ЖАЛҒЫЗ СИЫРДЫ САТЫП БАСТАҒАН БИЗНЕС

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2114 раз

1

«БалТекстиль» фабрикасын құруға жол ашты

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздігін әлемге паш еткен тұстағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар әлі есте. Дегенмен, кәсіпкерлікке кең жол ашылып, бизнес бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау бәсеңдеген емес. Әсіресе, еңбектенген адамның еңбегі еш кетпейтініне сенімдімін. Өз басымнан мысал келтірер болсам, бүгінде әлемдік нарықта «Қазақ кiлемi» атауымен танылып жүрген біздің кәсіпорын тоқып жатқан кілемдерді брендке айналдыру оңай болған жоқ. Өз бизнесімді осы салада қалыптастыру үшін талай ұйқысыз түндерді артта қалдырдым. Бәрі де кеше ғана сияқты еді.

Бал-текстиль фото41Өміртарихыммен таныс азаматтар жақсы біледі, мен ауылдың баласымын. Бәйдiбек ауданы Жүзiмдiк ауылында туып-өстім. Шымкенттегi сол кездегi М.Әуезов атындағы педагогика институтында сырттай оқи жүрiп, ауыл мектебiнде мұғалiм болдым. Үйленіп, балаларымыздың алды дүниеге келе бастағанда бизнеске бетбұру, отбасының ғана емес, елдің экономикасын дамыту, ауылдастарыма жұмыс көзі болатын кәсіпорын ашу мәселесін армандай бастадым. Арманға жету үшін аянбай тер төгу қажеттігін жақсы түсінгендіктен, тәуекелге бел буып, жұмыссыздық жайлаған тоқсаныншы жылдардың басында бала-шағаның сүт-қатығына жарап отырған жалғыз сиырымды өткен бағасына сатып, оның ақшасына Кентаудан шығатын су қайнатқыш құрылғыны (кипятильник) Алматы базарына апарып саттым. Саудаға біртіндеп үйрене бастағанда кілем сататын нағашымның шақыруымен кілем саудасына ойыстым.
Ол кезде барлық тауар Қытайдан тасымалданатын. Бұл сауданың да қыр-сырын меңгеруге тура келді. Қытайдан тасымалданған кілемдер саудасы біртіндеп түркиялық кілемдерге ойысып жатты. Түркиялық кілемдерге деген сұраныс арта бастады. Сапасы тәуір тауарға қызыға жүріп, неге өзімізде де осындай кілем тоқу фабрикасын ашпасқа деген ой көп мазалайтын. Оның үстіне кілем тоқу қазақтың меншікті қолөнері ғой. Апа-әжелеріміз, әпке-қарындастарымыз қолдан кілем тоқитын. Ауыл-ауылда кілем тоқумен айналыспайтын отбасы ілгеріде кем болатын. Осы кәсіпті неге жандандырмасқа?! Заманауи техникаларды қолданып, тоқымашылар тобын жасақтау қажеттігі туралы ой санамда пісіп жетілді.
Кәсіпкерлікке ден қойған азаматқа адал еңбек ете білсе нәсіпке бастар жол да ашылатынына көзім жетті. Түркиялық кәсiпкерлерге өз елімде кілем тоқитын кәсіпорын ашу идеясын айтып көрдім. Әрекет етсем қолдайтындықтарын білдірді. Тағы да нартәуекелге бел буып, жиған-тергенімді, осы бизнеске салуға тура келді. Бұл қадамымды бауырларым да қолдап, өз көмектерін ұсынып жатты.
Осылайша Қазақстанда кілем өндірісінің нақты жоспары түзілді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді арнайы экономикалық аймақ құрылып жатқан тұста біздің кәсіпорын үшін де өндірістік аймақтан жер беріліп, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау жасалды. Сол аймаққа біз өз фабрикамызды салдық.
Осылайша бүгінде жалпақ жұртқа танымал болып отырған кілем фабрикасы «БалТекстильдiң» алғашқы өнiмi базарға 2013 жылы шыға бастады. Ішкі нарықта біз тоқыған кілемнің сапасына қызығушылар саны артты.
Бұған дейін «Белгияның кілемін көрсетші...», «түркиялық кілем алғым келеді» деген тұтынушылар тарапынан «Өзіміздің кілем бар ма?», «БалТекстильдің кілемдерін ғана көрсет...» дейтін сұраныс жиі айтыла бастады. Сапаға құрылған кәсіпкерлік әрекетіміз біртіндеп танымал тауар өндіруші ірі кәсіпорынға айналуымызға жол ашты.

 

Kazakhstan-carpets-gain-market


Шымкентке іс-сапармен келгенде Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев фабрика жұмысымен арнайы танысып, жоғары бағасын берді. Әсіресе, кілемдерімізге қазақтың неше түрлі ою-өрнегі салынғанын байқағанда Елбасы «Мыналарың дұрыс екен. Менiң бала күнiмдi еске түсiрдiңдер. Әжелерiмiз бен шешелерiмiз кiлем тоқығанда осындай өрнек салушы едi. Осы қалыптарыңнан айнымаңдар. Отандық өнiмге әркез үлкен қолдау жасалады. «Қазақстанда жасалған» деген белгiсі бар тауар ең сапалы, ең өтiмдi болатынына сенемiн» деп жiгер бердi.
Сенім мен қолдау барда аянып қалу ерге сын. Еңбекқорлық – ердің сәні. Ердің атын еңбек шығаратыны бесенеден белгілі. Елбасы сенімі жауапкершілікті еселей түсуге, «Қазақ кілемі» әлемдік нарықты жаулап алатындай күнге жетуге жігерімізді қамшылай түсті.
Кезінде жобалық құны 8,450 млрд. теңгенi құраған өндiрiс орны осылай біртіндеп өрісін кеңге жайып келеді. Еуропа елдерiне танымал, түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бiрлескен жоба өз нәтижесін беруде. Күнiне 10-12 мың шаршы метр кiлем тоқып, сауда нүктелерiнен бөлек, 350 адамды жұмыспен қамтып отырған фабрикамыздың алар асуы алда. Жер-жерде өзіміздің сауда нүктелеріміз ашылып, онда мыңдаған азамат еңбек етуде.
Жылына 4 млн. шаршы метр кiлем тоқып, 4 мың тонна жiп иiрiп отырған БалТекстильдің танымал кілемдеріне арнайы тапсырыс беретіндер аз емес.
Тұтынушылар біздің кілемдерді ASTER, Elegant, KUMSAL, EFSUN, EFSAI, VENETTA, Oskar, Indigo, Bursa, Palmira, Mareno тағы басқа маркаларымен танып жатады. «Бал Текстиль» кiлем тоқып қана қоймай, кiлем тоқуға қажеттi Heat Set, BCF, Freeze полипропилендi жiптер иiрiп отыр. Жiп иiру, текстуралды созу, орау машиналарының бәрi де әлемдiк өндiрушiлерден, Германиядан, Бельгиядан сатып алынған қондырғылар. Себебi, негізгі мақсатымыз о бастан сапаға құрылған. Шведтiк IKEA компаниясы өз тұтынушыларына үйге қажеттi барша тауардың басын бiрiктiрiп, брендтiк үлгiдегi тұрмыстық заттардың iшiнен «Бал Текстильдiң» кiлемдерiн ұсынып отыруы да сол сапаның арқасында қол жеткізген табысымыз.
Ал мұның бәрі де еліміздің өз саясаты, өз экономикасы қалыптасуына негіз болған Тәуелсіздіктің арқасы дер едім. Кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау, қамқорлық аз емес. Олай болса бүгінгі жастарға «Еңбекқор болыңдар, жетістікке жетудің басты негізі аянбай еңбек етуде жатыр» дер едім.

 


Талғат ЫСҚАҚОВ,
«БалТекстиль»
ЖШС-ның
директоры, кәсіпкер

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.