Мұрат Дүйсенбекұлы шаһардың экономикалық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін кәсіпкерлерге ризашылығын білдіре отырып, жаңа кәсіпорындардың еңбек ұжымдарына табыс тіледі.
Жаңа өндіріс желілерін іске қосуға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорындарда 344 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Іске қосылған кәсіпорындардың арасында 6 жоба – индустриалды өндіріс орындары. Олардың ішінде металл және темір бұйымдары, корпусты жиһаз, автомобиль шиналары, халық тұтынатын тауарлар, жеңіл өнеркәсіп жобалары бар. Ал ауыл шаруашылығы саласында 5 жоба жұмысын бастады. Атап айтқанда, жылыжай шаруашылығы іске қосылса, мал шаруашылығында ірімшік және сүт өнімдері, минералды су цехтары, тауарлы сүт фермасы, мал шаруашылығы жобалары жүзеге асты.
Айта кету керек, қазіргі таңда өнеркәсіп саласында 700-ден астам кәсіпорын белсенді жұмыс істейді.
Өнеркәсіп саласының үлесі жалпы өңірлік өнім көлемінің төрттен бірін құрайды. Былтырғы қорытынды бойынша қаланың өнеркәсіп саласында 654,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Шымкент қаласының экономикасына 2,5 трлн теңгенің инвестициясы тартылса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асты.