«Abay community center» кітапханаларда не өзгерді? Избранное

Пятница, 09 Июль 2021 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2040 раз

Кітапхана жан азығы десек, мегаполисте сондай рухани ордалардың жаңа келбеті қалыптасып келеді. Жыл басынан бері үш кітапханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, толықтай жаңартылды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Балалар әдебиеті жылы» аясында қайта жаңғыртылған тағы осыншама кітапхана Елорда күнінде оқырман қауымға есігін айқара ашты.

400

 

Қазір бұл орындар шаң басқан мекен емес, заманауи кітап үйіне айналуда. Бұған орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің орталық кітапханасы, Абай атындағы қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №8 және №11 филиалдарына барғанда көз жеткіздік.
Отбасылық кітапхана ретінде қайта жасақталып, жаңартылған кітапханалардың таныстырылымына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова және БАҚ өкілдері мен кітапсүйер қауым қатысты.
Шыңғыс Жұмабекұлы алдымен Жаңа ғасыр көшесінде орналасқан Абай атындағы қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №11 бөлімшесінде болды. Екі қабатты шағын ғимаратты бір көрген адам кітапханаға ұқсата қоймасы анық. Түрлі-түсті бояулармен ерекшеленген рухани орданың ішкі көрінісі де көздің жауын алады. 17 мың кітап қоры бар мәдени нысанға жылына 2500-ге жуық оқырман келеді екен. Кітапханашылар алдағы уақытта оқырмандардың қатары көбейетініне сенімді. Қолайлы ортаның құрылғанына ең әуелі балалар жағы қуанды. Себебі кітапхана ауласына ойын алаңшасы қосылып отыр. Ал ғимаратта шахмат клубы мен демалыс бөлмелері ашылған. Ата жолын жаңғыртып, ұлттық ойын – тоғыз құмалақты меңгереді. Асық атып, доп теуіп, бос уақытын тиімді үйлестіре алады.

401


– Модернизациядан кейін кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, оқырмандар өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыратын, демалып, жүздесетін орынға айналды. Сонымен қатар, әртүрлі санаттағы оқырмандар үшін еркін үйірмелер жұмысы ұйымдастырылуда, – деді жоба авторы
Кристина Бекмурзаева. Ал жоғарыда аталған кітапханалар жүйесінің №8 бөлімшесі аумағында оқу аймақтары,
кітап және оқырмандар залы бар. Балалар мен
жасөспірімдерге арналған бөлмелер қарастырылған. Ашылғанына 30 жыл толып отырған кітапхананың бөлім меңгерушісі Манат Керімбекованың айтуынша, 19 мың кітап қорын үш мыңға жуық оқырман пайдаланады. Жаңарған ғимараттың ауласында ойын алаңшасы мен демалыс аймағы ашылды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары бұдан соң Мангелдин көшесінде орналасқан орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің орталық кітапханасының жаңа кейпімен танысты.
– Кітапханада үш зал бар. Бірінші зал 5-6 жасар бүлдіршіндерге арналса, екіншісінде мектеп қабырғасындағы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге лайықты кітап қоры бар. Соңғы залда қазақтың классика жанрындағы дүниелер жинақталған. Онда балаларын алып келген ата-аналардың талғамына сай кітаптар табуға болады. Қазіргі кітапханаға қойылып отырған талаптардың бірі – балалардың бос уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру. Осы мақсатта үйірмелер ашып жатырмыз. Үйірмелер балаларымызды қоғамда белсенді азамат етіп тәрбиелеуге ықпал етеміз деген ойдамыз. Болашақта ақылы курстар ашып, сол арқылы біздің өзіміздің коэффиценттік көрсеткіштерімізді арттырамыз деп меже қойып отырмыз. Тапқан табысымыз кітапханада қалып, өз қажеттіліктеріне жұмсалады, – дейді орталықтандырылған балалар кітапханасының директоры Гүлсім Шатырбекова. Кітапхана ғимаратын аралап шыққан Шыңғыс Жұмабекұлы заманауи талапта жаңа дизайнмен әсемделген кітапханаға оң бағасын берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялады. Кітап – кез-келген білімнің бастауы, іргетасы. Осы тұрғыда қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен қаладағы кітапханалар желісін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – биыл жасақталған алтыншы кітапхана. Жыл соңына дейін жаңаратын кітапханалар санын онға жеткіземіз, – деді
Шыңғыс Жұмабекұлы.

402


Жаңартылған кітапханаларда 75000-ға жуық кітап бар. Жыл сайын жаңа 9000 туынды келеді екен. Кез келген оқырманның сұранысы қанағаттандырылады. Рухани орталықтарда жаңа оқу аймақтары,
кітап және оқырмандар залдары, «Art сommunity space» залдарының жаңа жұмыс жүйесі, кофехана
жұмыс істейді. Сонымен қатар қолөнер, сурет салу, шахмат сынды үйірмелер бар. Заманауи үлгідегі бұл
кітапханалар оқырманның көңілінен шығары сөзсіз.