КАРАНТИН ДОСТЫҒЫМЫЗҒА СЫЗАТ ТҮСІРЕ АЛҒАН ЖОҚ Избранное

Среда, 25 Ноябрь 2020 05:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 322 раз

2020 11 22 45dade9a-5cc8-465d-99ce-ceb97b9c6239

«Шымкент 2020 — ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы бүкіл әлемді жайлаған пандемиямен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан осы жылдың аясында шымкенттіктер өздерінің еңбекқор, мейірімді, достыққа адал әрі жаңашылдыққа бейім екенін көрсете білді. Карантин достығымызға сызат түсіре алған жоқ.

Айтулы жылдың тікелей эфирде өткен салтанатты жабылу рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
– Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар көне шаһар. Қаламыздың тарихы ежелгі дәуірлерден бастау алатынын халықаралық беделді ұйым – ЮНЕСКО да ресми мәлімдеді.
Тарихи қаламыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы атануы – біз үшін үлкен мақтаныш.
Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен шуақты Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуі абыройымызды асырды.

 

1

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел қуатын арттырудағы Шымкент қаласының айрықша маңызына көңіл бөлуде.
Біздің қаламыз бүгінде бүкіл Азияның өнері мен мәдени мұрасы тоғысқан ірі орталыққа айналып отыр.
Ежелгі кезеңдерден
Шымкент тұрғындарының бойында ерекше қасиет қалыптасты. Бұл – іскерлік, қонақжайлылық және өзгеріске деген бейімділік.
Шымқала топырағынан түлеп ұшқан әр азаматтың бойында елге деген сүйспеншілік, дәстүрге деген беріктік, достыққа деген адалдық берік орныққан.
Әлемді шарпыған коронавирус індеті мерейлі мәртебемізге, атақ-даңқымызға көлеңке түсіре алған жоқ деп нық айта аламын. Жаңашылдыққа ұмтылуымыздың, өзгеріске бейімділігіміздің нәтижесінде ТМД елдерінің мәдени астанасы аясындағы ауқымды жобалар мен жарқын бастамаларды онлайн форматта өткізудің тиімді тұстарын таба білдік.
Мәдени астана шеңберінде қаламызда 1700-ден астам жаңашыл, онлайн форматтағы жоба жүзеге асты. Туған қаламыздың мәртебесін арттырған осы іс-шараларды өткізуге көмекші болған барлық шымкенттіктерге алғысымды білдіремін!

 

Қыз


Карантин біздің ғасырларға жалғасқан халықаралық байланысымызды ажырата алған жоқ.
Біз оқшаулау кезінде де достығымыз бен ынтымағымыздың және бекем бірлігіміздің нәтижесінде сындарлы сәттен сүрінбей өттік.
Біз бүкіл ТМД елдеріне ортақ рухани құндылықтар – мәдени-әдеби, тарихи мұраларымызды насихаттау мен байланысымызды нығайту үшін топтаса білдік, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, жабылу салтанатының негізгі бөлігі Цитадельде өткенімен, қаланың көрнекті орындарында бес бағытта іс-шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, поэзия және әдебиет, театр мен кино, музыка, бейнелеу өнері және қолөнер шеберлерінің концерттері мен көрмелері көрермен назарына ұсынылды.
Мәселен, Шымкенттегі бес кәсіби театрдың шығармашылық ұжымдары Арбаттағы сахнада өздерінің үздік қойылымдарынан үзінділер ойнап, көрермен назарына ұсынды. Ал Абай саябағында «Әжелер» хоры халық әндерін нақышына келтіріп орындап жатты. Трансляция кезінде осының бәрін бүкіл ТМД елдерінің халқы тікелей эфирде тамашалады.
2021 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне Душанбе қаласы ие болып отыр. Шаһар басшысы тәжікстандық делегация өкілдеріне эстафетаны тапсыра отырып, қонақтарға «Достық сыйы» атты топтама тарту етілетінін айтты. Қазақ халқының дархан да қонақжай болмысын білдіретін «Достық сыйына» Шымкенттің 2200 жылдық тарихы жазылған 2200 кітап, қаламыздың символына айналған қызғалдақтың 2200 тқымшасы және қала тұрғындарының душанбеліктерге ыстық лебізі мен сәлемі жазылған 2200 ашық хат қосылған.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

 

 DSC4008

Саябақ... Сырлы шақ

«Шымкент 2020 – ТМД-ның мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылу рәсімі аясында поэзия және әдебиетке байланысты іс-шара Абай саябағында өтті. Оған қалалық кітапханалар, цирк, қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мен шығармашылық ұжымдар атсалысты.

Ашық аспан астындағы мәдени іс-шарада оқырмандар кітапханашылар ұйымдастырған кітап көрмесімен танысса, жас ақындар шабытпен өлең оқыды. «Әжелер» ансамблі келушілерге жанды дауыста ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал қуыршақ театры Әл-Фараби, Абай,
Ыбырай, Шоқан Жамбыл және ақын-жазушылар бейнесімен әдеби шеру өткізді.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

 

АРБАТ – АЛЫП ТЕАТР САХНАСЫ

Мәдени астана жылының салтанатты жабылу іс-шаралары өткен Арбат демалыс орны алып театр сахнасына айналды. Шымкенттің мәдени саласында өнер көрсетіп жүрген шығармашылық ұжымдар осында жиналып, театрлар мен әртістер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Алдымен Арбаттың кіреберісінен көрерменді қарсы алған қалалық әзіл-сықақ театрының әртістері сахналық көрініс ұсынып, мерекелік нөмірін ортаға салды. Қазақтың ұлттық киімін киген қыз-жігіттер ежелден келе жатқан қуанышты сәттерді қарсы алу мен шығарып салу рәсімін орындады.
Одан кейін «Қызыл трактор» тобы көпшілікке ерекше көріністерін паш етті. Заманауи-техно және ұлттық стильді ұштастырып, өзгеше костюммен ерекшеленген өнерпаздар алып ер-тұрман пішініндегі инсталляция айналысында би биледі. Тылсым көріністі адыраспан түтіні толықтырды.
Арбатта, сонымен қоса, Жұмат Шанин атындағы қазақ ұлттық драма театры, орыс және өзбек театрларының әртістері кезегімен қойылым әзірлеп, сахнаны бір сәтке де бос қалдырмады. Мерекелік жиында ән-жырмен қоса сахналық көріністерін ұсынды. Бұл күні жонглерлар мен басқа өнерпаздар да Арбаттан табылды.
Мәдени іс-шараның тағы бір ерекшелігі – жанды «мүсіндер» еді. Өнер иелері батыр, абыз ақсақал, музыкант және суретші кейпінде қозғалмастан тұрып, қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды. Көпшілік «мүсіндердің» жанына барып, фотоға түсіп жатты.
Жалпы, Арбаттағы мерекелік іс-шара 3 сағатқа созылды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Последнее изменение Среда, 25 Ноябрь 2020 05:29
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.