ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫНА ПӘТЕР САТЫП АЛДЫ Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2008 раз

Алғашқы қазақстандық зейнетақы жинағындағы қаржысына баспана сатып алды. Ол – Шымкенттің тұрғыны. Бұл туралы
«Отбасы банктің» баспасөз қызметі мәлімдеді.

75

 

Аты-жөнін жария еткісі келмеген жерлесіміз зейнетақы қорындағы «артық» ақшасын пайдаланып, пәтер сатып алу келісім-шартын жасасқан.
– Басқа отандастарымыз сияқты мен де зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалануға болатынын жаңалықтардан естіп жүрдім. 23 қаңтар күні осы мақсатта арнайы сайт қосылған соң, ертеңіне сол сайтта тіркеліп, зейнетақы жинағымның бір бөлігін пайдалануға өтінім бердім. Ал 1 ақпан күні менің арнайы есеп-шотыма сұраған қаржым түсті, - дейді Шымкент тұрғыны.
Банк мамандарының айтуынша, жерлесіміз пәтерін үлескерлік құрылыс келісім-шарты аясында сатып алып отыр. Сол үшін алғашқы жарна ретінде жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысының рұқсат етілген бөлігін пайдаланған. Ал ипотеканы «Отбасы банкінің» аралық займы арқылы рәсімдеуге шешім қабылдапты.
Айта кетейік, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін алуға арналған сайт: enpf-otbasy.kz
Қаңтар айының соңынан бері 39 мыңға жуық қазақстандық арнайы сайтта өтініш жасаған. Жалпы сомасы 212,6 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінде 8500-ден астам адамның өтініші қанағаттандырылып, ақпан айының басында арнайы есеп-шоттарына 50 млрд теңгеге жуық қаржы аударылды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануына рұқсат беру туралы айтқан болатын. Президент тапсырмасына орай тиісті органдардың ортақ жұмысы нәтижесінде 2021 жылдың басында заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, зейнетақы қорындағы жинағы белгілі бір мөлшерден асатын қазақстандықтан сол жинағын пайдалануға мүмкіндік алды.
Ал мұндай азаматтар саны бүкіл ел бойынша 761 754 адамды құрайды. Олардың ішінде ең көбі – Алматы қаласында (170 671 адам). Екінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Астананың 94 719 тұрғыны зейнетақы қорындағы жинағының «артық» бөлігін пайдалана алады. Ал Шымкент қаласы, бұл тұрғыда, еліміздің 17 өңірі ішінен 9-орында тұр. Үшінші мегаполистің 29 777 тұрғынында зейнетақы жинағының бір бөлігін тиісті мақсатта жұмсау мүмкіндігі бар.
Жалпы, зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін қандай мақсатта жұмсауға болады? Бұл мақсаттар нормативтік құжаттармен бекітіліп берілген. Ең негізгісі – ол қаржыны қолма-қол шешіп алуға болмайды.
Сонымен, зейнетақы жинақтарын мына мақсаттарға пайдалануға болады:
• Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу (ішінара немесе толық);
• Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу (толық сатып алу);
• Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу;
• Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны төлеу;
• Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу;
• Жеке тұрғын үй құрылысы үшін (жер телімін сатып алуды қоса алғанда);
• Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру;
• Зейнетақы жинақтарын жақын туысыңызға беру;
• Емделу.
Бұл орайда банк өкілдері зейнетақы жинағындағы қаржының «артық» бөлігін алуда асықпауға шақырады. Себебі, қаржы тиісті мақсатта жұмсалмаса, 45 күннің ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы өз есеп-шотына қайта аударылады. Содан кейін өтінімді қайта жасауға болады. Осылайша әр адамның жасына байланысты зейнетақы қорындағы жинағының бекітілген кесте бойынша «артық» бөлігін шешіп алудың шектелген уақыты жоқ. Араға уақыт салып, қайта өтінім жасауға болады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.