МАРАПАТ ЖАУҒАН КҮН Избранное

Среда, 30 Июнь 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1885 раз

Осы апта БАҚ өкілдері үшін мереке қарсаңындағы қарбаласқа толы болды. Өйткені журналистерді жан-жақтан келіп құттықтап жатқандар легі толастамады. Солардың арасында – «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттерінің қызметкерлері де бар.

336

 

Биыл журналистерді ең алдымен ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева құттықтады. Оқу орнының басшысы БАҚ өкілдеріне ОҚМПУ-дің мерекелік медальін табыстап, жылы тілегін жеткізді. Сондай-ақ, қалалық газет ұжымын басқарып отырған белгілі журналист Бақтияр Тайжан Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бегайдар Төлегенов тағайындаған сыйлықпен марапатталды.
Бақтияр Байдуллаұлына аталмыш сыйлық ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 28 маусым–Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні мерекесіне орай және Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен салтанатты іс-шарада табысталды.
«Бұл менің ғана емес, жалпы ұжымның сыйлығы деп білемін. Өйткені газет шығару ісі¬-ұжымдық жұмыс. Редакциядағы еңбек бір адамға ғана байланысты емес. Бұл бір бал аралардың еңбегі сияқты. Әрбір қызметкердің өз орны, өз міндеті бар. Көліктің бөлшегі сияқты әрқайсысы өз орнынан табылмаса, ол газеттің жұмыс сапасында бірден байқалады. Сондықтан ұжымдық бірлікті, ынтымақты сақтау, күшейту шығармашылық адамдар үшін өте маңызды. Сол үшін де газет қоғамның тәрбиешісі бас басылымы қызметін абыроймен атқара бермек» деді Бақтияр Байдуллаұлы.
Дәл осындай марапатқа талай жылдан бері БАҚ саласында тер төгіп келе жатқан, қаламы ұшқыр, қиялы жүйрік журналист Жамилә Мамырәлі ие болды. Оған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Асқар Молдабек тағайындаған стипендия табысталды. Сонымен бірге Ж.Мамырәлі кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарған танымал журналист, адамгершілігі мол азамат, қоғамның нағыз зиялысы болған марқұм Оразхан Жарқынбек атындағы сыйлықпен марапатталды.
Журналистердің төл мерекесінде ұжымымызда сый-сияпат алғандар көп болды. БАҚ саласы өкілдерінің арасында өткізілген түрлі байқауларға қатысып, топ жарған қызметкерлеріміз де бар. Олар - Nur Otan партиясы мен қалалық денсаулық басқармасы әлеуметтік желіде ұйымдастырған «Рахмет саған, дәрігер» конкурсында ынталандыру сыйлығын алған Мөлдір Кенжебай мен Құттыбике Нұрғабыл.
Мөлдір бізде мәдениет, әдебиет, өнер саласын майын тамызып тұрып жазатын қыз. Өте талантты. Жас та болса, ойы терең, ең қиын салалардың бірі мәдениет туралы жан-жақты талдап жаза алады. Оның қаламынан туған мақалаларды көпшілік қызыға, іздеп жүріп оқиды десем артық айтқандық емес. Осы еңбегін елеген қалалық Әл-Фараби атындағы кітапханасы ұжымына, білім басқармасы М.Кенжебайды арнайы алғыс хатпен марапаттады. Құттыбике де өз мамандығының білгірі. Журналистикаға кездейсоқ келмегендігін өткір мақалаларымен дәлелдеп жүр. Зерттеу жанрына көп қызығады. Сондықтан мақаланы зерттеп, әбден июін қандырып барып жазғанды ұнатады.

337


Жоғарыда айтқанымыздай журналистер мерекесінде ұжымның әрбір қызметкері өз саласы бойынша марапаттарға ие болып жатты. Соның ішінде қаланың коммуналдық шығармашылығына көбірек қалам тербейтін газетіміздің беделді журналисі, энциклопедиялық білімі бар азамат Нұрлан Бектаев қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, ал газетіміздің жас қызметкері, шығармашылық салада дарындылығымен көзге түсіп келе жатқан Азамат Жаппар білім, спорт және дене шынықтыру, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының атынан арнайы сыйлықпен және Алғыс хатпен марапатталды.
Бұдан бөлек Nur Otan партиясы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті ұжымымызды төл мерекесімен газет редакциясына арнайы келіп құттықтады. Халықтың көзі, құлағы һәм үні болған БАҚ өкілдері үшін халықтың ылтипатынан, ізгі тілегінен, шынайы көңілінен артық қандай сый болушы еді?! Ең бағалы марапат - осы. Сондықтан жаңалық, хабарды таратумен бірге ең негізгі міндетінің бірі қоғамды жақсы жолға бастайтын рухани-мәдени қызметін әрі қарай да жалғастыра бермек.