Ескі қалашықта заманауи туристік орталық салынады Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 04:16 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2198 раз

Шымкент қаласында инфрақұрылым мәселелері өте өткір. Оның ішінде Абай ауданындағы Жаңаталап, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Ақжар, Ақтас, Солтүстік саяжайы, Арғымақ елдімекендерінің тұрғындары ауыз су, жарық, табиғи газ, жол мәселесіне қатысты шағымдарын Абай ауданының әкімі Б.Пармановтың жылдық қорытынды есебінде мәлімдеді.

605

 

Есептік кездесу онлайн форматта өтсе де, аудан тұрғындары инстаграм және фэйсбук әлеуметтік желілері арқылы өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып қалуға тырысты. «Жаңаталаптықтар батпақтың астында қалды», «Ынтымақ-2»-ге қашан абоненттеу жұмыстары жүргізіледі?», «Самал-3-тегі» Арай, Үшқиян көшелеріне қашан асфальт төселеді?», «Ақтас пен Ақжарда тым құрығанда мектепке барар жол салынса екен», «Қошқар Ата мен Ескі қалашықтағы ескі үйлердің орнына жаңа заманауи үй салатын инвестор тартсаңыз», «Құрсайға аялдама салып беріңіздерші», «Ташкент тас жолының бойына «Сергек» қойыла ма?». Міне, осы және өзге де сауалдар мен ұсыныс-тілектерге
Бұқарбай Рысқұлұлы мен Мұрат
Әйтенов толыққанды әрі жан-жақты жауап берді.
Қорытынды онлайн есепке қатысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов: «Инфрақұрылым толық шешілмей, жолдар салынбайды. Себебі, кәріз құбырлары, су, газ жүргізілмей, ешқандай асфальт төселінбейді. Барлық құрылыс жұмыстары толық аяқталғанша қала бюджетінен және мердігер компаниялардың есебінен шағал тас төселінеді. Сосын бізде қар мен жаңбыр жауса немесе үп еткен желге жарық өшіп қала беретіні шындық. Өйткені, қосалқы электр подстанциялары мен негізгі АГРС-тің қуаты тұтас қаланы қамтамасыз етуге жетпейді. Біз өткен жылы Тұран шағын ауданында АГРС пен «Бозарық» подстанциясын салып бітіруді жоспарлаған едік. Бірақ, күн суытып кетуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Мердігер компания наурыз айына дейін немесе кейін аяқтап береміз деп уәде беріп отыр. Осы подстанциялар қосылмайынша, инфрақұрылым мәселесі сәл қиындау болады. Тіпті, кейінгі жылдары бой көтерген «Нұрсәттің» де инфрақұрылымдық жағдайы шешіле қоймайды. Оған қала тұрғындары түсіністікпен қарайды деп сенеміз, - деді шаһар басшысы.
– Өздеріңізге мәлім, 2014 жылы Түркістан облысынан Абай ауданы аумағына 10 елді мекен (халық саны - 37 674) қосылып, аталған елдімекендердің инфрақұрылымдық мәселелері жылдар бойы шешімін таппай келген. Сонымен қатар, аудан аумағындағы Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2 Солтүстік саяжай, Жаңатұрлан шағынаудандарының инфрақұрылым жүйелерінің мәселесі күн тәртібінде тұр. Өткен жылы аталған елдімекендердің мәселелерін шешу бағытында шаһар басшылығының ықпал етуімен бюджет есебінен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді аудан әкімі Б.Парманов.
Ал Қошқар ата өзенінің бойындағы және Ескі қалашықтағы ескі үйлердің орнына 85 гектар жерге шығыс сәулет стилінде жаңа заманауи туристік орталық салынатынын, сөйтіп ол жерде мейрамхана, қонақүй, бизнес орталығы болатынын, бұл бағытта 3-4 инвестормен сөйлесіп жатқанын айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы алдағы 5 жылдың ішінде осы мақсаттарға қол жеткізетінін, инвестор тарту үшін оларды қызықтыратындай жетекші жоба дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Абай ауданы әкімінің жылдық қорытынды есебінде басқарма басшылары мен сала мамандары да әр сала бойынша жаңалықтарымен бөлісті.
1 наурыздан бастап оқушылар арасында интеллектуалды бағыт және спорт лигасы ұйымдастырылады. Дәл осы наурыз айынан бастап қаладағы 120 көшенің қиылысына заманауи жаңа 3,5 мың «Сергек» бейнекамерасы орнатылмақ.
15 ақпаннан бастап қаладағы қоғамдық көлік саласында көптеген өзгерістер орын алмақ. «Төлем» жүйесінен бастап 2GIS мобильді қосымшасы арқылы қай автобустың қай жерде келе жатқанын білуге мүмкіндік туады.
Қала әкімі М.Әйтенов: «Аудан өз потенциалын дұрыс пайдаланып келеді. Атқарылған жұмыстарға оң баға беремін», - деп қорытынды есептік кездесуді аяқтады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.