«Ashyq»: кәсіпкерге – тиімді, тұрғындарға – қауіпсіз Избранное

Пятница, 14 Май 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2270 раз

Шымкентте халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар 26 сәуірден бастап «Ashyq» жобасына өтті. Бұл жоба бизнес ұйымдарының карантин кезінде үздіксіз жұмыс істеуіне және адамдардың COVID-19-ға байланысты дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Күні бүгінге дейін қаладағы кәсіпкерлерден жобаға қатысуға барлығы 848 өтінім түсіп, оның ішінде 367-не QR-код берілген.

813

 

«Ashyq» – қоғамдық орындарда клиенттерді тіркеуге өте қажетті құрал. Клиент ғимаратқа кірмей тұрып арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің дәрежесін, яғни статусын көрсетіп береді. Қосымшамен клиенттің денсаулық жағдайын қалай біледі? Ол ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы COVID-19-ді бақылау орталығында сақталған ақпараттар негізінде анықталады.
Жалпы «Ashyq» жобасы дегеніміз мобильдік қосымша. Оны Play market немесе App store арнайы бағдарламасы арқылы телефонға көшіріп алуға болады. Егер қолда смартфон болмаса онда кәсіпкерлік нысан бақылаушысы өзінің смартфоны арқылы клиенттің ЖСН нөмірін теріп, індетке қатысты дәрежесін анықтап береді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, «Ashyq» қосымшасы арқылы келушілердің денсаулық дәрежесін төрт түс бойынша ажыратады. Мәселен «Қызыл» түс. Егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шыққанда көрінеді. Сондықтан мұндай статустағы адам үйде оқшаулану режимін қатаң ұстануы керек. «Сары» түс – науқаспен байланыста болған адамдардың белгісі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға ғана баруға рұқсат. Сондықтан басқа нысандарға кіруге тыйым салынады. «Көк» түс. ПТР-тестілеу тапсыру міндетті болған әуежай секілді орындардан басқа барлық жерге баруға болады дегенді білдіреді. «Жасыл» түсте – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.
QR-код тек бизнес субъектілеріне ғана тиісті дүние. Ол кәсіпкерлік нысанның атауын, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсететін электронды идентификатор. Бизнес нысанына кірерде және шығарда ең кемі екі QR-кодтан тексерістен өтеді. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке QR-код қойылады. Санитарлық қызметтің ұсынып отырған ережесі мен талабы осындай. Бүгінде QR - кодты қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыс тапқан. Балама құралдар басқа елдерде де қолданылуда.
Осы орайда биыл 1 сәуірде Мемлекет басшысы Үкіметке «Ashyq» жобасын республика шеңберінде кеңейту туралы тапсырма берген еді. Бұл ретте бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов жобаны енгізу туралы қаулы қабылдайды. Жобаға бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыдан бөлек Көкшетау, Ақтөбе, Тараз және Талдықорған қалалары да қосылып отыр.
Бүгінгі таңда қаладағы кәсіпкерлерден жобаға қатысуға барлығы 848 өтінім түскен, оның ішінде 367-не QR код берілді. 192 нысан әкімдік сайтына орналастырылды. Олардың қатарында бірнеше фитнес-клуб, кинотеатр, спа-орталық, сауна мен басқа да нысандар бар.
–Сонымен бірге «Ashyq» бағдарламасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін QR-кодты алу ережесі де өзгерді. Енді оны алу үшін бизнес өкілдері infokazakhstan.kz сайтына өтініш білдіруі қажет. Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші дейтін сәйкестік талабының тексеруінен өткен соң жеке кабинетте код пайда болады. Қоғамдық тамақтану және кинотеатрлардың иелеріне өтінішті алдымен салалық қауымдастыққа беріп, кейін infokazakhstan.kz сайтынан QR - кодты алу қажет, -деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Н.Қабыштаев. Сондай-ақ ол ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес «Ashyq» қосымшасымен қандай бизнес нысандары жұмыс істеуге болатынын айтып өтті. Оған мәселен йога орталықтары, фитнес-клубтар, спа салондар, сауна, бассейндер, PlayStation мен компьютерлік, боулинг клубтар, кинотеатрлар, театрлар мен филармония, банкет залдары, фаст-фудт, стрит-фудт секілді қоғамдық тамақтандыру нысандары, бильярд орталықтары, концерт және караоке залдары кіреді.
Сондай-ақ қосымшаны енгізуді жеңілдету үшін Telegram мессенджерінде @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі іске қосылған. Айта кету керек, «Ashyq» мобильді қосымшасын ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген. Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайын қосымшаны бизнес субъектілеріне карантинде шектеусіз жұмыс істеуге мүмкіндік беру мақсатында пайдалануды ұсынып отыр.
Қосымша сұрақтар бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе «Атамекен» ҰКП 1432 байланыс нөміріне хабарласуға болады.
Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап қосымшада адамның вакцина қабылдаған-қабылдамағаны да көрінетін болады. Сондықтан өзіңіздің және қоғамның денсаулығы үшін екпе салдыруға шақырамыз. Қалыпты өмір салтын бірге қалыптастырайық!