«Шымкентке Жандосовтың қатысы қанша?» демеңіз... Избранное

Среда, 23 Июнь 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2019 раз

Түнгі қала көшелерімен серуендегенді жақсы көремін. Шымкенттің көшелерінде самаладай жарық шамдар түнде небір ойға жетелеп, қиялыңды ұштай түсетіндей. Сондай кешкілік серуенде жұбайым Нұрзайым екеуміз қаладағы Санжар Жандосов көшесінің бойымен келе жатқанбыз.

258

 

–Мына көше Санжар ағаның атында екен, ә?!-деді жұбайым.
–Оразалы Жандосов пен Дінмұхамед Қонаев Москвада бірге оқыған екен. Қонаев ол жайлы өз естеліктерінде жиі айтатын. Оразалы аға үш курс жоғары оқыса да Қонаевпен бірге бір бөлмеде тұрған. Өкінішке қарай 1938 жылы «халық жауы» атанды.

Ххх
Шымкентте Ораз Жандосов атында (№30) мектеп бар. Сондай-ақ Санжар Оразұлы Жандосов атында көше бар. Аты аңызға айналған қазақтың тұлғалары – әкелі-балалы Жандосовтардың тағдыры Шымкент қаласымен де тығыз байланысты. Жалпы Ораз Жандосовтың өмірбаяны, еңбек жолы жайлы мәлімет ғаламторды шарлаған оқырманға көп-ақ. Дегенмен, Жамбыл облысы Сарысу ауданының құрылуына бірден-бір себепкер Ораз Қиқымұлы Жандосов екенін атап өту керек. Сол кезде оның жасы 38-ден жаңа асқан кезі екен. Ораз Жандосов 1922 жылы Түркістан Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып Ташкент қаласында қызмет атқарған кезде Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Ахмет Байтұрсыновтармен тығыз қарым-қатынаста болады. «Ақ жол» газетінде қоғамдық негізде редактор болады. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Ғаббас Тоқжанов, Міржақып Дулатовтармен өте жақын араласады.
Ақын Кенен Әзірбаев 1921 жылы Ораз Ташкент қаласына кетіп бара жатқанда Қордайда кездескенде айтқан екен:
–Оразжан, серкесі едің Жетісудің
Жасыңнан талпынып оқу қудың.
Қош аман бол, Оразжан.
Биіктеп самолетпен аспанға ұштың.
Міне енді арбаменен Ташкент көштің.
Қош аман бол, Оразжан...

259


Ораз Жандосов Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Жамбыл Жабаевпен араласқан екен. 1936 жылы Ж.Жабаев Мәскеуге Сталиннің қабылдауында болады. Ленин орденімен марапатталады. Ораз Жәкеңді ертіп жүреді. Ауылына алып барып, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбілда Тәжібаев, Ғали Ормановтар онымен бірге ілеседі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей 1930 жылы Москвада Д.Қонаевпен тау-кен институтында бірге оқиды. Ораз Жандосов 1938 жылы інісі Оразәлі екеуі «халық жауы» атанып, атылды.
Ххх
Ораз Жандосовтың ұлы Санжар Жандосов 1983-1986 жылдары Шымкент облыстық халық депутаттары атқару кеңесінің төрағасы болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров болатын. Екеуі де тұлға. Санжар Оразұлы Қазақстан Орталық Кеңесінің оқу-ғылым бөлімінің меңгерушісі болып жауапты қызметтер атқарған. Бірнеше мәрте Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сегіз жасында «халық жауының» баласы атанып, Гурьев облысындағы Құлсарыда 20 жыл айдауда болған.
Әйелі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, Ильфа Ілиясқызы Жансүгірова. Санжар аға сұңғақ бойлы кісі болатын. Бірде мені үйіне шақырды. Ильфа екеуі менімен тең дәрежеде сөйлескеніне риза болғаным әлі есте. Мен Шымкент облысына (сол кездегі) 1978 жылы келген болатынмын. Ильфа апай үйдегі балаларға киім-кешек сатып әперді. Оның ішінде ойыншықтар да бар еді.
–Қазір қайдасың?- деп сұрады Санжар аға сол жолы.
–Ленгер қаласындамын.
–Пәтерің бар ма?
–Жоқ.
–Қанша балаң бар?
–Үш.
–Әмірсейіт Әлиевке айтайын. Облыстық газетке тілші боласың. Жазу жазасың. Саясатпен айналысушы болма. Еркіндік керек, - деді Санжар Оразұлы...

Ххх
Санжар аға екеуара әңгіме барысында Асанбай Асқаровқа деген құрметі жоғары екенін аңғартты. Айтатындай-ақ еді. А.Асқаровтың тұсында Алматы-Шымкент бағытында «Алатау» пойызы жүрді. Балалар темір жолы салынды. «Қазығұрт» кинотеатры бой көтерді. Зоопарк, дендропарк, атшабар, бәрі де Асқаров облысты басқарып тұрған жылдары салынды.
–Асқаровпен қоян-қолтық қызмет атқарып жүрсіз. Ел оны аңыз адам дейді, расымен де сондай азамат па? – деп сұрағанымда Санжар аға күлді де жанында отырған Қуаныш Төлеметовке бір қарады.
–Асқаров қарапайым адам. Сан қырлы тұлға. Басшы болған соң салмақты, айбарлы, маңғаз болатыны рас. Әйтпесе, қарапайым, өте мейірімді. Кітапты көп оқиды. Ойланып барып шешім қабылдайтын жан. Асқаров Қырғызстанда білім алған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жамбыл, Алматы облыстарын басқарған, билікте әбден шыңдалған адам. Бала кезінде жетімдіктің тауқыметін бір адамдай-ақ тартқандықтан түр-тұлғасы қатал болып көрінгенмен жүрегі нәзік азамат. Ол бүгін жасап жатқан игі істердің рахатын болашақта сенің бала-шағаң көретін болады, Серікжан. Осының бәрі халыққа қалады. Асқаров атқарып жатқан жұмыстар алдағы жүз жылдығын ойлайтын ақылды адамның ісі, - деді Санжар Оразұлы.

Ххх
«Жетпіс екі жыл бойына күні-түні ойға берілдім. Енді міне, өз-өзіме түк білмейтіндей көріндім!» деген екен Омар Хаям. Мен де жетпіске жақындадым. Олай болса, көргенімді, білгенімді баяндап, өскелең жасқа кешегі күннің тарихын айтып отыру жөн деп білемін. Шымкент қаласындағы Куйбышев атындағы №30 орта мектептің аты ауыстырылып, Ораз Жандосовтың есімі берілгенде қала әкімі Төретай Бекжігітов болатын. Бауман көшесі Санжар Оразұлы Жандосовқа берілгенде қала әкімі Болат Жылқышиев еді. Санжар аға тұрған Әбубәкір Диваев көшесіндегі үйге ескерткіш тақтайша қойғызған қала әкімі Қылышбек Ізбасқанов.
Орайы келгенде айта кетейік, Шымкентте өнер, руханият саласының елеулі азаматтарына ескерткіш қою, есімдерін ел есінде қалдыру жұмыстары қала әкімі Амалбек Тшановтың тұсында бастау алды. Мысалы, Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірден өткеніне жыл толмай жатып-ақ, Шымкентте тұңғыш рет республикалық ән фестивальін өткізу қолға алынды.
Жандосовтар туралы мәліметтерге қайта оралатын болсақ, жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» атты кітабында: «Рысқұловтар тұрған корпус пен Жандосовтар орналасқан үйдің ортасында парк бар еді» деп жазады. Ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Жамбыл мен Жандосов» атты дастаны бары тағы белгілі. Жүсіпбек Арыстанов «Сұңқар да жерді мекендейді», Асқар Тоқмағанбетов Ораз туралы «Жетісу» поэмасын жазды. Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» деген романы бар. Дмитрий Снегин Ораз Жандосовтың өмірі жайлы «Утра и два шага в полдень» романын арнайды.
...Санжар Оразұлы Шымкентте тұрған жылдары қала көшелерін жаяу аралайтын. Қаладағы 7 кинотеатрға кезекпен барып тұратын. Театрға бас сұққанда ұжымның барлығымен амандасып шығатын. Санжар аға мені қаладағы «Октябрь» кинотеатрына директор болуыма жәрдемдесті. Демалыс күндері үйіне барып, әңгімелесіп тұратынмын.
–Саған партия, кеңес жұмыстары ауырлық жасайды. Ол үшін үлкен мектептен өтуің керек. Университетте оқып жүргеніңде кітабың шықты. ҚазГУ-ді бітірдің. Енді балаларды жақсылап тәрбиеле. Отбасыңа адал бол. Өлең жаздым, роман жаздым деп «жұлдыз ауруына» ұшыраушы болма. Адамдармен тіл табысып жұмыс істеуді меңгеруге тырыс. Мына өмір өткінші, жалған. Мен сені Дүйсенкүл Бопова, Әмірсейіт Әлиевке, Қуаныш Төлеметовке табыстап барамын. Жақсы жігіт бол,- деді Санжар Жандосов Шымкенттен кетер кезінде. Бұл 1986 жыл болатын. Ол кісі Қазақстанның Еңбек министрі болып ауысып кетті. Арада аз уақыт өткенде қайғылы қазаға ұшырағанын естідік... Тұлпардың тұяғы еді.
Әкесі жайлы бір естелігінде былай деп еді: «Есімімді әкем досы Санжар Аспандияровтың құрметіне қойған екен. Әкем Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлең дастанын жиі оқитын. Естайдың «Қорлан» әнін жақсы көретін. Анамның айтуынша көңілі түссе әкем бұл әнді нәшіне келтіре өзі де жиі орындайды екен. «Естайды іздеп Павлодарға барғым келеді. Қорлан қызды көргім келеді» дейді екен. Өкінішке қарай 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, келесі жылы атылды. Түрмеде жатқанда осы «Қорлан» әнін шырқайды екен». Санжар аға осы естілікті айтқанда қасымда болған Ораз Әшіров, Болат Әлімбетов, Қуаныш Төлеметов төртеуміз ұзақ үнсіз қалып, таңырқағанымыз бар. Өз ұлтын сүйген, өнерін қадірлеген, өнерпазын құрметтеген не деген кең жүректі азамат болған.

Ххх
Санжар аға айтқандай, расымен де өмір өтіп жатыр. Кеше мені іні тұтқан Әмірсейіт Әлиев, Әбжаппар Жылқышиев, Қуаныш Төлеметов, Санжар Жандосовтар өмірден өтіп кетті. Оларды жиі ойға аламын.
Ал Шымкентте аз уақыт тұрса да ізгілік пен адамгершіліктің қандай болатынын айналасына үлге етіп көрсетіп кеткен Оразалы Қиқымұлы Жандосов, Ораз Қиқымұлы Жандосов, Санжар Оразұлы Жандосовтар қандай еді, ә?!
Қазір №30 мектептің алдында Ораз Жандосовтың қоладан құйылған бюсть ескерткіші бар. Мектептің директоры Зарета Сапарқұлованың айтуынша білім ордасында мыңнан аса оқушы білім алады.
–Шәкірттеріміз өз мектебін мақтаныш тұтады. Ораз Жандосов сынды елдің мақтанышы болуды армандайды. Мемлекет қайраткерінің есімін есте сақтау іс-шаралары мектебімізде ұдайы ұйымдастырылып тұрады, - дейді ол.
Солай бола берсін...

Серік ЖАНӘБІЛ
жазушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.