ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІС КӨП Избранное

Пятница, 04 Декабрь 2020 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2084 раз

12

Желтоқсан айы Шымкенттегі қоғамдық көлік саласына едәуір өзгеріс ала келді. Үшінші мегаполиске 590 жаңа автобус жеткізіліп, бірқатар қоғамдық көліктің бағыты өзгерді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, мұның барлығы Шымкенттегі жолаушылар көлігін дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда.

– Бұл кешенді сызбаға сәйкес, қаладағы барлық қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс жолдары оңтайландырылады, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев.
– Бірінші кезекте №№ 74, 84, 92, 135, 35, 12, 103 және №27 автобустардың қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілді. Бұған қоса осы бағыттарға сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар шығарылды.
Мамандардың айтуынша, жаңа автобустар бұрынғыларға қарағанда ұзын, сондықтан, олар негізінен қаланың орталық әрі кең көшелеріндегі бағыттарда қатынайды. Дегенмен, шаһардың шалғай шағынаудандары да назардан тыс қалмақ емес. Соңғы жылдары көз үйренген жасыл автобустар қаланың шетіне қатынайтын болады.
– Осы арқылы шет аймақтардағы елдімекендерді қамтып, жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасын көтеру көзделуде. Оңтайландыру дегеніміз – осы. Ұзын автобустардың шет жақтағы елдімекендердің көшелерінен бұрылып-жүруі қолайсыз. Сондықтан, олар қаланың орталығында қатынап, басқа бағыттағы көліктер тұрғындарды Рысқұлов және Дулати көшелерінің қиылысы немесе базарлар секілді көпшілік орындарға жеткізіп отырады. Жаңа автобустар газбен қатынайды, сыйымдылығы мол әрі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатынауына жағдай жасалған, – деді Наурыз Сүгірәлиев.
Айта кетейік, қаладағы қоғамдық көліктер кезең-кезеңімен жаңартылады деген жоспар бар. Жаңа автобустар демекші, жерлестеріміз жаңа көліктердің бағыты өзгергенін байқаған да болар. Бөлім басшысының айтуынша, қаладағы қоғамдық көлік саласындағы өзгерістер, оның ішінде көлік бағыттарының өзгеретіні туралы бұған дейін БАҚ беттерінде, қаладағы 4 аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарланған.
Өзгерген бағыттардың ішіндегі ең көзге түсетіні – №27 бағыт. Қаланы айнала жүретін бағыттың жолы ұзарып, енді Нұрсәт шағынауданына да соғып өтеді. Есте сақтайтын тұс, бұл автобус енді Тәуке хан даңғылымен келіп, бұрынғыдай Байтұрсынов көшесіне емес, «Имран» сауда орталығының алдынан Қонаев даңғылына бұрылады. Содан тіке барған күйі Нұрсәт шағынауданындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты айналып, Теріскей шағынауданында бұрынғы жолына түседі. Тағы бір өзгеріс – «Көл» аялдамасынан кейін Ордабасы алаңына бұрылмай, Қырғы базар арқылы теміржол вокзалына соғады. Тәуелсіздік саябағының алдынан бұрынғы бағытына қайта түседі.
Қаланың қоғамдық көлік саласындағы тағы бір жаңалық – автобустардың жүру кестесінің сақталуы мен бағытының картасын жуық арада GPS арқылы бақылау мүмкіндігі қосылмақ. Қазірдің өзінде автобустардағы «Төлем» жүйесінің GPS-ы арқылы көліктердің жүруін бақылауға болады. Сол «Төлем» жүйесінің кейде істемей қалатынынан басқарма мамандары хабардар. Айтуынша, қазіргі таңда инвестормен бірге олқылықты жою мақсатында жұмыс жүргізілуде. Жаңа жүйе қала тұрғындары арасында толық қолданысқа енген соң басқарма мамандары бұл бағытта рейдтерге шығып, жүйенің жұмыс істелуін де тексеруді жоспарлап отыр.

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.