Әділ Сасбұқаевқа еңселі ескерткіш ашылды Избранное

Пятница, 19 Март 2021 04:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2471 раз

Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ері Әділ Сасбұқаевқа арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Әділ Сасбұқаевпен үзеңгілес болған замандастары, қоғам қайраткерінің туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

404

 

Ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары бұл ескерткіштің келер ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол екендігін жеткізді.
–Ағаларымыздың осындай ізгі ниеттен туған ісіне Әділ Сасбұқаевтай биік тұлғаның әруағы разы болғай! Ескерткіш қайраткердің атымен аталатын көшемен жалғасқан аллеяның қақ төрінен ашылуы өте орынды деп есептеймін. Елге еңбек еткен ерлердің еленген қызметі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұлағатты ағаларға қойылған ескерткіш болашақты ойлаудың қамынан туған ізгі іс деп ұғамын, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Мұнан соң сөз сөйлеуге шыққандар арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, өңірімізге белгілі азамат Шалатай Мырзахметов ағамыз жайлы сыр толғап, қуанышты сәттің куәсі болғанын жасырмады.
–«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейді атам қазақ. Сол айтқандай біз тұлғаларды тірісінде де, дүниеден өткенінде де қадірлей білуіміз керек. Бүгінгі жиналуымызға осы мақсат себеп болып отыр. Әділ Сасбұқаев ағамыз шын мәнінде артында өшпес із қалдырды. Осы ескерткіш зерделі азаматты ұмытпаудың бір белгісі. Әділ Сасбұқаев өмірден өткенімен оның өнегелі істері ел жадынан өшпейді. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Сол бір ағалық мейірімі үшін оған әрдайым риза боп өтем, -деді Ш.Мырзахметов.
Тау тұлғалы азаматтың мүсінінің тұғырға қойылуына мұрындық болған, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев Әділ Сасбұқаевтың өлшеусіз еңбегін көпшілікке паш етіп, есте қалатын оқиға ортасында тұрғанын баяндады.
–Әдекең кісілік келбеті зор, өте адал, халыққа қамқор жан болды. Сол жақсы қасиеттеріне қарап біз де Әдекеңдей болуға талпындық, соған қарап бой түзедік, ой түзедік. Елдің аузында аңызға айналған адам еді. Әдекең соғыс көрді, елдің қиыншылығын арқалады. Ұлыларды ұмытпау ұрпаққа парыз болса, мінеки сол парызды орындап тұрмыз. Отыз жылдық тәуелсіздіктің баянды болуына негіз қалаған осындай Әдекеңдей ізгі жандардың өлшеусіз еңбектері. Жастар тарихты біліп өсу керек. Елдің ағасы, халқының жанашыры кім болғанын біліп жүруі тиіс. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, осынау еңселі ескерткіштің тұрғызылуына қолдау білдірген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке ардагерлер, халық атынан алғыс білдіремін. Ағамыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып тұрарына сенімім кәміл, - деді Б.Тұрғараев.
Ескерткіштің ресми ашылуынан соң Әділ Сасбұқаевпен қызметтес болған, сол кісінің тәрбиесін көрген үзеңгілес, замандас інілері бүгінгі құрметті зейнет демалысындағы ардагерлер Молдабай Ілиясов, Рахманберді Орынбай, Орман Анарбек, Рысбай Исамуддин ақсақалдар қайраткер рухына тағзым жасап, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.
Қазығұрт, Созақ аудандарының, Шымкент, Түркістан қалаларының, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Әділ Сасбұқаев 1922 жылы 7 желтоқсанда Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Алғашқы қызметін Қаратас ауданында тергеуші, хатшы болып бастаған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қызыл армия жауынгері сұрапыл соғыста бірнеше қалаларды азат етуге қатысқан. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І,ІІ дәрежелі «Отан» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыстан оралған соң Қаратас аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Шымкент қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Түркістан аудандық комитетінде екінші хатшы, осы ауданның атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1960-1970 жылдары Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шымкент облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерінде болды. 1970 жылы Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы атанды. 1973-1984 жылдары Шымкент облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды.
Зейнеткерлікке шыққан соң да өмірінің соңына дейін еліміздің берекесін бекемдеу, тәуелсіздігімізді нығайту жолында еңбек етіп, бар білгенін, жиған-терген тәжірибесін өскелең ұрпаққа үйретіп, соларға жол көрсетіп, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге баулып, халықты ынтымақ бірлікке, достыққа шақырып, нағыз ақылгөй, дана қария бола білді.

Последнее изменение Пятница, 19 Март 2021 04:24