Версия для печати

Бүгінгінің батыры Избранное

Среда, 16 Июнь 2021 04:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1679 раз
Оцените материал
(0 голосов)

11 маусымда Шымкенттің Тәуке хан мен Ақпан батыр көшелері қиылысында оқыс оқиға болды. Сағат 11:18-де «Магнум» сауда орталығының автотұрағынан «Зил» маркалы жүк көлігінің моторы мен кабина бөлігінен өрт шығады. Сын сағатта қауіп-қатерге қарамастан Санжарбек Досназаров жалындаған тілсіз жауды сөндіруге ұмтылады. Санаулы минут ішінде отпен жалғыз өзі алысады.

211

 

Өрт сөндірушілер келгенше шарпыған жалынды ауыздықтап үлгереді. Іле-шала өрт сөндіру қызметінің 2 техникасы мен 9 қызметкері жетеді. Төтеншеліктер қауіпсіздік қызметі ауысым бастығының ерлігін жоғары бағалады. Бүгінгі күннің батырын төтенше жағдайлар департаменті марапаттады.
– Сол күні будақтаған қара түтінді аңғардым. Жүк көлігі қас пен көздің арасында қызыл жалынға оранды. Мұндайда ойлануға, уақыт өткізуге болмайды. Сауда орталығы кешенінде өтіп тұратын оқу-жаттығудың пайдасы тиді. Сондықтан қас-қағым сәтте бойымда қорқыныш болған жоқ. Дереу тілсіз жауды өшіруге тырыстым. Бірақ мен батыр емеспін, – дейді Санжарбек Досназаров.
Шымкент қалалық ТЖД бастығы Мадияр Жақсыбаев оның жедел іс-қимылының арқасында төтенше жағдайдың ауыздықталғанын айтады.
– Шыны керек, аяқ астынан өрт тұтана қалған жағдайда кез келген адам сол жерді тастай қашуға, үрейге берілуге даяр тұрады. Ал Санжарбек жүректілік танытты. Күшейе бастаған жалынға қарай жүгірді. Дер кезінде тілсіз жаудың алдын алады. Азаматтық көмегін ұсынған төтенше жағдай куәгерінің ерлігін үн-түнсіз қалдырмадық. Үлкен батылдық танытқан жігітті марапаттадық,-дейді Мадияр Жақсыбаев.
Иә, ерлік тек сұрапыл соғыспен өлшенбейді. Әр сала бойынша басын қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін аман сақтап қалып жатқан нағыз азаматтар баршылық. Оларды бейбіт күннің батыры десе болғандай...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.