«Жасыл мекен – екінші үйім, тал-дарақтар перзенттерім секілді» Избранное

Пятница, 15 Январь 2021 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2847 раз

Қыстың да өз сәні бар. Әсіресе, тал-дарақ ақ ұлпадан көйлек киіп, айнала әппақ көрпе жамылғандағы сұлулық ерекше сұқтандыратыны рас. Осындай сәттерде Шымкенттегі дендросаябақ та өзінше түрленіп, тұмса табиғат жұмақ мекенге айналады. Шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналған бұл саябаққа соңғы жылдары көп көңіл бөлініп, инфрақұрылымы ретке келтірілді. Жарық жүйесі жаңартылып, жаяу жүргіншілер және веложолақ салынды.

500

 

Дегенмен, сол сүйікті демалыс орнына барғанда қызметкерлеріне мән бере бермейтініміз бар. Себебі, қандай орта болса да адамымен көрікті. Маманымен мәнді. Кез келген салада қажырлы еңбек етіп, ортасын жандандырып жүретін маманы болады. Сол секілді, Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың ұжымында мекеме құрылғалы бері еңбек етіп, адал тер төгіп келе жатқан ардагер қызметші Қырықбай Пернебекұлының орны бөлек.

501


Қырықбай Тұрғынбаев 1980 жылдың мамыр айынан қазіргі таңға дейін А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында абыройлы еңбек етіп келеді. Ол кісі әр жылдары инженер-гидротехник, бригадир, техник-механик қызметін атқарып, 2015 жылдан бері денсаулығына байланысты күзетші қызметіне ауысқан. Дендросаябаққа таңертең ерте келетін қала тұрғындарын ең алдымен Қырықбай аға қарсы алады.
– Алғашқы кезде бұл жер қаланың бір шеті, қоқыс тастайтын орын болған еді. 1979 жылдың күзінде сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың бастамасымен дендросаябақтың құрылысы басталды. Болашақ саябаққа 120 гектар жер бөлінді. Асанбай Асқаров саябаққа алғашқы шынар ағашын еккен. Ол ағаш қазір алып бәйтерек болды, - дейді ардагер қызметші.
Содан бері Шымкентке әр жылдары іс-сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев, алыс-жақын шетел президенттерінің және белгілі қоғам қайраткерлері мен шетел делегацияларының мүшелері дендросаябаққа ат басын бұрып, көшет отырғызу игі дәстүрге айналды. Сол тұлғалар еккен ағаштар қазір саялы мекеннің тамыры тереңге кеткен шынарындай жайқалып тұр.
Осылайша кезінде қаланың күл-қоқысы үйіліп жататын дала бүгінде хош иісті, жасыл желекке, ну орманға айналған. Иесіз жабайы жер тегістеліп, жағалай су жүйелері жүргізілді. Сонау Сібірден, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикалары мен Алматыдан әкелінген 560 түрлі ағаш көшеті осы топырақта тамыр жайды. Қазіргі таңда сирек кездесетін ағаш бұталарының 260 түрі жайқалып өсіп тұр. Міне, осынау қыруар шаруаның шырайлы өріс табуында Қырықбай аға мен оның әріптестерінің сіңірген еңбегі ересен.
– 20 жасымда осы саябаққа келіп, жұмысқа орналастым. Содан бері өткен 40 жылда бұл ұжымды 14 басшы басқарыпты. Алғашқы жылдары мекеменің штатында небәрі бес-ақ адам – басқарушы, бригадир, жұмысшы, қарауыл және мен – аға гидротехник болдық. Ал қазіргі таңда ұжым мүшелерінің саны 150-ге жетті, - дейді
Қырықбай Пернебекұлы.
Қала тұрғындары мен қонақтарының ең көрікті әрі саялы демалыс орны саналатын мекенде атқарылып жатқан игі істер аз емес. 2019 жылы мұнда ірі жөндеу-жаңарту жұмыстары қолға алынып, 40 жылдан бері ескірген суару, жарықтандыру жүйесі, жол және тағы басқа да инфрақұрылым жаңартылды.
– Мамандығым гидротехник болған соң, ерте көктемнен бастап қара күзге дейін тал-дарақты суарумен жүрдім. Аяғымнан қысы-жазы резіңке етік түспеген. Бір көшет су ішпей қалса, байыз таппаймын. Демалыс дегенді білмеппін. Сенбі, жексенбі, мейрам күндері дендросаябақтан табылатынмын. Тек соңғы жылдары денсаулығым сыр бере бастады. Қысы-жазы табанымнан өткен судың салдары болар, аяғым ауыратын болды. Сонымен, орнымды жастарға беріп, өз өтінішіммен күзет жұмысына ауыстым. Көз алдымда көркейген дендросаябақ мен үшін тұңғыш балам сияқты, - деп ардагер аға жасыл мекенге аялы көзімен ұзақ қарап қалды.
Қырықбай ағаның өмірі дендросаябақпен бірге өрілгенінің бір белгісі – болашақ жарын да осы саябақтан тапқан. 1982 жылы кассада істейтін Қасқасудың сұлуы Зинакүлмен көңіл жарастырып, отау құрады.
Зинакүл апа қазір зейнетке шыққан. Екеуі Қайрат және Айгүл есімді ұл-қыздан тоғыз немере сүйіп, бақытты ата-әже атанып отыр.
– Бірде мынадай қызық жағдай болды. Жаңадан үйленген кезім. Тойымыз өткен соң, келесі аптаның жексенбі күні жұмысқа бармақ болдым. Сонда келіншегім: «Отағасы, бүгін демалыс емес пе?» деді. «Жоқ» дедім мен: «Дендросаябақта балаларым күтіп отыр. Әкеміз қашан келіп, су берер деп». Әйелімнің өңі өзгеріп, «Қандай бала?» деп шошып кетті. Сонда «Дендросаябақтағы ағаш көшеттері менің балам сияқты» дедім. Осында келіп, «қорегін», яғни, суын берем. Өз жұмысымды жақсы көремін, - деді Қырықбай Пернебекұлы.
Қырықбай Тұрғынбаев бірнеше Құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Қарапайым еңбегімен қоғамға пайдалы үлес қосып, бақытын сол орта деп бағалап, мақтан ететін Қырықбай аға секілді азаматтардан бүгінгі буын үлгі алып, кез келген жұмыстың өз қадірі бар екенін түйсініп жүрсе екен дейміз.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.