Версия для печати

Жүз жылдық белестің жемісі көп Избранное

Пятница, 19 Февраль 2021 04:16 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2580 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдарына 100 жыл толып отыр. Тарих беттерін ақтарсақ, бұл орган 1921 жылы 5 наурызда құрылған. Осынау мерейлі мереке қарсаңында біз Шымкент қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Балжан ӘЛІПБЕКПЕН сұхбаттасқан едік.

108

 

– Балжан Мәдиқызы, саланың ғасырлық тойы, мерейлі мерекесі құтты болсын!
Дегенмен, білгіміз келетіні, егер хал актілерін тіркеу органы біздің елде 1921 жылы құрылса, оған дейін азаматтарды тіркеу, жаңа туған баланы есепке алу болмағаны ма?

109

 

– ҚазКСР кеңес халықтары комитетінің шешімі негізінде азаматтардың хал актілерін тіркеу органының құрылғандағы басты мақсаты адамдарды мемлекеттік тізімге алып отыру болды. Бірақ бұл бұған дейін тіркеу болмады дегенді білдірмейді. Себебі, тарихтан белгілі, өткен ғасырдың 20-жылдарына дейін азаматтардың хал актілерін тіркеу ісімен мешіттер мен шіркеулер айналысқан. Ал 1935-1959 жылдар аралығында барлық деңгейдегі АХАТ бөлімдері Ұлттық ішкі істер комитетіне (НКВД) бағынышты орган болады.
Алпысыншы жылдары АХАТ органдары жергілікті атқарушы органдардың құзырына беріледі. Тек 1998 жылдан бастап АХАТ қызметі толықтай Әділет министірлігіне қарады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» 2014 жылғы №898 Жарлығына сәйкес, АХАТ саласы жергілікті атқарушы органдарға қайта берілді.
– 1921 жылға дейін туған ата-әжелеріміздің көбі «Бидай орақ кезде туғанмын», «Мизам көрінгенде дүниеге келіппін» деп отыратыны содан екен ғой.
– Иә, мемлекеттік ресми тіркеу органы құрылғанға дейін туғандардың нақты туған күні, жылының ауызекі күйде жазылуының сыры осында. Қазір әділет органдарының құзыретінде нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтық хал актілерін тіркеуді бақылау және тиісті дерекқорлардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар қалған.
– «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, туғаннан өлгенге дейінгі тіркеуді АХАТ жүргізеді десеңізші...
– Дұрыс айтасыз. Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап өмір жолын АХАТ органдарынан бастайды. Сондай-ақ, некеге тұруы, балаларының дүниеге келуі, тіпті өмірінің ақырғы сәті де қайтыс болу туралы акт жазбасымен АХАТ органдарында тіркеледі. Қанша уақыт өтсе де адамдардың өмір деректері осы мекемеде сақталады. Бұл АХАТ органының адам өмірінде қаншалықты үлкен рөл атқаратынын айғақтап тұрған жоқ па?! Азаматтарға ғасыр бойына қызмет көрсетіп келе жатқан органда талай өзгерістер, жаңалықтар болды. Әсіресе, 1998 жылы желтоқсан айында қоғамдағы отбасылық қатынастарды нақтылайтын, халықаралық талаптарға сай «ҚР Неке және отбасы туралы заңы» қабылданғанда салада жұмыс жандана түскені жасырын емес.
Бүгінгі таңда АХАТ органдары негізгі міндеттерімен қатар, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізеді және оларды қалпына келтіру және жою жұмыстарымен айналысады. Жыл сайын АХАТ органдарында тіркелетін акт жазбаларының саны өсуде. Мысалы, 2020 жылы Шымкент қаласында 33231 туу тіркелсе, неке қию акт жазбасының саны 6776 болған.
– Балжан Мәдиқызы, еліміз бойынша демографиялық өсім жағынан өзге өңірлер Шымкент қаласына қарап бой түзейтіні белгілі. Сондықтан сіз мысалға келтіріп отырған деректерді, тіркеудің түрлерін тарқатып айтсақ.
– Айтайық. Мысалы, 2020 жылы – 49 028 (2019 жылы – 53 734) азаматтық хал актісі тіркелді. Оның ішінде:
- тууды тіркеу – 33 231 (2019 жылы – 33 898);
- қайтыс болуды тіркеу – 7 000 (2019 жылы – 5 088);
- неке қиюды тіркеу – 6776 (2019 жылы – 8214);
- некенің бұзылуын тіркеу – 894 (2019 жылы – 2843);
- әке болуды анықтауды тіркеу – 803 (2019 жылы – 3 131);
- бала асырап алуды тіркеу – 26 (2019 жылы – 153);
- тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеу –298 (2019 жылы – 407).
Бұл орайдағы мемлекеттік баж салығының жалпы мөлшері 37 931 019,2 теңгені (2019 жылы – 47 218 584 теңге) құрады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ, нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша 2020 жылы 3266 (2019 жылы – 4558) азамат өтініш беріп, 3248 (2019 жылы – 4500) құжатқа апостиль қойылды. Мемлекетке 4 453 560 теңге (2019 жылы – 5 681 250) мөлшерінде баж салығы төленді.
Айта кету керек, 3248 құжаттың ішінде 506 құжатты АХАТ органдары, 2710 құжатты нотариустар, 32-сін өзге органдар, ал 79 құжат (2019 жылы – 0) электронды берілген.
Сонымен бірге мұрағат құжаттарын ғылыми-техникалық өңдеу нәтижесінде 1942-2011 жылдар аралығында Шымкент қаласы әділет департаменті АХАТ мұрағатының қоры сақтау мерзімі 75 жыл болатын 7000 кітапты құрады. 1899-1942 жылдар аралығындағы азаматтық хал актілері жазбалары мемлекеттік мұрағат қорына өмір бойы сақталуға тапсырылды. Бұл деректердің азаматтар, олардың балалары және болашақ ұрпақ үшін маңызы өте жоғары. Қазіргі таңда олар Е–мұрағатқа көшіріліп, толық автоматтандырылған.
Мұның бәрін тәтпіштеп айтып отырғаным, саланың көзге көріне бермейтін маңызды шаруалары аз еместігін жеткізу еді.
– Айтпақшы, жасыратыны жоқ, күштік құрылымдардың түрлі операцияларының нәтижесінде террористік белсенділік аймақтарынан елімізге, оның ішінде Шымкент қаласына қайтарылған азаматтар аз емес. Арасында сол жақта туған балалар да бар. Олардың туу туралы куәліктерін рәсімдеу мәселесі қалай болуда?
– Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 188-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде дүниеге келген баланың туған жері деп баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі. Әрине, елге қайтып оралған ата-аналардың көбі баласының туу туралы куәлігінде туған жері ретінде террористік белсенділік басым өлкені көрсеткісі келмейді. Туу туралы акт жазбасында және тиісінше оның туу туралы куәлігінде сот шешіміне сәйкес деректер көрсетіледі. Сондай-ақ, бала құқықтары туралы конвенцияның (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған) 2-бабына сәйкес, қатысушы мемлекеттер өздерінің юрисдикциясы шектерінде тұратын әр баланың осы Конвенциямен көзделген құқығы бар. Оның ата-анасының немесе қамқоршысының қандай да бір кемсітушіліксіз нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де сенім-нанымдарына, ұлттық, этикалық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік жағдайына, баланың денсаулығының және туылуының жай-күйіне немесе өзге де жағдайларына қарамастан, барлық құқықтарын құрметтейтін және қамтамасыз ететініне назар аударамыз. Бұл ретте балаларға қатысты кемсітуге жол берілмейтінін ескере отырып, бұдан әрі, егер баланың ата-анасының тілектеріне қайшы келмесе, сот шешімі негізінде туу туралы акт жазбаларын тіркеу кезінде сот шешімінде баланың нақты туған жерінің атауы көрсетілмесе, Қазақстан Республикасы көрсетіледі.
– Балжан Мәдиқызы, сіздің еңбек жолыңыз шалғайдағы ауылдан басталғанын білеміз. Ауыл әкімі де болдыңыз. Ел тәуелсіздігін нығайту жолында қай салада болмасын аянбай тер төгіп келесіз.
Өткен күнге көз жүгірткенде есіңізге ең алдымен не түседі?
– Ойлантып қойдыңыз ғой... Сіз айтқандай, өткен күндердің тізбегіне қарайтын болсам, ең алдымен ойыма ұстаздарым оралады екен. Қай салада жүрмейін, маған жөн сілтеген, ақыл-кеңесін берген ұстаздарым, әріптестерім келеді ойыма.
Еңбек жолымды мектепте мұғалім болып бастағанмын. Өмірдің өзі адамның бойындағы қарым-қабілетіне қарай біртіндеп өз арнасына алып келеді екен. Ұстаздық ете жүріп, ұзамай жергілікті басқару жұмысына араласа бастадым. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл мерейлі күн – егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Мен үшін 30 жыл бұрын Шардара ауданы Достық ауылының әкімі болу үлкен бақыт деп ойлаймен. Адам өмірінде ең негізгі тәрбиені ата-анасынан, одан кейін мектептегі ұстаздарынан алады. Сонымен бірге қоршаған ортаның да дұрыс қалыптасуда ықпалы аз емес.
Аллаға шүкір, менің еңбек жолымда жақсы адамдар жиі жолықты. Қызмет барысында ақылын айтқан азаматтар көп болды. Мысалы, бүгінде сот саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген Бақытжан Жұманәліұлы, Қуандық Шалатайұлы және Ерлан Сламханұлын мақтанышпен атар едім. Әділет органына ең алғаш келгенімде, облЗАГС атанған мекемені Роза Мырзабайқызы басқаратын. Роза апайымды және маған дейін
Шардара аудандық азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімін басқарған Шынар Рыспаеваны осы саладағы ұстаздарым деп білемін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!