Арманына жеткен ару

Пятница, 05 Март 2021 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 795 раз

Әскери қызмет дегенде көз алдымызға, ең алдымен, ер-азаматтар келетіні жасырын емес. Дегенмен, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарында жігіттермен қатар қыз-келіншектер де қатар қызмет атқаруда. Солардың бірі – Ақмаржан Рахымбаева. Жерлесіміз Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінің медициналық ротасында дәрігер болып қызмет атқарады.

Аты дәрігер болғанымен, заты әскери қызмет болған соң, мұнда ер-әйел деп бөлінбейді, дейді кейіпкеріміз. Әскер тәртібі барлығына ортақ екенін айтады.

– 2008 жылы медициналық академияны тәмамдаған соң Ақсу ауылындағы жергілікті емханаға участкелік терапевт болып орналастым. Сонда біраз жыл халыққа қызмет істеп жүрдім. Ал негізі бала кездегі арманым – әскери үлгідегі киім киіп, Армия қатарында болу еді. О баста осы арманым орындалмастай көрінетін. Дегенмен, тәуекелге бел буып, қаншама сынақ пен әңгімелесуден өтіп жүріп, арманыма жеттім. Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінің медициналық ротасына дәрігер болып әскери қызметке тұрдым, - дейді Ақмаржан.

Ақмаржан Сапарқызы 2 қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр. Екеуі де мектепте оқиды. Ал қызмет бабына байланысты іс-сапарларға кеткенде қыздарына ата-анасы қарайласып тұрады.

– Ата-анама алғысым шексіз, маған барлық жағдайда қолдау көрсетіп жүреді. Қыздарымның тәрбиесіне де жан-жақтап көңіл бөліседі. Жалпы, ата-анам мен бауырларым қыз баласы болсам да осы әскери қызметті таңдағаныма қарсы болмай, көп қолдау көрсетті. Сондықтан өзімді бақыттымын деп нық сеніммен айта аламын, - дейді әскери дәрігер.

 

medvrach



Әскери қызметтің әйел баласына оңай емес екенін кейіпкеріміз растайды. Бірақ үйреніп кеткенін айтады.

– Қызмет барысында бізге жеңілдік жоқ. Жігіттер киген киімді біз де киеміз, олар сияқты біз де ату алаңына барамыз, дене шынықтырудан біз де сынақ тапсырамыз. Күнделікті барлық ережелер мен талаптардың бәрін орындаймыз. Дабыл кездерінде де бірдей іс-қимыл жасаймыз. Тіпті, кей кезде төзімділік бізде басымдау болатыны рас. «Әйел қырық жанды» деп бекер айтпаған ғой! – деп күледі Ақмаржан.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігер дәрежесін жоғарылату курстарына барып, көптеген қалаларда іс-сапарда болған. Соның нәтижесінде бүгінде әскери бөлім медициналық ротасының бөлімше бастығы лауазымына жетіп, қызмет етіп жүр.

– Әскери қызметке келіп, өмірімде көп өзгеріс болды. Мінезім өзгерді, әскери тәртіп шыңдандырып, төзімділік пайда болады. Өмірге деген көзқарасым өзгереді. Адал қызметтің нәтижесі де жоқ емес. Мысалы, Құдайға шүкір, осы қызметте болып, мемлекеттік бағдарлама аясында пәтерлі болдым, - дейді медицина қызметінің капитаны.

Последнее изменение Пятница, 05 Март 2021 04:33
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.