Версия для печати

3 мыңға жуық ананы босандырды Избранное

Пятница, 26 Март 2021 03:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2339 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Иә, адамзат баласы талай нәубетті бастан өткерді. Коронавирус – соның бірі ғана. Әлем халқына ауыз салған вирус Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Шекараны шегендеп, етек-жеңімізді қанша қымтасақ та, дендеген дерт осыдан бір жыл бұрын 13 наурызда тіркелген болатын.

426

 

Шымкенттік Жарқынбек Данияров – қауіпті індетпен күресте алғы шепте көрінген ақ халаттылардың бірі. Ол жары мен үш баласынан жырақта төрт ай бойы науқастардың өмірі үшін арпалысты.
Жаһанды жайлаған COVID-19 дәрігерлердің қоғамдағы қадірі мен адам өміріндегі маңыздылын дәлелдеп берді. Қауіпті індетке қарсы күресте медицина мамандары халықтың амандығы үшін бастарын бәйгеге тікті. Кейіпкерімізді де сын сағаттардағы осындай еңбегі үшін мақтан тұтуға болады.
Әсіресе пандемия тұсында перзентханада жұмыс оңай болмады. Ана мен бала күзетінде сақшыдай қырағы акушер-гинеколог Жарқынбек Данияровтың еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, хирургиялық профильдегі маманның өмірмен арпалыс кезінде тез шешім қабылдап, тәуекелге баруы ерлікпен пара-пар екеніне дау жоқ. Кәсіби дәрігер осындай сәтте уақытпен санаспай, қатерлі топтағы жүкті әйелдерді босандыруда кәсіби жоғары біліктілігімен көзге түсіп жүр. Бүгінге дейін ол 3 мыңға жуық ананы аман-сау босандырып, алғысқа бөленгенін айтпай кетуге болмас.
Жалпы, қалалық перзентханада жыл басынан бері 941 ұл, 896 қыз дүниеге келген. Сын сағатқа толы қатерлі кезеңде кейіпкеріміз инфекциялық ауруханада қажеттіліктен жұмыс істеген. Бұл уақытта акушер-гинеколог коронавирус жұқтырған әйелдердің өмірін сақтауға өз үлесін қосты. Айталық, сол кезде Жарқынбек Данияров бастаған дәрігерлер инфекциялы 21 жастағы аяғы ауыр келіншекке кесарь тілігі арқылы сәтті ота жасап, ана мен бала аман-есен отбасына оралды. Жарқынбек Жақыпбекұлы қалалық перзентхана жанынан ашылған провизорлық орталықта да уақытпен санаспай науқастарға медициналық көмек көрсетті. Дерт дендеген сәттен бастап төрт айға дейін отбасын да, жаңа туған ұлы Санжарды да көрген жоқ.
– Жаңа өмір біздің перзентханадан басталады. Әйелдердің аяқ-қолын бауырына алып, сәбиімен үйіне шыққан сәтін көрген сайын қуаныш сезімінде боламыз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда аналардың өздігінен босануы қиын. Оған себеп, аналар денсаулығын күтуге, емделуге жіті көңіл бөлмейді. Аналар жан сақтау бөлімшесіне түспесе, бәрі ойдағыдай жақсы болса, сол – басты жетістігіміз, -дейді дәрігер.
Білікті маманның медицина саласын таңдауына анасы Анар Даниярованың бас медбикелік қызметі ықпал еткен. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина университетін бітіріп, еңбек жолын Көкшетаудағы перинаталды орталықта бастады. Әйелі Айзат Темірбаева да – акушер-гинеколог дәрігер.
Бүгінде еліміз ана мен балаға қамқорлығын аяп қалып отырған жоқ. Сондықтан 40-45, тіпті 50 жаста да алғашқы сәбиін босанып жатқан әйелдер кездеседі. Күн сайын қалалық перзентханада 30 балаға дейін дүние есігін ашады. Дегенмен, дәрігер кесарь тілігіне аналардың көбіне қимыл-қозғалыстың аздығынан баратынын айтады. Соның салдарынан іштегі баланың салмағы артатын көрінеді.
Адам – мемлекеттің басты құндылығы екенін ескерсек, дені сау ана мен бала – демографияның кепілі болмақ. Сол себепті олардың жанын сақтап қалуда ақ халаттыларға артылар жауапкершілік жүгі орасан.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.