572 МИЛЛИОН: БҰЛ – ТЕК НАУРЫЗҒА ЕМЕС, БІР ЖЫЛҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ Избранное

Пятница, 26 Март 2021 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2291 раз

Биыл қалада «Наурыз Шымкенттен басталады» атты ауқымды жоба қолға алынғаны белгілі. Жергілікті биліктің бастамасымен Шымкентте Наурызға байланысты 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде халықаралық деңгейде өткендері де бар. Алайда, әлеуметтік желіде кейбір блогерлер Наурызды тойлауға жұмсалған бюджет қаржысын қызу талқылап жатыр. Осыған орай, біз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада ЕСЕНОВАМЕН сұхбаттасып, жағдайды түсіндіріп беруді сұраған едік.

436

 

—Ханзада Әзімханқызы, «Шымкент қаласында Наурыз мерекесін 10 күн тойлауға жарты миллиардтан астам бюджет қаржысы жұмсалды» деген ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаса ма?
—Әрине, жоқ, бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Бұл жерде анықтап айта кететін мәселе, 572 миллион теңге Шымкентте жыл бойына мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы. Бұл қаржы депутаттардың алдында қорғалып, сессияда мәслихаттың шешімімен бекітілген. Айта кетейік, өткен жылы мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге 559 миллион, ал, 2019 жылы 593 миллион теңге бөлінген.
Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы жаңа форматта, жоғары деңгейде тойлау үшін 213 миллион теңге қаралды. Бұл қаржыға әртүрлі сипаттағы 103 іс-шара өткізілді. Жалпы, 158 іс-шара жоспарланған еді, алайда біразын карантиндік шектеулерге байланысты кейінге қалдырдық.
Айтайын дегенім, 213 миллион теңгенің өзі кейбір блогерлер жазып жатқандай 5-6 іс-шараға бөлінген жоқ.

—Осы жерде Наурызды осылай тойлауға қажеттілік бар ма еді деген сауал туындайды...
—«Наурыз Шымкенттен басталады» деген онкүндікті ұйымдастыру арқылы біз осы мерекеге белгілі бір дәрежеде «монополия» орнатуға ұмтылдық. Мәселен, жұрт сакура гүл ашқан кезде Жапонияға ағылатыны секілді Наурыз кезінде адамдар Қазақстанға асығатындай болуы тиіс. Соның ішінде шетелдік туристер де, республиканың өзге өңірлерінің тұрғындары да Наурыз мерекесінде Шымкентке қарай ағылатындай болса екен дейміз. Болашақта Наурыз дегенде көпшіліктің ойына Шымкент оралатындай болса керемет емес пе?! Айналып келгенде, бұл Шымкентте туризм саласының дамуына тікелей әсер етеді. Ал, туризмнің дамуы қала экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етері айтпаса да түсінікті.
Бұл бастамалардың алғашқы нәтижелерін де көріп отырмыз. Мәселен, Шымкенттегі қонақ үйлерде 7 мың орын бар десек, алдын ала мәліметтер бойынша, Наурыз күндері осы орындардың 83 пайызы толып қалды. Яғни, қалаға келетін қонақтардың саны осы күндері әдеттегінден 2 есе көбейді. Сәйкесінше, олардың табысы да 2 есе көбейді. Оған қонақтардың транспорт пен тамақтануға жұмсаған қаржысын қосыңыз... Яғни, шымкенттік кәсіпкерлер осы күндері қомақты табыс тапты деп айтуға негіз бар. Бұл – бір.
Екіншіден, қаладағы эпидемиологиялық жағдай бізге осындай мереке ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Шымкент «жасыл» аймақта тұрған Қазақстандағы жалғыз қала. Өзіңізге белгілі, өткен жыл бүкіл әлем үшін, соның ішінде Қазақстан халқы үшін де өте ауыр жыл болды. Індеттің кесірінен қаншама азаматтарымыздан айырылып қалдық. Бірақ, өмір жалғасып жатыр. Осындай күрделі кезеңде халықтың рухын көтеріп, қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйін жақсарту өте маңызды. Наурызды кең көлемдегі тойлаудағы ең басты мақсатымыз да осы еді.
—Көпшілікті «Наурыз айтысқа» бөлінген 40 миллион қаржы да қызықтырады. Неге бір шараға сонша көп қаржы бөлінді?
—Сіз айтып отырған 40 миллион теңге айтыстың өзіне ғана бөлінген жоқ. Бұл «Наурыз айтыс» атты үлкен жобаға бөлінген қаржы. Оның ішінде 2 ауқымды іс-шара бар. Ақындар айтысына 22 млн. 529 теңге бөлінген. Қалған қаржы ақын-жазушылардың проза және поэзия бағыттары бойынша өткен байқауы мен мүшайрасына жұмсалды. Бұл қаржының ішінде жүлде қоры, қатысушылар мен қазылар алқасының гонарары, олардың келу-кету мен орналастыру, тамақтану мен транспорт өзге де көптеген шығындары бар.
—Жақсы делік, бірақ неге бұл іс-шараны өзге емес, жиһаз өндіретін компания өткізеді? Неге толыққанды мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілмей, бұл шаралар бір көзден қаржыландырылды?
—Кез келген іс-шараның жоғары деңгейде өтуі оның тұжырымдамасының дұрыс әзірленуіне байланысты. «Quraq Group» компаниясының «Наурыз айтыс» жобасына дайындаған тұжырымдамасы өте ұтымды болды. Сол себепті бұл іс-шара бір көзден сатып алу тәртібімен қаржыландырылып, тікелей келісімшарт жасалды.
Жиһаз өндіру — бұл компания қызметінің бір ғана бағыты. Іс жүзінде ол мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен де айналысады. Соның ішінде ақындар айтысын ұйымдастыруға лицензиясы бар. Бұл компания осындай іс-шараларды ұйымдастырып жүрген белгілі продюссерлермен бірлесіп жұмыс істейді екен. Менің ойымша, айтысты кімнің ұйымдастырғанына қарағанда, оның нәтижесі маңыздырақ болса керек. Ең бастысы, Наурыз айтыста ақындар жоғары деңгейде өнер көрсетті және бұл шара көпшіліктің көңілінен шықты. Осының өзі ұйымдастырушының дұрыс таңдалғанын көрсетіп тұр емес пе?!
—Жалпы, Шымкентте мәдениет саласын дамытуға қанша қаржы бөлініп отыр?
—Шымкент қаласының бюжетінен мәдениет саласына жалпы 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы Шымкенттегі 6 театр, 5 кітапхана мен оның 35 филиалы және өзге де мәдени мекемелердің шығындарын өтеуге жұмсалады. Бұл көп пе, аз ба? Бұл сұраққа жауап берген кезде Нұр-Сұлтан мен Алматы секілді мегаполистерде мәдениет саласына бөлінген қаржы бұдан 3-4 есе көп екенін ескеру керек.
—Наурыздағы іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеуге 22,9 миллион теңге жұмсалыпты. Бұл тым көп емес пе?
—Көрсетілген қаржы тек Наурыздағы іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеуге бөлінбеген. Бұл Шымкенттегі 19 мәдениет мекемесі өткізетін барлық іс-шараларды БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халыққа жеткізу мақсатында жұмсалатын қаржы.
Оған қоса, Шымкент «жасыл» аймақта орналасқанына қарамастан Наурыздағы барлық іс-шараларды эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді. Карантиндік шектеулерге байланысты іс-шараларға аз көрермен қатысқаны да белгілі. Сондықтан бұл іс-шараларды телеарналар мен интернет ресурстар арқылы насихаттауға, халыққа жеткізуге баса назар аударылды. Бұл қаржының бір бөлігіне республикаға белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен 180 бейнеролик түсірілгенін де айта кеткен жөн.
—Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Другие материалы в этой категории: « Артық білім – кітапта «ДАМУ» демеген жобалар »