Cу тасқынының алдын алатын жоба іске қосылды Избранное

Пятница, 19 Февраль 2021 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 950 раз

Үшінші мегаполисте су тасқынының алдын алатын бірегей жоба іске қосылды. Республика бойынша алғаш рет Шымкентте қолға алынған тың бастаманы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жүзеге асыруда.

118

 

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен шаһар аумағындағы су қоймаларына LoRaWAN радимодем датчигі орнатылды. Құрылғы арнайы сәуле таратқышпен бірге қоймаға мониторинг жасап, ультрадыбыстық толқындардың көмегімен су деңгейінің өзгерісін қалт жібермей бақылап отырады.
– Арнайы құрылғы су тасқыны қаупінің алдын алуға, күнделікті су деңгейін анықтауға және болжам жасауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғыларды орнату жұмысы «Цифрландыруды және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған» жол картасы негізінде жүзеге асырылды. Бүгінде датчиктер Бадам, Тоғыс су қоймаларында және Бадам өзеніне орнатылған, – деді төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев.
Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда Шымкентте және қала аумағында су тасқынына қатысты жағдай бір қалыпты. Қала аумағындағы су қоймаларының толу деңгейі 15-42 пайызды құрайды.
Құтқарушылар төтенше жағдай орын алған жағдайда артық суды қабылдауға жеткілікті қор қарастырып отыр. Су тасқынының алдын алу үшін қалалық төтенше жағдай және полиция департаменті, Ұлттық ұлан мен коммуналды мекемелерден 700-ге жуық маман, 48 техника, 41 мотопомпа және 17 жүзу құралы, 19 мотор-сорғы әзірленді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға 129 эвакуациялық пункт дайындалған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.