуліктің ішінде 5000 орынға жеткізе аламыз. Сонымен қатар №2 ауруханада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде, ол жерде індетке шалдыққандарды емдеу үшін қосымша 500 орын қаралады, – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Инфекция ошақтары және вирус жұқтырған науқастармен байланыста болған адамдар амбулаторлық бақылауға алынады. Ол үшін жергілікті емханаларда 200-ден аса мобильді бригада жасақталған.

Последнее изменение Среда, 04 Ноябрь 2020 04:52
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.