Қош келдің, бөбегім! Избранное

Пятница, 26 Март 2021 03:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4438 раз

Мереке қарсаңында қала перзентханаларындағы шымкенттік 253 анаға қала әкімінің жүрекжарды мерекелік құттықтауы жолданды. Бұл күтпеген тосын сый құшағына сәбиін алған жандарды таңғалдырды. Тіпті олар бір мезет қиналған сәтін де ұмытып кетті. Баладай тасыған көңілдерге дәрігерлердің де ілтипаты қанат бітіргендей. Аналармен бірге ақ халаттылар да мәре-сәре.

425

 

Шын көңілмен ұсынылған мерекелік ашық хат қымбат тон мен гауһар әшекейлерден кем емес еді. Шынында, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің риясыз көңілмен жолдаған ақжарма тілегі аналарды бейжай қалдырған жоқ. Жылы сөз, әдемі ақ тілек олардың қуанышын еселеді.
«Айналайын бөбегім! Қош келдің! Жарық дүниедегі тынысың құтты болсын! Бүгін ата-анаңды қуантсаң, ертең еліңнің тірегіне айналасың! Болашағымыз – өзіңсің! Өс, өн, өркенде! Білімді бол! Жұртыңа қызмет қыл! Өмір жолың ашық болсын!» делінген құттықтау хат ұл балаларға көк, қыз балаларға қызыл түстермен жолданған.
– 22 наурыз күні таңғы сағат 4-ке таяу босандым. Өмірге шекесі торсықтай ат байлар келді. Салмағы – 3 келі 700 грамм, бойы – 55 сантиметр. Білікті дәрігердің көмегімен дүние есігін ашқан сәбиімді қолыма алғанымда қуанышымда шек болған жоқ. Кейін палатаға келгенде шаһар басшысының құттықтауын алып, таң-тамаша қалдым. Жылы лебізі еріксіз толқытты. Мұрат Дүйсенбекұлы, Сізге алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны 25 жастағы Құралай Тұрсынбек.
Қалалық перзентханада босанған Маржан Ибраимова да мерекелік құттықтауды көріп, таңданысын жасыра алмады. Тұңғышын құшағына басқан жас ананың алғыстан басқа айтары жоқ.
– Ұлыстың Ұлы күнінде ұлым өмірге келді. Мұнда өз ісінің майталман мамандары көп. Үрей артта қалды. Ота арқылы босанып, ана атандым. Қазір менің де, баламның да жағдайы жақсы. Ал күтпеген мерекелік құттықтау көңілімді тіпті көтерді, – дейді Маржан.
Мереке қарсаңында демографияға үлес қосқан әйелдерге қала әкімінің құттықтауы бағалы сыйлықпен пара-пар болғаны көрініп тұр. Акушер Зина Аяпбергенованың айтуынша, күн сайын қалалық перзентханада 22-24 бала өмірге келсе, Наурыз мейрамында бұл көрсеткіш 38-ге жеткен. 22 жылдан бері ана мен бала өмірі үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан маман «Ана мен бала аман болсын! Қаламыздағы демографиялық өсім арта берсін» деген игі тілегін жеткізді.
Шымкент қаласында перинаталдық орталықтар мен перзентханаларда мереке күндері 65 бала дүниеге келген. Оның 23-і қыз, 42-сі – ұл, біреуі – егіз.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.