Кептелістен құтылатын күн таяу Избранное

Среда, 19 Май 2021 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2036 раз

Шымкентте халық саны көбейген сайын көлік ағыны да жылдан жылға артып келеді. Мұндайда жол инфрақұрылымын уақытылы жетілдіріп отырмаса, көлік кептелісі күрделі мәселеге айналып кетуі мүмкін. Осыны ескерген қала әкімдігі ірі жобаларды қолға алып, нақты істер атқаруда. Соның дәлелі Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы дер едік.

824

 

Бүгінде жолайрықтың құрылысы қарқынды жүруде. Бұл нысан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей бақылауында деуге болады. Шаһар басшысы әр 2 апта сайын құрылыс алаңына барып, жұмыстың кестеге сәйкес және сапалы жүргізілуін қадағалап отырады. Мәселен, өткен аптада аталған насанға кезекті рет барған Мұрат Дүйсенбекұлы мамандарға құрылыс сапасын жіті қадағалап, әрбір жұмысқа зертханалық сынақ жүргізіп отыруды тапсырды.

Жолайрықтың Д.Қонаев даңғылындағы ұзындығы 1 шақырымды құраса, Т.Рысқұлов көшесінде 700 метрге тең. Сондай-ақ, жобада Т.Рысқұлов көшесін кеңейту де қарастырылған. «Bazis Construction» компаниясы салып жатқан жолайрық техникалық тұрғыдан күрделі құрылыс нысаны болып саналады.
– Мұндай нысандарды салу әрқашан қиын. Өйткені құрылыс қаланың орталығында, халқы тығыз орналасқан ауданда жүруде. Бұл жерден көптеген байланыс және инжинерлік-коммуникация желілері өткен. Әрі тұрғын үйлер де жақын орналасқан. Мұнан басқа 110 кВт-тық электр желісін ауыстыру да оңайға соқпады. Қазір екінші кезең құрылысы басталуына байланысты Д.Қонаев даңғылында Жандосов–Рысқұлов көшелерінің аралығында, Бәйдібек би даңғылында Рысқұлов–Дулати көшелерінің аралығы толығымен жабылған, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

825


Айта кетейік, Д.Қонаев даңғылында тоннель арқылы көлік қозғалысына биыл 1 қыркүйекте рұқсат беріледі. Ал, Т.Рысқұлов көшесіндегі көпірдің құрылысы 1 қарашада ашылады деп жоспарланған. Жалпы жолайрықтың құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Қаладағы көлік ағынын реттеп, кептеліс мәселесін шешуге оң әсер ететін нысанның тағы бірі – Д.Қонаев даңғылының жалғасы. Бұл да күрделі нысандардың бірі. Өйткені, күре жол түсуі тиіс аймақта кәсіпкерлік нысандары мен тұрғын үйлер орналасқан. Оның барлығын мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алу машақаты көп жұмыс. Қала берді жаңадан салынатын даңғыл халықаралық маңызға ие темір жолмен қиылысады. Сол үшін ұзындығы 700 метрлік айналма темір жол мен оның астынан өткел салу қажет. Бұл да жұмыс барысын күрделендіре түсетін фактор екені аян.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, бұл нысанның бірінші кезеңіндегі жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Атап айтқанда, 400 метр жол жамылғысы төселген. Тек құрылыс белдеуінде тұрған 2 жеке меншік тұрғын үйді мемлекет мұқтаждығына сатып алу ғана қалып отыр. Бұл мәселе оң шешілсе, бірінші кезеңнің жұмыстары маусым айында аяқталады.
Таяуда, бұл нысанда екінші кезең бойынша жұмыс басталды. Бұл кезеңде екі бағытты 700 метрлік айналма темір жол салу, оның бойына 24 электр бағандарын орнату жоспарланған. Мұнан бөлек темір жол өткелінің 24 свай мен екі бірдей темір жол көпірінің негізін құю қажет. Мұның сыртында 948 метр кәріз құбырын мен 3,4 шақырым кабель желілерін тарту, жаяу жүргіншілерге арналған 2 жер асты өткелін салу сияқты жұмыстар да бар. Жұмыстың қаншалықты ауқымды екенін түсіну үшін осы тұстан 6 200 текше метр топырақ қазылатынын айтсақ та жеткілікті.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта мемлекет мұқтажына алынған үйлер сүріліп жатыр. Оған қоса қазір Терешкова көшесінен темір жолға дейінгі аралықта орналасқан нысандарды мемлекет меншігіне алу жұмыстары басталған.
Шаһардағы көлік қозғалысын оңтайландыруға көмектесетін тағы бір жоба – Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынатын жолайрық. Қазір мұнда дайындық басталып кеткен. Бас мердігер ретінде – «Казахдорстрой» ЖШС-і белгіленіп отыр. Құрылыс аумағының ұзындығы Бәйдібек би даңғылы бойынша – 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынша - 921 метр.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.