Цифрлы технология – жетістіктер бастауы Избранное

Среда, 26 Май 2021 04:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1643 раз

Шымкентте тұрғындар тарапынан сот процесіне қатысты айтылатын шағымдар азайған. Бұл туралы Шымкент қалалық сотында арнайы ұйымдастырылған баспасөз-турында айтылды. Іс-шараны Соттар әкімшісінің басшысы Берік Мейірханов пен ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби жүргізді.

867

 

Алдымен БАҚ өкілдері фронт кеңсенің жұмысымен танысты. Сот жүйесінде қолданысқа енгізілген электрондық-ақпараттық технологиялар мен сервистердің қалай жұмыс істейтінін көрді. Аудиобейнетіркеу (АБТ) жүйесі, соның ішінде, бейнеконференцбайланыс (БКБ) өткізу мүмкіндіктерін қарап шықты. Бүгінде соттардың жұмысына электронды хаттама енгізілген. Аудиобейнетіркеу жазбасын түзету мүмкіндігі жойылған және оның сақталуы қамтамасыз етілген.
–Бұрын процестерде азаматтардан арыз-шағым көп түсетін. Қазір «Соңғы сөзді сөйлей алмадым», «Судья дөрекі сөйледі» дейтін тұрғындардың шағымы азайған. Қаралатын істердің 80-90 пайызы онлайн өтеді. Аудиобейнетіркеу арқылы хатшылардың да жұмысы оңтайландырылды. Нәтижесінде тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімі нығайып келеді, – дейді Берік Мейірханов.
Қалалық соттың алқа төрағасы Ербол Жанғазин, БАҚ-пен өзара іс-қимылды үйлестіруші судьялары Самат Мырзахметов, Виталий Мирошников, Берік Мейірханов ақпарат орталығында сот пен қоғамның коммуникациялық мәселелері жөнінде толық ақпарат берді.
– Кез келген БАҚ заң саласын айналып өтпейді. Бірақ кейбір журналист істің нақты байыбына бармай, қоғамды өз пікірімен дүр сілкіндіреді. Ал сот табалдырығын аттағанның бәрі қылмыскер емес. Адамды қылмыскер деп тану үшін, айыптау үкімі заңды күшіне ену керек, – деді қалалық соттың алқа төрағасы Ербол Жанғазин.
Іс-шара соңында, журналистер мен сот қызметкерлері «Еркін аймақ» алаңында өзара пікір алмасты.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.