Версия для печати

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: МЕГАПОЛИС СТАТУСЫ ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫН АШТЫ Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 08:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1567 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфир арқылы өткен баспасөз мәслихатында биылғы жарты жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Шаһар басшысы осыдан үш жыл бұрын, маусым айының он тоғызында Елбасы Жарлығымен Шымкентке республикалық қала мәртебесі берілгенін, бұл тарихи шешім Шымкенттің тынысын ашқанын айтты.

327

 – Үш жылдың ішінде қала бюджеті 131,2 млрд теңгеден биыл 481,6 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Яғни, 3,7 есе өскен. Кәсіпкерлік белсенділік те артты. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда 1,9 есеге өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетеді деп отырмыз. Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі  425  млрд теңге болса, жыл соңында 710 млрд теңге болады деп күтілуде. Үш жыл бұрын 403 мың шаршы метр баспана берілсе, биыл 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке түсімдер 57 млрд теңгеден 150 млрд теңгеге жетті. Жалпы 3 жылдық инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

328

 

Қала әкімінің айтуынша, экономиканың өсімі инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы үш жылда, биылды қосып есептесек, 853,5 шақырым жол төселген. М.Әйтенов бұрын мұнша жол 10 жылда салынғанын атап өтті. Сондай-ақ, осы 3 жылда 18 тұрғын алабы ауыз суға және 7 тұрғын алабы табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 60 мың адам сапалы ауыз су мен 29 500 адам табиғи газға қол жеткізеді.
Шаһар басшысы 2023 жылға дейін халықты ауыз су және табиғи газбен, ал 2025 жылға дейін сапалы электр қуатымен қамту мәселелері 100 пайызға шешілетінін айтты.
— Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өңірлерді дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен және қолдауымен медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын біршама нығайтып алдық. Бұл мақсатқа осы екі жылда 13,1 млрд теңге қарастырылды. 14 157 медицина қызметкері оқытылды. Барлық мүдделі органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде биыл пандемияны оңай еңсеріп отырмыз. Жыл басынан бері Шымкент 129 күн «жасыл» аймақта, 34 күн «сары» аймақта, 18 күн «қызыл» аймақта болды. 26 мамырдан бері «жасыл» аймақтамыз. Мүмкіндікті пайдалана отырып, медицина, СЭС және полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімі өткен жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласы пандемияға үш сценарий бойынша дайындалып, дағдарыс жағдайында 5 456 төсек-орынға дейін ұйымдастыруға әзірленгеніне тоқталды. Қазір стационарларда дайын төсек-орынның 25 пайызы толық, яғни, 318 адам ем алуда.
Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкентте вакцина салудың қарқынды жүріп жатқанын айтты. Күні бүгін Шымкенттің 217 095 тұрғыны вакцинаның бір компонентін, ал 122 144 тұрғыны екі компонентін де алды. Бұл – вакцина салынатын тұрғындардың 41 пайызы. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент көш басында.
Мұнан кейін қала әкімі мегаполистің негізгі экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Айталық, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 295 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан. Ал өнеркәсіп саласында үлесі 84,4 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 251 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 14,4 пайызға өсіпті.
— Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта бірнеше бастаманы қолға алып отырмыз. Атап айтсақ, солардың бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазіргі таңда инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталып кетті. 306 гектар жер аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. 200 млрд. теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнымен 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Одан бөлек, жеке индустриалды аймақтарды ашу бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Шымкенттің 3 индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд теңгеге 754 жұмыс орнымен 13 жоба іске қосылады, – деді М.Әйтенов.
Әкімнің айтуынша, Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету. Осы бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймағын іске асыру басталып кеткен. Бірі – заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Қазір екі агроөндіріс аймағының да жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Алдағы айда құжаттамасы сараптамадан шыққан соң, құрылыс жұмысы басталады.
— Шымкентте агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілуде. Мәселен, осы жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Есепті кезеңде 12,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға артты, – деді М.Әйтенов.
Шаһар басшысы өз баяндамасында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, құрылыс, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көлік және логистика, білім беру және мәдениет салаларында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

329


— Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, ел дамуының бір көрінісі – Шымкент қаласының жеткен жетістігін ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан отыз жылда бір ғасырға бергісіз өзгерісті бастан өткерді. Шымкенттің өзін алар болсақ, қала халқы өткен ғасырдың 90-жылдарындағы 400 мыңнан қазіргі бір миллионнан асты. Шымкенттің әр екінші тұрғыны Тәуелсіздік кезеңінің тумасы, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 226 мың оқушы оқитын 186 мектеп жұмыс істеп тұрғанын, ал орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 63,9 жас болса, қазір 71 жасты құрайтынын атап өтті.
Баспасөз мәслихатының соңында қала әкімі журналистерді алда келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, олардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Мәселен, БАҚ өкілдері жаңадан алынған 290 автобустың неліктен әлі қолданысқа енгізілмей жатқанын сұрады. Осыған орай қала әкімі былтыр 590 автбоус сатып алынғанын, оның 300-і қазір жүйеге түскенін, қалған 290-ы жылдың аяғына дейін тұрғындарға қызмет көрсете бастайтынын айтты.
— Оның бәрі – газбен жүретін қоғамдық көлік. Ішінде ауа баптағышы бар, мүгедектерге де қолайлы. Неге 290 көлікті кешігіп енгіземіз? Себебі қалада қоғамдық көлікке газ құятын стансаның құрылысы енді аяқталды. Екіншісін ұлғайту жұмыстары енді ғана басталды. Жыл аяғына дейін бітуі керек. Сол кезде ғана қалған автобусты жолға шығаруға болады, – деді қала әкімі.
Ал журналистердің азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты сұрағына орай шаһар басшысы төмендегіні мәлімдеді:
— Біз нарықтық экономикадағы бағаны бақылауда ұстау үшін тұрақтандыру қорына 4,7 млрд теңге бөлдік. Сол ақшаға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алып, тиісті әлеуметтік дүкендерге қолжетімді бағамен ұсынып отырмыз. Біздегі «ГраМад», «Магнум», «Фиркан» сияқты ірі желілік дүкендердің бәрінде әлеуметтік азық-түлік бұрыштары бар. Сол жерден алуға болады, – дейді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімі тілшілердің мұнан өзге де сауалдарына толықтай жауап беріп, сөз соңында тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген табыстары халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігінің жемісі екенін атап өтті.