Дайындық зерделеніп, дәрі-дәрмекпен қамту қатаң бақылауға алынды Избранное

Среда, 07 Апрель 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2417 раз

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, «қызыл» аймақта – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе облыстары тұр. Ал Шымкент қаласы «сары» аймақта орналасқан. ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой наурызда ақпанмен салыстырғанда науқастану өсімінің 30 пайызға артқанын айтты. Үшінші мегаполисте медициналық ұйымдардың дайындығы жауапты басшылар мен мекемелер тарапынан қайта-қайта пысықталып, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қатаң бақылауға алынды.

580

 

Медициналық ұйымдардың жұмысы пысықталды

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы бірқатар ауруханаларды аралап, жай-күйімен танысты. Алдымен Асар шағынауданында орналасқан қалалық клиникалық балалар ауруханасына барды. Медициналық мекеме эпидемиологиялық жағдай ушықса 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдауға дайын. Бұл үшін ауруханада 60 төсек орынға дайындалған жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылған. Ауруханада мамандар жеткілікті. Инфекциялық ауруға шалдыққан балаларды ауруханада қабылдау үшін арнайы жоспар дайындалған. Мұндай науқас балалар бөлек бокстарда қабылданып, емдеу шаралары тиісті тәртіппен жүргізіледі.
Одан кейін шаһар басшысы перинаталдық орталықта болды. Аталған орталық коронавируске шалдыққан жүкті әйелдерді қабылдайды. Мұнда да 30 орынға лайықталған провизорлық бөлімше ашылған.
Ауру өршіген жағдайда мұндағы дәрігерлер инфекцияға шалдыққан жүкті әйелдерді қабылдап, медициналық көмек көрсететін болады. Бөлімше 100 пайыз оттегі нүктесі және ИВЛ аппараттарымен жабдықталған.
Қала әкімі өткен жылдағы қателіктерді болдырмау үшін барынша дайындықты күшейте түсу керектігі жөнінде сала басшысына тапсырма берді.
«Медицина саласы қателікті кешірмейтін, адам өмірімен тікелей байланыста болатын. Сондықтан ауруханалар мен емханалардағы әрбір жағдай қатаң бақылауға алынсын», - деді Мұрат Әйтенов.

Қоймада қор жеткілікті

Бүгінгі таңда Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәріханалар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік зат бар. Оның ішінде ыстықты түсіретін, антибиотиктер, глюканат секілді вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек түрі кездеседі. Бағалары 25 теңгеден басталады.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар көтерме сауда қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын мекемелерді аралап, жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және жинақтау бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді.
Өткен жылы коронавируспен күреске қолданылатын дәрілерге бюджеттен 180 млн теңге бөлінді. Биыл тағы 659 млн теңге көлемінде тұрақтандыру қорына қаржы бөлінбек. Осы жұмыстардың нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасы 15-30 пайызға төмендеген.
Қоймаларды аралаған Мұрат Әйтенов күніне 20 мың бетперде шығаратын «Bіzhon» ЖШС барды. Мекеме өткен жылы жалпы сомасы 78 400 000 теңгені құрайтын 2 240 мың дана медициналық бір реттік бетперде өндірген.
Ал, «Экофарм» ЖШС-де көп реттік және бір реттік медициналық киімдер тігіледі. Өндіріс орны 648 876 дана медициналық бұйым шығарған. Оның ішінде обаға қарсы киімдер, көп рет қолданылатын дәке таңғыштар бар.

«Заңсыздық орын алса, басшысы қатаң жауапкершілікке тартылады»

Қала әкімі М.Дүйсенбекұлы «IKomek 109» орталығында қаладағы фармкомпаниялардың және тиісті сала басшыларының қатысуымен онлайн өткен көшпелі отырыста осылай деді. Басқосуда фармацевтикалық мекеме өкілдерінің мәселелерін тыңдап, ортақ шешімдер қабылданды.
– Өткен жылғы қателікті қайта болдырмау үшін дәріханалар мен қала тұрғындарына барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тек дәрігер нұсқаулығымен ғана сатылуы керек. Пандемия ушыққан сәтте тұрғындар арасында дәрілерді көптеп сатып алып, үйінде сақтап, мерзімі мен сақталу шарттарын сақтамаған, өзін емдеймін деп керісінше әсер алған жайлар да орын алды. Үй жағдайында өзін емдеу, алыпсатарлық секілді мәселелер туындамауы тиіс. Коронавируспен ауырған науқастар ауруханаларда тегін ем қабылдайды. Заңсыздықтар орын алар болса басшылар қатаң жауапкершілікке тартылады. Барлығы өзімнің жіті бақылауымда болады, - деді қала басшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.