SMART CITY – ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ ҮШІН Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1729 раз

Үшінші мегаполисте қалалық қызметтер мен сервистерге арналған Open Shymkent орталық порталы іске қосылып, онда коммуналды жоба да жүзеге асырылады. Үйлерде көрсеткіштерді қашықтан алуға болатын арнайы өлшегіш құралдар орнатылмақ. Қазіргі таңда мұндай «ақылды» құралдар 70 үйде бар. Цифрлық жүйедегі тағы бір жаңалық – жолаушылар қоғамдық көліктің қозғалысын мобильді қосымша арқылы бақылап, қажет көліктің аялдамаға келер уақытын біле алады. Осылайша Шымкентте де цифрландыру қарқынды жүзеге асырылуда. Оның қазіргі жетістіктері мен алдағы жоспарлар туралы Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет ӘБДІРАХАНОВ айтып берді.

325

 

– Әсет Маратұлы, цифрландыру дегенде, көз алдымызға, ең алдымен, уақыт үнемдеу, ұзын-сонар кезек күтпеу келетіні белгілі. Бұл форматтың тағы қандай артықшылығы бар?

302


– Пандемия кезінде онлайн-режимге өту қажеттілігі айқын білінді. Заман талабына сай, биыл Шымкентте қалалық қызметтер мен сервистерге арналған Open Shymkent порталы толық іске қосылады. Онда басқа салалармен қоса коммуналды қызметтер жобасы да жүзеге асырылып, мысалы, пәтер сатып алған азамат коммуналды қызметтерді өз атына оңай аударып ала алады. Жоспарымыз бойынша бұл жұмыс онлайн орындалады, яғни, оператор өтінімді қабылдайды, құжаттарды барлық коммуналды қызмет мекемелеріне жіберіп, типтік келісім-шарт түзіледі. Соңында ол құжаттар тиісті органда тіркеліп, базадағы мәліметтер автоматты түрде өзгереді. Мұның бәрін онлайн рәсімдегенде қаншама уақыт үнемделетінін өзіңіз де сезіп отырған боларсыз.
Бұл үшін биыл біз су арнасы, электр жарығы, қоқыс тасымалдау мен тағы да басқа коммуналды қызметтерді цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Монополистер өтінім онлайн берілгенде міндетті түрде типтік келісім-шарт пен сол азаматтың электронды-цифрлы қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуын сұрап отыр. Себебі, түрлі жағдайлар болып, кей адамдардың коммуналды қызмет ақысын төлемей кетуі кездесуде. Ал ол азаматтар сотта ешқандай типтік келісімге қол қоймағандарын айтады. Мұның барлығы осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін қолға алынған қадамдар.
Бұл жобада ең маңыздысы – порталдың мемлекеттік мәліметтер базасымен кіріктірілуі. Ол үшін мемлекеттік техникалық қызметте аттестациядан өту керек.
– Мемлекеттік база дегеннен шығады, Open Shymkent сайты egov.kz порталының баламасы болмай ма?
– Екі порталдың айырмашылығы көп. egov.kz порталында мемлекеттік қызметтер, ал Open Shymkent-те – коммуналды және спецификалық қызметтер ұсынылады. egov.kz порталындағы ең көп қолданылатын қызметтердің кейбірін біздің сайтқа алуымыз мүмкін, бірақ, 165 мемлекеттік қызметтің барлығын емес. Ал бізде бір ғана коммуналды саланың өзінде 150-ден аса қызмет ұсынылады – техникалық шарт алудан бастап төлем жасауға дейін. Биыл алдымен 50-70 қызметті енгізіп, келесі жылы санын тағы көбейтеміз, портал жұмысының сапасын арттырамыз. Айта кетейін, Шымкентте бұған қоса Open Shymkent фронт-кеңсесі ашылып, онда зейнеткерлер мен компьютері жоқ тұрғындарға қосымша қызмет көрсетіледі.
– Ал цифрлы қауіпсіздік мәселесі ойластырылды ма? Жеке мәліметтерді алаяқтар қолданбай ма?
– Жоқ, жеке мәліметіңізді басқа адамдар қолданып кетуі мүмкін деп қауіптенудің қажеті жоқ. ЭЦҚ осы үшін де қажет, онсыз базаға қосылу мүмкін емес. Немесе ЖСН теріп, мобильді телефонға келген СМС-кодты порталға енгізу керек.
– Әсет Маратұлы, Шымкенттің «ақылды» қала атануы жолында қазіргі таңда не жүзеге асырылды, тағы қандай жоспарлар бар?
– «Ақылды» қала немесе Smart city – бұл, ең алдымен, ақылды шешімдер. Ал ондай шешімдер мәліметтерді жинап, талдау арқылы жасалады. Осы тұста бізге датчиктер, камералар және басқа да құралдар көмекке келеді. Мысалы, барлық тұрғын үйге арнайы есептегіш құралдар орнатылып, көрсеткіштерді қашықтан алуға болады. Қазір ондай құрал 70 үйде бар. Біз қалада жаңа үйлер соғылғанда осындай құралдарды құрылыс барысында бірден орнатуды ұсынып отырмыз. Ал ережелерге есептегіш құралдар орнатылмайынша үйлерді қабылдап алу актісіне қол қойылмау жөнінде өзгеріс енгізіледі. Бұған қоса жоғары жылдамдықты интернетке арналған оптикалық талшық желісін орнату мүмкіндігі де қарастырылмақ. Себебі, Тұран, Shymcity шағынаудандарында соғылып жатқан үй көп, ал интернет жылдамдығы әлсіз. Бұл нормалардың барлығын тиісті министрлік қарастырып, алдағы уақытта жаңа шағынаудандар мен үйлерді соғуда осындай проблема туындамасы үшін қолға алынады. Ал соғылып қойған үйлердегі жағдайды талдап, шешімін тауып, жақсартатын боламыз.
– Шымкентте «Сергек» жүйесі енгізілген үш «ақылды» қиылыс интеллектуалды бейне-бақылау жүйесі, анализ және болжамдау алгоритмі бойынша жұмыс істеп тұр. Оның артықшылығы қандай?
– Алдымен «Сергектің» өзі туралы айтып өтсем. Бұл – жолдар, көлік қиылыстары мен алаңдар, үйлердің аулалары секілді маңызды қалалық аумақтарды бақылайтын бейне-жазба модульдері желісі. Бұл – бейнені жазу және тану, мәліметті өңдеу және талдау жасау интеллектуалды жүйесі. Көпшілік бейне-бақылау жүйесі көлік жүргізу мәдениетін жақсарту үшін, жолдағы апатты азайту үшін қажет деп ойлайды. Дегенмен, ең алдымен қаладағы көлік санын анықтау қажет. Сонда көшелерді кеңейту немесе қайта құру жұмыстарын тиімді жоспарлауға болады. Осындай тұста «ақылды» шешімдер көмекке келеді. Мысалы, Еуропада мәліметтерді жинақтау және талдау аса маңызды саналады, барлық жұмыс соның негізінде жасалады. Алдағы уақытта бізде де солай болғанын қалаймыз. Азаматтардың да өтінімдері назардан тыс қалмайды. Себебі, мәліметтерді жинап, талдау – «ақылды» қала жобасының негізі.
Бейнекамераларға келсек, олар қаладағы 21 қиылыста орнатылған. «Интегра-С» жол қауіпсіздігіне қатысты. Ал қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына (ЖБО) 479 бейнекамера қарайды. Миллионды қала үшін бұл – өте аз. Көп қабатты үйлердің кіреберістеріне орнатылған 2472 камера да ЖБО-ға қосылған. Сол камералардың көмегімен 700-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық пен 3 қылмыстық іс ашылды. Олардың арасында әлеуметтік желіде қызу талқыланған зорлауға оқталу оқиғасы да бар.
Биыл қаламызда 3740 бейнекамера орнатылады. Олардың 2240-ы жол қауіпсіздігіне, ал 1500 камера жалпы бейне-бақылауға арналады. Дегенмен, бұл камералар қала орталығын ғана қамтиды. Алдағы уақытта шалғай аудандарды да камералармен біртіндеп қамтамасыз ету керек. Қала әкімі Мұрат Әйтенов камера орнату жұмысы 2021 жылы аяқталуы тиіс деп мәлімдеді.
Сіз айтқан «ақылды» үш қиылыс қаладағы Тәуке хан даңғылының Тәшенов, Дулати және Қазыбек би көшелерімен қиылысында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Бағдаршам қозғалысының автоматты жүйесі бос көшелердегі жасыл түс жану уақытын азайтып, көлігі көп көшеде ұзарту арқылы көлік қозғалысын реттейді. Жүйе 24/7 тәртіпте жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда ЖБО операторлары оны өшіріп, қолмен басқаруға тапсыра алады. Себебі жүйенің жұмысы апатты немесе басқа да форс-мажор жағдайға қарастырылмаған.
Қазір үш қиылыс аз аумақты қамтып отыр. Қала бойынша көлік қозғалысын осылай реттеу үшін жобаны кеңейту қажет. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тәжірибесі көрсеткендей, бүкіл қала қамтылса, «ақылды» жүйенің тиімділігі арта түседі. Енді оны Шымкентте де жүзеге асыру керек, себебі, қазіргі таңда қала көшелерімен күн сайын шамамен 350 мың автокөлік өтеді.
– Әсет Маратұлы, қоғамдық көлік аялдамаларында автобус қозғалысын көрсететін таблолар қашан орнатылмақ?
– Біздің есептеуімізше, аялдамаларға мұндай таблоларды орнатудың әзірге қажеті жоқ. Автобустарда орнатылған Tolem валидаторларында GPS-трекерлер бар. Осы валидаторларға сервистік қызмет көрсететін компания бізге биылғы көктемде GPS-мәліметтерді ұсынуға уәде берді. Сол мәліметтер қолға тиген соң біз осы мақсатта арнайы іске қосылған мобильді қосымшаға енгіземіз.
Жалпы, цифрландыру – бүкіл әлемді қамтып келе жатқан ғаламдық процесс. Біз де онымен бірге қадам басуымыз керек. Ал ол үшін тұрғындардың да цифрлық сауаты арта түскені жақсы. Себебі, барлық заманауи жетістік сол тұрғындарға арналады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.