Тәуекелдің кемесі суға кетпейді Избранное

Пятница, 26 Февраль 2021 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1023 раз

Жуық арада қала дүкендерінің сөресінен «Шымкентте шығарылған» бір реттік дымқыл майлықтар (влажная салфетка) орын алатын болады. Иә, иә, енді өзіміздің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Далсан» ЖШС-де шығарылып жатқан отандық өнімді тұтынатын боламыз. Ақжолтай хабарды бізге кәсіпорын басшысы Дал Халил жеткізді. Өткен жылдың қыркүйек айында тұсауын кесіп, ашылғанына 6 ай болған өндіріс ошағында айына үш түрлі – 15 даналықтан 850 мың, 70 және 120 даналықтан 9 мың майлық шығарылуда.

156

 

Ылғал майлықтар қазіргі заманғы индустрияның өте пайдалы және табысты өнертабысы ғой. Ылғалды сулықтардың пайда болуы біздің жеке бас гигиенасы туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертті, қолымызда су болмай қалған жағдайда не өркениеттен жырақ жерде өзімізді сенімді сезінуге мүмкіндік берді. Мұндай пайдалы нәрсені өткен ғасырдың 70-ші жылдары «Кимберли-Кларк» компаниясы ойлап тапқан екен. Сол жылдары көптеген пайдалы өнертабыстар жүзеге асты, олар әлі күнге өзектілігін жоғалтпай келеді: дәл 1970-ші жылдары сағыз, пластикалық карталар мен call-орталықтар пайда болды. Біз оларды қазіргі әлемнің ажырамас атрибуты деп санаймыз. Біздің елімізде дымқыл майлықтар шамамен 2008 жылдан бастап кең қолданыла бастады. Ал қазір, әсіресе, әйелдер қауымы үйден сөмкемізге ылғал сулық салмай шықпаймыз.
Дымқыл майлықтың да ылғалдылығы мен иісіне қарай түр-түрі бар. Қазірде дүкеннен сатып алып жүрген салфеткалардың көпшілігі ылғалды ұзақ уақыт ұстап тұра алмайтыны, тез кеуіп кететіні жасырын емес. Осы орайда «DALSAN» ЖШС өнімдері өндірістің барлық сатыларында сапаны тұрақты бақылай отырып, мемлекетаралық стандарттың барлық талаптарын сақтап, қазіргі заманғы еуропалық жабдықта түрік технологиясы бойынша өндіріледі. Сондай-ақ, бактерияға қарсы әсері бар жұмсақ матадан жасалады. Өнімдер корпоративті клиенттер нарығында, дәріханаларда, клиникаларда және дүкендерде сатуға арналған. Жобаны іске асыруға жұмсалған инвестицияның жалпы құны 500 мың АҚШ долларын құрайды. Егер қазіргі уақытта кәсіпорында 12 жұмыс орны ашылса, толық жобалық қуаттылыққа шыққан кезде жұмыс орындарының санын 45 адамға дейін арттыру жоспарлануда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 300 мыңға жуық дымқыл майлықтар шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімді ішкі нарықта сатуды жоспарлап отыр. Әзірге Алматы мен Атырауға жіберіп үлгеріпті.
Фабрика директорының айтуынша, өндірісте 5 түрлі шикізат қолданылады. Оның барлығы Түркиядан әкелінген. Өндіріске қажетті құралдар мен құрылғылар да түрік ағайындардыкі. Ылғалды сулықтар – тұтынушылар арасында өте танымал өнім, алайда оның басым бөлігі шетелден әкелінеді.
Мұндай өндірістің артықшылығы – шығын материалдарына тым көп қаржы кетпейді.

157


– 2006 жылы Түркияда шығатын жөргекті Қазақстанда сату үшін келдім. Содан бері сіздердің нарықты зерттеп келемін. Таңдауымыздың Шымкентке түсудегі себебі – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы жан-жақты жеңілдіктер және күнгейдің қолайлы климаты болды. Түбі бір түркітектес елдің ұрпағы болғандықтан, мұндағы адамдармен тіл табысып, кәсіп бастау аса қиын болмады. Біріншіден, өндірістік желі үшін бөлме және материалдар мен дайын өнімді сақтауға болатын қойма дайындадым. Келесі қадам – өндіріс желісін сатып алу. Ылғалды сулықтар өндіруге арналған толық автоматты жабдық салфеткаларды өндіру, кесу және буып-түю үшін қолданылады. Майлық креп-қағаз немесе мата емес материалдан (спан-дэкс) жасалады. Ал дайын өнімді салатын қорапты қасымыздағы «KazBiolife» компаниясынан сатып аламыз, - деді өндіріс барысымен таныстырған Дал Халил.
Кез келген кәсіпкер бизнес бастар алдында халық арасында сұранысқа ие және үлкен инвестицияны қажет етпейтін өнімді іздейді. Бұл бағыттың кәсіпті жаңадан бастағандар немесе жеткілікті капиталы жоқ кәсіпкерлер үшін неліктен соншалықты тартымды екенін қарастырар болсақ, біздің елімізде дымқыл сулық өндірісі әлі толық дамымаған. Бар болғаны 4-ақ компания бар. Оның бірі – Шымкентте болса, қалған үшеуі – Алматыда орналасқан. «Далсан» – ылғалды майлық нарығындағы бесінші компания. Жеке гигиена өнімдерінің нарығында бәсекеге қабілетті кәсіпкерді қабылдауға әлі де мүмкіндік мол.
«Далсанның» дымқыл майлықтарының бағасына келсек, өзге компаниялардыкіне қарағанда анағұрлым қолжетімді. 15 даналығы – 35-36 теңге, 72 даналығы – 165 теңге, 120-сы – 240 теңгеден көтерме бағада сатылуда.
–Қазақстанда шикізатқа қарағанда дайын өнімге сұраныс көп. Өнімнің жарамдылық мерзімі – 3 жыл. Екінші кезеңде түрік тарапы қосымша 3-4 млн доллар инвестиция құйып, гигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен ересек адамдарға арналған жөргек шығаратын зауыт салуды, сонымен қатар Ресейден де дистрибьютрлік фирма ашып, көрші елде де саудамызды жолға қойсақ па дейміз. Қайсыбір істі болмасын тәуекел мен сенімді серік етіп бастауға ұмтыламыз. Себебі, «Тәуекелдің кемесі суға кетпейді» деген сөзге сенемін, - деген Дал Халил бізді шығарып салар сәтте қолымызға бір-бір майлықтан ұстатты. Үйге келіп, компанияның «Eli» брендімен шығарылған өнімін ашып көрсем, иісі мұрын жарады. Суы шығып, қолды сүрткен соң аяқ киімді де бір сүртіп шығуға жарағанына риза болдым. Шымкентте шын мәнінде сапалы майлық шығарылып жатқанына қуандым.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.