Тарихты тасқа таңбалаған талант

Среда, 14 Апрель 2021 03:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2716 раз

Шырайлы шаһарда тастың тілін тапқан хас таланттардың бірі Дәурен Әлдеков болатын. Ол – сурет салып, мүсін соғып қана қоймай, тас қашап, бейнелеу өнерінің қыр-сырын әбден меңгерген жан еді. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» демекші, бар ғұмырын ұрпаққа ұлағат етуді мұрат тұтып, жаны ізгілік шуағымен жадыраған жандар артында өшпес іс, өлмейтұғын мұра мен із қалдырады. Тас қашаған шебер Дәурен Жұмабайұлы да әр еңбегінде оқиғаны ерекше тебіреніспен жеткізіп, артына өшпес із қалдыруға тырысты. Қалдырды да.

610

 

Үшінші мегаполисте орын тепкен көптеген тарихи ескерткіштер, стелла, тарихи монументтердің авторы – Дәурен Әлдеков. Атап айтқанда, бүгінде Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Ғани Иляев, Төлепбек Назарбеков, Шәмші Қалдаяқов, әскери мектеп алдындағы Сабыр Рахимовтің бюсті, Сұлтан Сүлейменовтің және Абай саябағындағы Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткіштері, Ордабасы алаңындағы «Жер ана» стелласы, Тәуелсіздік саябағындағы «Қазақстан Тәуелсіздігінің бедерінде» монументі ұлттық ұстындарымызды қастерлейтін тарихи-мемориалды кешендерге айналды.

612


Бүгінде оның қолынан шыққан туындылар қаланың шырайын ашып, менмұндалаған мүсіндері мегаполиске көрік беріп тұр. Қабілетімен шығармашылық қауымды мойындатқан көрнекті мүсіншінің туындылары еліміз бен көрші мемлекеттердің музейлеріне қойылған. Тарихты тасқа таңбалаған дара тұлға тірі болғанда биыл 70-ке толар еді...
Жуырда Бейнелеу өнері мұражайында 120-дан астам монументалды туындының авторы Дәурен Әлдековтің еске алу жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Көрмеге автордың талай жылдар тер төгіп, көз майын тауысып жасаған 60-қа жуық шығармасының фотосуреттері мен түпнұсқалары қойылды. Сонымен қатар, мүсіншінің өнердегі үзеңгілес достары белгілі суретшілер, мәдениет пен өнер қайраткерлері, ҚР суретшілер одағының мүшелері, Шымкент қалалық суретшілер одағының «Tamyr» шығармашылық тобы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Досты еске алу» көрмесін қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды.
Бейнелеу өнері музейінде өткен салтанатты жиында мүсіншінің жары Әсия Ералықызы бастаған отбасы мүшелерімен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері, суретші-монументалист Насыр Рүстемов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО жанындағы көркемсурет сыншылары қауымдастығының мүшесі, өнертанушы Камилла Ли, Шымкент қалалық суретшілер одағының төрайымы Айнұр Асанова, ҚР Мәдениет қайраткері, Бейнелеу өнері музейінің бөлім меңгерушісі Рысқұл Бекталиева бастаған өнерсүйер қауым мүсінді бейнелердің мінсіздігімен ерекшеленетін шығармалар қалдырған біртуар азаматтың еңбектерінен жасақталған көрмені тамашалап, мүсінші жайлы айтып, естеліктерін сөз етті.
Бірге оқып, бір үзім нанды бөлісіп жеген, дос-бауыр болып жақын араласқан Насыр Рүстемов досы һәм өнердегі әріптесі Дәурен Жұмабайұлын қарапайым және еңбекқор, батыр тұлғалы жан еді деп тебірене айтады. Олар ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істегендерін мүсіншінің өзі әңгімелеп берді. Насыр ағаның көңіл сандығында сақталған жастық шағының балдай тәтті естеліктерінің көбі мүсінші Дәурен Әлдековпен байланысты.
– Дәурен өзінің дарынымен дараланған жан еді. Ол мүсінші ретінде үлкен тұлға. Біз Дәурен Әлдеков, Ұзақбай Көшкенбаев үшеуіміз Ташкенттегі П.Беньков атындағы көркемсурет училищесінде бірге оқыдық. 80-жылдары Шымкентке қайттық. Дәуреннің дипломдық жұмысын бірінші көрмеге қойғанда Мәскеудегі музей сатып алған. Ондай дәрежеге сол кездері ешкім жеткен жоқ еді. Екінші жұмысына Пушкин мұражайы қызметкерлерінің назары ауып, өздеріне сатып алды. Төрт мәрте Совет Одағының үздік мүсіншісі деген атақ алды. 1992 жылы Тоқаев көшесіндегі үлкен шеберханаға көшіп барып, талай жұмыстарды сол жерде көз майымыз тауысып жасадық. Иә, ол нағыз дос, жолдас! Ең бастысы – нағыз азамат еді! Ол мұндай асыл қасиеттерімен тек таныстары алдында ғана дараланбады. 43 жыл достасқан жанның жақсы қасиеттері көп. Қазір оның қолынан шыққан туындыларды қаладан көріп, жанынан өткенде еске түсіріп аламын, - дейді Н. Рүстемов.
Ал Камилла Ли Дәурен Жұмабайұлын бірінші кезекте көркемдік ойды жүзеге асыру үшін қолдануға қажетті пластикалық икемділік, сомдаудың күрделілігі, материалдың иілгіштік қасиеті қызықтырғанын айтады.
– Дәурен Әлдеков — өзінің өмірі мен шығармашылығын Оңтүстік Қазақстан өңіріне арнаған көрнекті мүсінші. Ол ерекше авторлық қолтаңбасымен, өз кәсібінің ерекшеліктерін терең түсінуімен дараланды. Оның шығармашылық мұрасы жұмыстарының көлемімен және алуандығымен ерекшеленеді. Ол өмірден ерте озды, алайда, аз уақыт ішінде осындай қызықты туындыларды жасау әрбір суретшінің қолынан келе бермейді. Әсіресе, мүсін өнеріндегі мамандардың. Себебі ерекше инженерлік-технологиялық білім мен дағдыларды талап ететін шығармашылық процесс күрделі материалдық технологиялық өндіріспен байланысты. Дәурен Әлдековтің шығармашылық авторлық туындылары суретшіні басқа қырынан танытады. Әдеттегідей, бұл «жан қалауымен» орындалған шағын шығармалар және оларда уақыттың жылдамдығын түсінген данышпанның мейірімді күлімсіреуімен не болып жатқанын сезіне отырып, ұлттық тұрмыс салтының терең білгірі, лирик, ақын, дәл бақылаушы ретінде көрінеді, - дейді өнертанушы.

611


Өткен жылдардың беттері парақталып, жылдар кейін шегінгенімен, оның көкжиегі бүгінімізбен, болашағымызбен тығыз байланысты. Өйткені, «Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ», «Тарихы жоқтың болашағы жоқ» дейді дана халқымыз. Дәурен Әлдековтің әрбір туындысы тарихымыздан сыр шертіп, келер ұрпаққа құнды мұра қалдыруымен ерекшеленді. Қазақ өнеріндегі қымбат та құнды туындыларды дүниеге әкелген талантқа деген құрметіміз толастамайды.