«Farabi offline: Парақtimes» – кітап мерекесі Избранное

Среда, 02 Июнь 2021 03:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2274 раз

Үшінші мегаполистегі Арбат демалыс аймағында Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасы, «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Farabi offline: Парақtimes» кітап жәрмеңкесі өтті.

910

 

Биыл бұл іс-шара екінші рет ұйымдастырылып отыр. Екі күнге жалғасқан кітап көрмесіне республикаға белгілі балалар жазушылары Серікбол Хасан, Саят Қамшыгер, Дәркен Танабаев арнайы келді. Бұған қоса, ақын Нармахан Бегалы, Сарманбай Исақ, Сая Қасымбек сынды танымал жергілікті қаламгерлер қонақ болды.
«Кітап жәрмеңкесінде балалар әдебиетін насихаттау мақсатында кітап кейіпкерлерінің шеруі, балалар ойындары мен байқаулары, ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта көрмені халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар», - дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, шара барысында Шымкентте биыл ашылған Балалар кітапханасының жанынан құрылған отбасылық кітапхананың тұсаукесері аталып өтті.
— Алдымен неліктен «Парақtimes» деп аталуына тоқталайық. Кітапты алып оқу үшін оны парақтаймыз. Сол секілді біздің өміріміздің әр күні жаңа парақтардан тұрады. Кітап оқып, зейініміздің ашылуына қарекет етейік деген оймен осы шараны ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл көрмені өткізбес бұрын, оның қаншалықты қажет екенін әлеуметтік желідегі оқырмандар және баспа үйлерінің сұранысын зерделедік. Қолдау бар. Әлі де насихаттау жұмыстары ақсап тұр, - дейді «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова.
Айта кетейік, жәрмеңкеде республикалық «Фолиант», «Қазақ университеті», «Қазақ энциклопедиясы», «Қазына» кітап үйі, «Қасым» баспа үйі, «Книжный клуб», «Отбасы хрестоматиясы», «SteppoWorld», «Қызмет», «Самға» баспалары өз өнімдерін сатылымға шығарды.
Сондай-ақ, кітап әлеміндегі шара аясынан қаладағы кітапханалар да тыс қалған жоқ. Әдеби оқылымдардың мәртебесін көтеру, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында қалалық кітапханалар да белсенділік танытуда. Олардың дайындаған бағдарламалары арқасында әр оқырман өзінің жанына жақын әрі қажеттісін табады, дейді ұйымдастырушылар.