ЖАНҒА САЯ БОЛҒАН ДЕНДРОСАЯБАҚ Избранное

Среда, 30 Июнь 2021 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2009 раз

Шілде түсіп, жаздың ыстық күндері басталды. Аптап ыстықта тұрғындардың көлеңкелі мекен іздейтіні белгілі. Шымкенттегі дендросаябақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналғаны қашан. Саясы мол саябақ сырт көзге тыныш көрінгенімен, мұнда жұмыс қызу жүруде.

330

 

Алдымен дендросаябақ туралы қысқаша тоқталып өтсек. А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендологиялық саябағының негізі 1979 жылы қаланған. Бүгінгі таңда мұнда 100 мың данадан астам ағаш-бұта өсіп тұр. Ағаштың 270 түрі, бұтаның 280 түрі бар, аң-құстар мекендейді. Олардың арасында аққу, үйрек, қаз мәдени жерсіндірілсе, қоян, түлкі, тиын, қырғауыл және қарсақтар саябақ аумағын табиғи түрде мекен етеді.
Дендросаябақта жылдың жылы мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай жұмыс тоқтамайды. Техникалық қызметкерлермен қоса ғылыми бөлімнің мамандары аумақтағы тал-дарақ, өсімдіктердің жай-күйін бақылайды, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
– Өсімдіктердің қалыпты жағдайда өсуі сол жердегі ауа райымен тығыз байланысты болады. Жердегі тоңның жібіп, көктемнің келу мерзімі әр аймақта әртүрлі және өсімдік атаулыға түрліше әсер етеді. Мысалы, жерге күннен келетін жылу мөлшері, тәуліктік және жылдық нормасы жылдан жылға өзгеріп отырады. Мысалы, оңтүстік өңірде қыс айларында сынап бағанасының 15-20 ºС жылынуы өсімдіктерге әсер етіп, тез «оянуына» әкеп соқтырса, керісінше, табиғат «тірілетін» наурыз айында күннің күрт суытып, ауа температурасының -10-15º С төмендеуі тіршілік процесін қайта тоқтатып, ағаш-бұталарға кері әсерін тигізеді. Ғылыми тілде өсімдік гормондарының (фитогормондар) оянуы, ауа райына байланысты қайта ұйықтап-тірілуі ұзақ процесті алады. Мәселен, биыл біздің өңірге көктем жылдағыдан кеш келді, – дейді «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекетік дендрологиялық саябағы» МКҚК ғылыми қызметкері Бибіжамал Мәлік.

331


Сондықтан мамандар ерте гүлдеп, тез оянатын өсімдіктерге агротехникалық шараларды жүргізеді. Себебі, көктемгі үсік жеміс бағы үшін қауіпті.
– Үсікке қарсы жүргізілетін жұмыс ескерту шаралары және белсенді күрес деп бөлінеді. Ескерту шараларына бақтың орнын дұрыс таңдау, топырақ дайындау, төзімді тұқымдар мен сұрыптар таңдау, жеміс өсімдіктерін жиі отырғызу, желден қорғау алқабын жасау, агротехникалық жұмыстарды жоғарғы деңгейде жүргізу жатады. Жалпы біздің дендросаябақта фенологиялық бақылау журналы жүргізіледі. Бақылау журналына бүршіктің ашылу уақыты, алғашқы жапырақтың шығуы, гүлдеу кезеңдері мен жемістің пісуіне дейінгі уақыты жазылады, – дейді Бибіжамал Бахытбекқызы.
Бүгінде саябақ аумағында Қазақстанның «Қызыл» кітабына енген ағаштың 7 түрі бар. Олар: кәдімгі өрік, іле бөріқарақаты, кавказ таудағаны, зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы және соғды шағаны. Мамандардың айтуынша, 2020 жылдың күзінде саябақтың 1 га аумағына мәдени бақ ұйымдастырылып, 125 түптен алма, өрік, шие, қара өрік көшеті егілген. Қазіргі таңда бауда агротехникалық талаптар сақтала отырып, күтіп-баптау шаралары жүргізілуде. Алдағы 3-4 жылда жеміс ағаштары өнім береді деп күтілуде.
Сонымен қоса көктемнен бері саябақ аумағын көгалдандыру мақсатында 990 түп раушангүл, 28 түп мәңгі жасыл самшит, 57 түп қарағай егілді. Жалпы, ағаш егу жұмыстары биыл ауқымды өткізілген. Шымкент қаласының имамдар қауымдастығы, қала әкімінің бастамасымен «Наурыз Шымкенттен басталады» жобасы аясында «Еврофарм» дәріханалар ұжымы, «Bolashaq ontustik» корпоративтік қоры, Nur Otan партиясы мен «Жас Отан» жастар қанаты, Азаматтық Альянс қауымдастығы көшет егу акцияларына қатысқан. Бұған қоса қала аумағын абаттандыру мақсатында дендросаябақтан шаһардағы мекемелер, емхана, мектеп, балабақша, кәсіпорындарға жалпы 17655 дана көшет таратылды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.