ҮШ ЖЫЛДА 1 ТРЛН ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 08:16 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1530 раз

Шымкент республикалық қала статусына ие болғалы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны ілгерілеп, оң өзгерістер байқалуда. Үш жылдың ішінде қалаға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Жалпы аумағы 1,7 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді.

324

 

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков ақпараттық-коммуникациялық орталықта қаланың даму стратегиясы туралы баспасөз-брифингінде мәлімдеді. Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 425 млрд теңгені құраса, жыл соңында 710 млрд теңге болады деп жоспарлануда. Қала бюджеті 2017 жылдан бері 3,7 есе өсіп, 131,2 млрд теңгеден биыл 481,6 млрд теңгеге жетті. Салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке өзіндік түсімдер мөлшері 57 млрд теңгеден 150 млрд теңгеге артқан.
– Бүкіл әлемде орын алған пандемия әлемдік экономикаға орасан зиянын тигізіп отыр. Бұл жағдай біздің қаламызды да айналып өткен жоқ. Карантиндік шектеулерге байланысты сауда, көлік, қызмет көрсету салалары үлкен зардап шекті. Нәтижесінде іскерлік белсенділік айтарлықтай баяулады. Десек те, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айының қорытындысымен Шымкентте өнеркәсіп өнім көлемі 295 млрд.теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10,1 пайызға артты, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібіндегі химия өнеркәсібі – 2,1 есеге, фармацевтикалық өнімдер өндірісі – 28,1 пайызға, тоқыма бұйымдары – 23,7 пайызға, тамақ өнімдерін өндіру – 15,8 пайызға, металлургия өндірісі 15 пайызға артып отыр.
Қазіргі таңда қалада өндірісті дамыту мақсатында жалпы ауданы 718 га 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 254,2 млрд теңгенің 174 инвестициялық жобасы іске асырылуда.
Ерғали Дәулетбекұлы жиын барысында БАҚ өкілдерінің өзі жетекшілік ететін тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы салалары бойынша бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.