Әлеуметтік мәселе – қоғамдық келісім назарында Избранное

Среда, 07 Апрель 2021 03:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2748 раз

Жуырда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті.

573

 

Жиынға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы қатысып, қала аумағында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты бірлесе іске асыруға шақырды.
Кеңес төрағасы О.Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен отырыста мегаполистегі коммуналдық мәселелер мен жұмыссыздық жайы жан-жақты қаралып, талқыланды. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков пен қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бағдат Архабаев атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндап, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Қаланың бас энергетигі Боранбай Нығметұлының айтуынша мегаполисте ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 95,6 пайызды құрайды. Шаһарда 81 елдімекен болса, оның 69-ында ауыз бар, жетеуі суды тасымалдап ішеді, 5 елдімекенге кестемен беріледі. 2021 жылы жоғарыдағы 7 тұрғын алабына және кестемен ішетін елдімекендердің үшеуіне ауызсу тартылады. Нәтижесінде су кірген ауылдар мен шағынаудандар көрсеткіші 98 пайызға жетеді. 2022-2023 жылдары ауызсу мәселесі 100 пайызға шешіледі.
Боранбай Нығметұлы баяндамасында кәріз жүйесі туралы да тоқталып өтті. Қалада 150 мың текше метрлік 1 шайынды су тазартатын нысан бар. Кәріз жүйесімен жабдықталу деңгейі шаһарда 52,3 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда 60 және 150 мың текше метрлік шайынды су тазартатын орын салудың жобасы әзірленіп жатыр. Мегаполисте 18 елдімекенде кәріз жүйесі болса, қалған 63-і онымен қамтылмаған. Қазіргі таңда Шымсити, Тұран шағынаудандары жақтан коллектор салынуда. Оның құрылысы бітсе кәріз жүйесіне қосылатын тұтынушылар саны артады. 2021 жылы шайынды сулар құбырларымен қамтамасыз ету көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспары тұр.
Баяндамада энергетика мәселесі де қамтылды. Қаладағы 81 елдімекеннің 69-ы сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Биыл 16 шағынаудан сапалы электр жүйесіне қосылады. 2022 жылы қала 100 пайызға сапалы жарықпен қамтылады.
–2021 жылдың 21 наурызында Самал-3 қосалқы станциясындағы апатқа байланысты жарық сөнулер орын алды. Соның салдарынан 21 мың абонент жарықсыз қалды. Бірақ соның артынша жағдайды қолға алып, қаланың өзге аудандарының есебінен жарықты қостық. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалпына келтіру жұмыстарын осы сәуір айында аяқтаймыз. Бүгінгі таңда трансформатор ұрлаушылар көбейіп кетті. Олар трансформатордың ваккумды қосқыш деп аталатын бөлшегін ұрлайды. Ол бөлшектің құны 2,5 миллион теңге тұрады. Ұрылар өзге облыстардан келген азаматтар екені анықталды. Полицейлердің іздестіру жұмыстарының арқасында 36 ваккумды қосқыш кері қайтарылды. Бұл бөлшек жарық өшсе қай көшенікі сөнгенін анықтауға көмектеседі. Осындай келеңсіздіктің салдарынан энергетиктердің жұмысы біраз қиындап қалды,-деді Боранбай Нығметұлы.
Сонымен бірге баяндамашы биыл ІІ тоқсанда АГРС-3 іске қосылатынын мәлімдеді. Газ тарату станциясы жұмысын бастаса бүкіл мегаполистегі табиғи газдың қысымы көбейеді. Қазір газдың қысымы төмен деңгейде. Және де мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында инвесторлар көмегімен көшелер жарықтандырылады. Бас энергетиктің айтуынша шаһарда жалпы саны 1900 көше бар, оның 747-і маңызды саналады. Сол маңызды көшелердің 200-і жарықшаммен қамтылған. Енді маңызды 300 көше жарықтандырылады. Сол кезде мегаполистегі жарықшамы бар көшелер саны бойынша көрсеткіш 70 пайызға көтеріледі. Бұл жоспарды орындау мақсатында инвесторлар жыл сайын 3,5 миллиард теңге жұмсауға дайын.
Өз кезегінде қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бағдат Архабаев орталықтың атқарған жұмыстары туралы баяндап берді. Ол өз сөзінде орталық 3 бағытта қызмет көрсететінін жеткізді. Біріншісі қысқа мерзімдік оқулар арқылы жұмыссыз азаматтарға жаңа кәсіп үйретеді. Үш айлық курсты аяқтаған соң олар жұмысқа орналастырылады. Курс оқу барысында шәкіртақы тағайындалады. Екіншісі шағын несие, қайтарымсыз грант ұсынылады. Ол үшін азаматтар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бастау-бизнес» курсынан оқудан өтуі тиіс. Грант конурсына негізінен жұмыссыздар, көпбалалалы аналар, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген жандар қатысады. Үшіншісі азаматтар «Жастар практикасы» жобасымен және жұмыссыз ретінде қоғамдық, әлеуметтік еңбек орындарына жұмысқа тартылады. Бұл күні 2337 адам әлеуметтік жұмысқа орналасса, 567-сі Жастар практикасына қатысуға жолданды, 2778 адам қоғамдық еңбекке араласуда. Орталықта атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттар қабылданады. Мекеме өкілінің айтуынша жыл басынан бері 9265 өтініш қабылданып, тиісті қаржылары тағайындалды. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біраз азамат құрылыс жұмыстарына жіберілді. 2021 жылдың І тоқсанында жұмыссыздық деңгейі Шымкент қаласы бойынша 5,1 пайызды құрады.
–Пандемияның қиындықтарына қарамастан өткен жылы қолға алынған іс-шаралардың арқасында 40 мың адамды еңбекке тартып, соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 5,1 пайыздан өсірмедік. 2019 жылы да қаладағы көрсеткіш осындай еді. Жұмыспен қамту бойынша жаңа тәсілдер іске асырылып жатыр. Соның бірі жұмыс беруші мүгедек адамды жұмысқа қабылдаса, оған қосымша субсидия беріледі, яғни қажетті құрал-жабдықтарды орталық өз тарапынан сатып әпереді, деді Б.Архабаев.
Қалалық ассамблеяның консультативтiк-кеңесшi органы болып табылатын кеңестің негізгі міндеті – қоғамдық бақылауды дамытуға көмектесу және жалпыұлттық бірлік саласындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
Бүгінде қоғамдық негізде қала аумағында 5 Қоғамдық келісім кеңесі әрекет етеді. Кеңес құрамы абыройлы ақсақалдар мен этномәдени бірлестік мүшелерінен жасақталған.
Қоғамдық бақылау жасаумен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде іске асырып келе жатқан кеңес отырыстарында соңғы 2 жылда 14 сала жетекшісінің есебі тыңдалып, ассамблеяның диалог алаңында 80-нен астам ұсыныс айтылды.