Қаланың қай аумағында кәсіпкерлік нысандары жетіспейді? Избранное

Среда, 18 Ноябрь 2020 04:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1542 раз

74 main

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өткен жылы сұранысқа ие және орта кәсіпорындар мұқтаж болған импорттық тауарларға зерттеу жүргізіп көрді. Соның нәтижесінде 80-ге жуық импорттық тауарларды алмастыратын жобалар мен тауарлардың тізімі жасақталды.

Аталмыш жобаларды іске асыру арқылы жергілікті компаниялар оффтейк келісімшарттар ұсына алады. Яғни жыл сайын шетелден келетін тауарларды сатып алуға жұмсайтын 18 млрд. теңгені өзіміздің жергілікті компаниялар өндірген дәл сол тауарды сатып алуға кетіретін болады. Осылайша еліміздің капиталы шетелдік компаниялардың қалтасына кетпей, өзімізде қалып, отандық экономиканың өсіп-өркендеуіне елеулі үлесін қосады. Мысалы үшін қаладағы цемент шығаратын зауыттардың бірі бір жылда цемент салатын қарапайым ғана қағаз қаптың өзін 1,8 млрд. теңгеге сатып алады екен. Осындай мысалды тізбелесек, қалада шетелдік тауарларға қосымша шығындалып жатқан кәсіпорындар саны жетерлік. Осы жобалар арқылы жергілікті нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыру мақсаты қойылып отыр.
Нарықта әлі біздің тауарлар толтырып үлгермеген қуыстар бар. Экономист сарапшылардың пікірінше, ендігі міндет – күнделікті тұрмыста қолданатын, кәсіпорындарға аса қажетті қарапайым заттарды шығару арқылы жергілікті нарықта шетелдік тауарлар «басып алған» қуыстарды анықтап, оның орнын отандық өнімдермен алмастыру. Бизнесті жандандырудың, дамытудың әдіс-тәсілінің бірі осы нишалық, яғни тауашалық жобаларды қолға алу. Бұл индустриаландыру саясатының жаңа бір бағыты болып саналады.
Ең бастысы қалада осындай сұранысқа ие тауарларды өндіретін кәсіпорындар бар. Олар сату мәселесін реттеуге кепілдік береді, маркетингтік талдау жасауға көмектеседі, ғимараттар ұсынуға әзір. Ендігі шаруа – тек жобаны идея күйінде қалдырмай, нақты іске асыру.
Кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, биыл осы бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасты. Соның бір мысалы қағаз, қағаз өнімдерін және жиһаз бен металл емес өнімдерді өндіретін компаниялар анықталды. Және олар осы мақсаттағы кез келген жобаны бастап кетуге дайын отыр.
Қалалық кәсіпкерлер палатасы жуырда мегаполистегі үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлік субъектілеріне талдау жүргізіпті. Ол 40 мыңнан астам нысанды қамтыған. Осы скринингтің нәтижесінде Шымкент қаласының экономикалық картасына 12 индикатор бойынша баға берілді. Мұның ең басты пайдасы ертең қаланың даму жоспарын әзірлеу кезінде өте керек болады. Бүгінгі таңда ҚР Премьер-министрі А.Маминнің тапсырмасы бойынша әр өңір мен республикалық маңызы бар қалаларда экономикалық картаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоғарыда аталған талдау барысында қала тұрғындары тарапынан сұраныс пен ұсыныс бойынша сұрақтар қойылды. Сауалнама нәтижесіне сәйкес қаладағы жеке сектордағы үйлерде тұрып жатқан отбасыларға 5 мыңнан астам қызмет түрлерінің қажет екендігі анықталды. Оған мәселен, банкоматтар, азық-түлік дүкендері, сауда орталықтары, сұлулық салондары, оқу курстары және тағы басқа кәсіпкерлік нысандарды жатқызуға болады. Әсіресе, Достық пен Сәуле шағынауданында сервистік қызметке негізделген шағын және орта кәсіпкерлік ұйымдары жетіспей жатыр екен.