ҚАЗАҚТЫҢ НАУРЫЗЫ ӘЛЕМДІК БРЕНДКЕ АЙНАЛАДЫ Избранное

Пятница, 19 Март 2021 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2923 раз

18 наурыз – Игі істер күні. Осыған орай үшінші мегаполисте экологиялық акция ұйымдастырылып, 8-шағынаудандағы аллеяда көшеттер егілді. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов және Майра Мұхамедқызы, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақбота Керімбекова бастаған өнер жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, көшет екті.

412

 

– Тал егу – ата-бабамыздан қалған дәстүр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейміз. Көктем келе айналамызды тазартып, жыл басына дайындаламыз. Тал егіп, бұлақ көзін ашамыз. Бұл акция да осынау игі іс аясында өтуде. Биылғы Наурыздың орны ерекше. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әз-Наурыз мерекесін он күн бойы, 14-24 наурыз аралығында әр күнді өзіне тән атаумен мерекелейміз. Бүгін Игі істер күні табиғатқа жанашырлық танытып, аллеяда тал егілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың идеясымен «Наурыз Шымкенттен басталады» мега жобасын қолға алдық. Өңіріміздің табиғаты да бұған сай келіп тұр. Мұндағы мақсат – жаңа жылды Шымкентте қарсы алу үрдісін бастап, үшінші мегаполистің өзіндік брендін қалыптастыру, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Республикалық «Эко-сана» қозғалысының бастамасымен қолға алынған акция аясында аллеяда 42 көшет егілді. Бұл жолғы ерекшелік – егілген әр көшет атаулы. Қозғалыс жетекшісі Нұрайым Шахимерденнің айтуынша, көшет отырғызған адамға ай сайын мобильді қосымша арқылы хабарлама барып, күтіп-баптау, суаруды еске салып тұрады. Бұл жөнінде Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы да қуана хабарлады.

416


– Наурыз мерекесінің мән-мағынасы – жаңа жылдың бастауы. Қыстан шыққан ағайын мал-жанымен бірге көкке ілініп, жаңа өмірге қадам басады. Біз сондай мерекеге үлес қосып, отырғызған көшеттер жергілікті тұрғындарға көлеңке сыйласа, біз қуанамыз. Ұйымдастырушылар айтып өткендей, бұл атаулы талдар бізге хабар берген сәтте келіп, талды суарып тұрамыз, - деді
Бахадыр Нарымбетов.
Айта кетейік, «Наурыз тал» қалалық акциясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Ал акция соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.